- Advertisement -

Іскер қария бизнес бастайды

128

- Advertisement -

Қоғамда аға толқынның да, кейінгі буын жастардың да өзіндік орны бар. Өскелең ұрпақ тәрбиесінде ақыл айтудан бұрын, өнеге көрсетудің жөні бөлек. Осы тұрғыдан алғанда жас жеткіншектерге үлгілі ісімен тәлім көрсететін өңірлік ардагерлер кеңесінің рөлі өте зор. Бұл туралы Тараз қаласындағы «Достық» үйінде өткен ардагерлер пленумында сөз болды.

Облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов, облыстық мәслихаттың хатшысы Бағлан Қарашолақов, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұратхан Шүкеев, облыстық кәсіпкерлер палатасының басшысы Мәріпбек Шәкербек қатысқан жиынға Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына биылғы Жолдауы мен «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуін жүзеге асыру барысында ардагерлердің кәсіпкерлікті дамытуға қосқан үлестері арқау болды.
– Елбасының ел мүддесін діттеп, ұсынған бастамаларының бірі шағын несие беруді көбейту арқылы өзін-өзі еңбекпен қамтыған және жұмыссыз тұрғындардың арасында жаппай кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған. Мемлекет басшысы бұл істі жүзеге асыру үшін Үкіметке ағымдағы жылы кәсіпкерлікті несиелендіруге бюджетте қарастырылған қаражатқа қосымша тағы да 20 миллиард теңге бөліп, шағын несиелердің жалпы сомасын 62 миллиард теңгеге жеткізуді тапсырып отыр. Мұның өзі еліміздегі, соның ішінде облыстағы шағын және орта кәсіпкерліктің кең қанат жаюына әрі осы үдеріске зейнеткер-кәсіпкерлердің де белсене атсалысуына игі ықпал етері даусыз. Жамбылдық ардагерлердің біразы осыған дейін де зейнет демалысына шықтым деп, қол қусырып қарап отырмай, өз ісін ашып, кәсіпкерлікпен айналысып келген. Ендігі көрсетілетін қаржылай қолдау оларға үлкен демеу болары анық, – деді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев.
Сонымен қатар облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы мемлекет қолдауымен несие алып, ісін дөңгелетіп отырған бірқатар ардагер-кәсіпкерлерді атап өтті. Мәселен облыс орталығына іргелес жатқан Жамбыл ауданындағы 4684 шағын және орта кәсіпкерлік нысанының шамамен оннан бірінің жұмысын ардагерлер жүргізіп отыр. Олардың 247-сі егін шаруашылығымен, 21-і мал өсірумен, 4-еуі азық-түлік және шаруашылық тауарларын сатумен, 4-еуі тұрғындарға тұрмыстық қызмет көрсетумен айналысуда. Ал 15 кәсіпкер егіншілік және мал шаруашылығы жұмыстарын ұйымдастырып жүргізуді қатар алып келеді. Олардың кәсіпкерлікке ден қойып, еліміздің әлеуметтік-экономикалық өрлеу үдерісіне іскерлік тұрғыдан үлес қосуы – өзге аудандар мен Тараз қаласына да ортақ тенденция екені сөзсіз. Сондықтан Еркінбек Бейсембекұлы атап өткендей, көпшіліктің ауылдық жерлердегі кәсіпкерлік қозғалысының кең қанат жаюына ықпал ететін ондағы жеке кәсіпкерлерге, шаруа қожалықтарына, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерге жеңілдетілген несие беру мәселесі тездетіп шешілсе деген тілегі бар.
– Зейнет жасындағы адамдарды жеке бизнес ашуға тарту әлемдік тәжірибеде бар. Біз әлеуетті идеялары мен жобалары бар азаматтармен ортақтаса жұмыс істеуге мүдделіміз. Бизнеспен айналысу үшін әйел азаматтарға – 58, ерлерге – 63 жас ең қолайлы шақ деп санаймын. Бұл – бейнеттің зейнетін көретін кез. Бизнесмендердің қатарын сондай-ақ құқық қорғау органдарының ардагерлерімен де толықтыруға болады. Бұл саланың адамдары басқаларға қарағанда орта жаста зейнеткер атанады.

2017 жылы «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының шеңберінде «Бастау» жобасы арқылы өңірдің 6 ауданынан 1125 адам оқып шықты, олардың қатарында 81 зейнеткер бар, – деді облыстық кәсіпкерлер палатасының басшысы Мәріпбек Шәкербек.

Жиында бірқатар кәсіпкер-ардагерлер облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан қомақты үлесі үшін облыс әкімінің және облыстық мәслихаттың Құрмет грамоталарымен, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының Алғыс хатымен, Орталық кеңестің, облыстық ардагерлер кеңесінің Құрмет грамоталарымен марапатталды. Күн тәртібінде Пленумда қаралған мәселе бойынша Үндеу қабылданып, бекітілді. Жаңадан Пленум мүшелері сайланды. Сонымен қатар ұсыныстар айтылып, көптеген мәселелер талқыланды.
Иә, облыстық ардагерлер кеңесі – көптеген қоғамдық шараларға атсалысып, өңірдің дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген бірегей ұйым. Кәсіпкерлікті дамытуда да олар кейінгі толқынға бас болып, ауқымды істер атқарып келеді.

Камила БОРАШОВА

Суретті түсірген
Ақәділ Рысмахан

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support