- Advertisement -

Жас отбасылар шырша отырғызды

147

- Advertisement -

Соңғы уақытта көктемгі көгеріштендіру жұмыстарына атсалысу қоғамдық сипат алып келеді. Соның бір дәлелі ретінде облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасы «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен өткен «Біздің ағаш» атты аумақты абаттандыру және «Сиқырлы ағаш» атты ярнгбомбинг акциясын айтсақ болады.

Тараз қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің ауласына және «Жастар саябағында» шырша ағаштарын отырғызған жастар осы бастама арқылы өзгелерге қозғау салды. Бұл жолғы шараның бір ерекшелігі – облыстағы әр салада қызмет етіп жүрген жас отбасылардың тартылғаны. Он бес жас отбасы өздері отырғызған ағашқа есімдері жазылған тақтайшалар орнатып, су құйды. Акцияны ұйымдастырушылар осы арқылы қаламызды көгалдандыру, жасыл ағаштармен көркейту, өскелең ұрпақ бойында туған жерге, табиғатқа деген сүйіспеншілік сезімдерін арттыруға ықпал етумен бірге жас отбасылардың өзара жарасымдылығын паш етуді көздегендерін айтады.
– Бүгін біз өзіміз еккен ағашқа су құйып, күтімін жасадық. Жас шыбықтың тереңге тамыр тартып, өсуі үшін алдағы уақытта да мүмкіндігінше суғарып тұрамыз. Қазақ кез келген нәрсені жақсылыққа жорыған халық қой, біз де бүгін ырымдап, осы ағаш көшетімен бірге отбасымыздың да жайқалып, саялы, мәуелі әулетке айналуын тіледік. Бұйыртса, кейін ұл-қызымызға біз еккен тал деп көрсетіп жүреміз, – дейді Қарсабековтер отбасы. Ал Арықбаевтардың шаңырағы бұл шараның тәрбиелік мәні тереңде екенін тілге тиек етті:
– «Бір тал кессең, он тал ек», «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген аталы сөзді үлкендер жағы санамызға сіңіріп өсірді ғой. Әйтсе де қаланың күнделікті қарбалас тіршілігінде оған мұрша болмай кеткені жасырын емес. Бүгінгі бастама сол олқылықтың орнын толтыруға мүмкіндік берді. Бұл енді біздің отбасымыздың ағашы болады. Алдағы уақытта бұған басқа да жас отбасылар келіп атсалысса, өзгелерге өнеге, болашақ ұл-қыздарына тәлім болар еді, – дейді олар.
Ярнгбомбинг кезінде «Жібек жолы жастары» волонтерлері ағаштарды маталармен, ленталармен әсемдеп, шараның шырайын арттыра түсті.

Жанғазы Сембайұлы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support