- Advertisement -

Медицина құрылғыларында неге мін көп?

134

- Advertisement -

Метрологияның өлшем туралы ғылым екені көпшілікке мәлім. Бірақ бұл ғылымның күнделікті тұрмыс-тіршілігіңізге қатысы барын кейбіреулер ескере бермеуі мүмкін. Содан да болар, кейбір кәсіпкерлік нысандар көрсететін қызметтің қауіпсіздігі мен сапасына келгенде жұртты жаңылдырғысы келеді-ақ.

Әйткенмен азаматтардың мүдделерiн және экономикамызды өлшемдердiң терiс нәтижелерi салдарынан қорғау міндеті жүктелген Инвестициялар және даму министрлігі техникалық реттеу және метрология комитетінің облыстағы департаменті олардың адымын аштырмасы анық. Атап айтсақ, өлшеулердің күмәнді нәтижелерінен қорғау, Мемлекеттік рәміздерді өндіретін лицензиаттарының атқаратын жұмыстарын және сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу туралы заңнаманың сақталуын, сонымен қатар «Бағалы металдар мен асыл тастар туралы» Заң талаптарының орындалуын бақылайтын комитеттің аумақтық құрылымы өткен жылы метрологиялық талаптар мен міндеттерді бақылау мақсатында 45 субъектіге тексеріс жүргізіп, 14 бұзушылықты анықтаған екен. Нәтижесінде 5 миллионға жуық айыппұл өндіріліп алынған. Бастысы, қауіпсіздігі күмәнді 103 жарамсыз өлшем құралын қолдануға тыйым салынатын 14 ұйғарым шығарылыпты.
Негізі қазір Кәсіпкерлік кодексі талаптарына сай аталмыш департамент ішінара, жоспардан тыс және басқа да үлгідегі бақылауларды жүргізе алады. Ал тексерілетін субъектілерді тәуекел дәрежесіне жатқызу объективті және субъективті өлшемшарттар негізінде жүзеге асырылады. Сондықтан бүгінде олардың саны біршама азайған. Мәселен, 2016 жылы 56, былтыр 44 субъектіге ғана ішінара тексеріс жүргізілуі – соның бір көрінісі.
Мамандардың айтуынша, жаңа жүйе бойынша тексеріс орнында бақылау қорытындысымен заңнама талаптарының бұзылғандығы анықталса, ол субъектіге жоғары тәуекел дәрежесі беріледі екен. Ал бұл – осы нысанда келесі жылы да іріктелген тексеріс жүргізіледі деген сөз.
– Біз соңғы 7 жыл бойы жүргізілген тексерістерге сараптама жасап, тексеріс субъектілерін іріктеуде айқындылықты қамтамасыз ету үшін мәліметтер қорын құрдық. Ішінара тексеріс кестесін аталған қор негізінде жасадық. Оған техникалық реттеу және метрология саласында бұзушылық жасаған жеке және заңды тұлғалар кіреді. Олардың қатарында денсаулық сақтау, оқу орындары, кәсіпкерлік және тағы басқа нысандар бар, – деді комитеттің облыстағы департаменті басшысы Әлия Ахметова өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Департамент басшысының сөзіне сүйенсек, метрологиялық бақылау бойынша анықталған бұзушылықтардың басым бөлігін денсаулық сақтау саласының кәсіпорындары құрайды екен. Бұл – алаңдатарлық жағдай. Себебі адам өмірі мен денсаулығын сақтаудың, диагностикалау және ауруға қарсы алдын ала қолданылатын шараларды орындаудың негізгі факторы осы саладағы қолданыстағы медициналық техника мен өлшем құралдары көрсеткіштерінің нақтылығында.
Брифингте «Қазақстан стандарттау және сертификаттау институты» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Жамбыл филиалының директоры Асқар Мыңбаев стандарттау және менеджмент жүйелері бойынша облыста атқарылған жұмыстарға тоқталды.

Ардақ Үсейінова

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support