- Advertisement -

Үшжақты келісім — үлкен істерге сеп

107

- Advertisement -

Кез келген саладағы өнімді еңбектің бастауында адам тұрғаны ақиқат. Ал еңбек қатынастарындағы адам құқығын қорғау – жұмыстың жүйелі жүруіне бастайтын бірден-бір фактор.

Бүгінде аймағымызда жүздеген ірілі-ұсақты мекемелер қызмет етіп келеді. Оларда мыңдаған адам еңбек етіп, қызмет орындарының ілгері басуына күш салуда. Бұл тұрғыдан келгенде, ол еңбеккерлер құқықтарының қорғалуы мен әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерінің оң шешім табуы – сондағы кәсіподақтардың басты мақсаты. Демек, кәсіподақтар міндетін толық атқара білуі үшін жергілікті атқарушы органдармен және жұмыс берушілермен қарым-қатынас жасап, салиқалы диалог құра білуі қажет.

Осы мақсатта облысымызда әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үшжақты комиссия құрылған болатын. Кеше облыс әкімінің орынбасары Тимур Жанкенің төрағалығымен аталған комиссияның отырысы өтті. Жиынға мемлекеттік органдардың басшылары, кәсіптік одақтардың, облыстық кәсіпкерлер палатасының өкілдері қатысты. Отырысты облыс әкімінің орынбасары Т.Жанке ашып, күн тәртібіндегі мәселемен таныстырды.
– Өздеріңізге белгілі, 2018 жылдың 31 қаңтарында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі республикалық үшжақты комиссия отырысында Үкімет, жұмыскерлер бірлестіктері және жұмыс берушілер бірлестіктері арасында үшжақты Бас келісімге қол қойылды. Біз де бүгін Жамбыл облысының әкімдігі, «Жамбыл облысының Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі және Жамбыл облысының кәсіпкерлер палатасы арасындағы келісімге қол қою мақсатында жиналып отырмыз, – деді Тимур Амантайұлы.
Келесі кезекте «Жамбыл облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Төлепберген сөз алып, үшжақты келісімнің маңызы мен мүддесін түсіндіріп өтті.
– Аталған құжаттың бекітілуі – облыс әкімдігінің әлеуметтік серіктестікті дамытуға ерекше назар аударып отырғанының көрінісі. Келісім әлеуметтік-экономикалық саясатты жүргізіп, еңбеккерлердің лайықты еңбек шарттарын қамтамасыз ету үшін өзара жұмыс жасауды мақсат етеді. Сол себепті, ол Елбасының халыққа Жолдауларын, Еңбек кодексін және кәсіптік одақтар туралы заңнаманы ескере отырып әзірленген, – деді Мейрамбек Мылтықбайұлы.
Комиссия отырысы барысында жоғарыда аталған үш тарап өкілдері келісімге қол қойды. Жалпы, аталған үшжақты келісім 2018-2020 жылдарға арналған. Оның аясында қол қоюшы тараптар әлеуметтік серіктестікті дамыту, тұрақты экономикалық өсім мен адам капиталына инвестициялардың тартылуын қамтамасыз ету, әлеуметтік еңбек қатынастарын реттеу және өзге де бағыттар бойынша бірлесе жұмыс жасайды.
Сондай-ақ жиында алдағы уақытта құжат аясында тиісті басқармалар облыстық кәсіподақтар бірлестігі және облыстық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп іс-шаралар жоспары әзірленетіні белгілі болды.

Мұратхан Әлімхан

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support