- Advertisement -

Кие мен қасиеті қатар тұнған, Қашан да Астанаммен мақтанамын

202

- Advertisement -

Облыстық «Aq jol» газеті мен облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы бірлесе қолға алған «Арқа төсіндегі арман қала» атты Астананың 20 жылдық мерейтойына арналған газет-айтыс жалғасуда. Газетіміздің 20 ақпан күнгі №21 санында Сарысудың саңлағы Алик Бекмұсаев тізгінді қолға алып, екінші жұптың айтысын бастап берген болатын.
Енді, міне, оның қарсыласы, тараздық Райхан Алмасбекқызынан жауап келіп отыр. Алик ақынның қазақы қалжыңына үн қатқан Райханның да өз пайымы, танымы бар. Салмақты сөз, ұтымды оймен әдіптелген сөз барымтасын назарларыңызға ұсынамыз. Екі ақынның жазба айтысы бірінші айналымнан кейін қыза түседі деген ойдамыз. Жыр садағын асынған айтыс ақындарының қайсысы сүбелі сөз айтқанын өздеріңіз парықтай жатарсыздар, патша көңілді оқырман!

Тойына теберік қып Астананың,
Жөн болмас жырдан шашу шашпағаным.
Сарыарқа сауырынан қала салып,
Білеміз берекелі іс бастағанын.
Хан шатырын тіккен ед,
Абыройын
Әлемге әйгілі етіп бас қаланың.
Бейбітшілік ұялап ұясына,
«Бәйтерегім», білесіз, асқақ әнім.
«Әзірет Сұлтан» ұйытып ұлысымды,
Діңгегі боп дінімнің хаққа мәлім.
Өткізіп ЭКСПО-ны Елбасымыз,
Мерейін үстем етті жас қаланың.
Кешегі сал-серілер мекен еткен,
Шырқатқан шартарапқа мақпал әнін.
Тотыдайын түрленген ел ордасы,
Ұзатылған қызындай Ақмоланың.
Кие мен қасиеті қатар тұнған,
Қашан да Астанаммен мақтанамын.
Армысыз, Аликтейін асқаралым,
Қарындастың қараған қас-қабағын.
Әдемілеп, әдіптеп әр сөзіңді,
Майдай жақты демеймін мақтағаның.
Ол рас, бір кездері айтысқанмын,
Демеймін ел үмітін ақтамадым.
Түгел сөздің түбі бір филологпін,
Сонда да өлеңімді тастамадым.
«Мақсатым – тіл ұстартып, өнер шашпақ»,
Болам деген баланы жасқамадым.
Үйретуден жалықпай мен де келем,
Ұштаймын деп ұрпақтың ақ талабын.
«Ұстаздық – ұлы іс» деп Мұхтар айтқан,
Болашағы елімнің – баптағаным.

Шерімді шемен болған ақтарамын,
Жақтары көп қой, айтсам, лас қоғамның,
Үйлі болып ұямды кеңейткенмін,
Жағдайы болсыншы деп жас баламның.
Бала деген – ертеңгі ел тұтқасы,
Арманы – балалары, басты ананың.
Сөздің реті келгенде мен де айтайын,
Қорлығын көргендер көп баспананың.
Өз жерінде жүр қазақ өгей болып,
Үйін жалдап, жарымай басқалардың.
Берсін Аллам бәріне бауырымның,
Босағасы болып өз, бақ табар күн.

Қазақтай мәдениетті халық жоқ-ау,
Ардақтаған ақынын, жақсы адамын.
Сал Біржан Жетісуға іздеп барып,
Сарадайын айтыстың ақ маралын.
Айтыстың тарихында қалып еді,
Теңсіздіктің талқандап тас қамалын.
Елден жинап мен жайлы дерегіңді,
Жөн болмады әдептен аттағаның.
Рухани жаңғыруың сол емес пе?!
Біржанға ұқсап өзің кеп, хат-хабарын,
Қарындастың білсеңіз болмас па еді?!
Ажыратып арасын ақ-қараның.
Жағдайымды шын біліп, жеңешеммен,
Келсеңіз шай берер ем ақ самаурын.

Намысыңды емес бұл таптағаным,
Шоу жағалап кетті ғой жас та кәрің.
Қасыңа ертіп алып екі әншіңді,
«Қарағанды, Атырау, Ақтаудамын»,
Деп жүрсің күнде ұшып
Жақсылардың,
Тойларын дүрілдетіп, баптаулы әнің.
«Рухани жаңғырғаның» көрініп тұр,
«Қалаулымды» қолдап шын жақтағаның.
Шым-шытырық шоу көріп шатастың-ау,
Болмады ма, Бекмұсаев, басқа амалың?
«Қалаулымда» кімдер жүр алдап-арбап,
Шешіндіріп, шешкен соң ақша бәрін.
Эфирден алынсын деп арда қазақ,
Құлағына құйып жүр қасқалардың.
«Фб», «инста» өсекші жұртқа жайды,
Пікіріңді желіде тастағаның.
Ұрпаққа үлгі болар сіздер мен біз,
Қырау шалып тұрған соң ақ самайың,
Селтеңдейді кемпір-шал тойда қызып,
Күлкісіне қап жүр ғой жас баланың.
Тойды тәрбие-үлгі етіп, асаба боп
Жасап жүрсің қандай бір нық қадамын?
Осылай ойластыру керек-ау бір,
Рухани жаңғырудың басқа жағын.
Сарысудың серісі, сөз сүбесін
Ұсыныңыз соғымдай сақтағаның.
Кезегіңді ал, осымен, ақтабаным.

(Алик Бекмұсаевқа жауап)

Тараз қаласы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support