- Advertisement -

Түйіні шешілмеген түйткіл көп

140

- Advertisement -

Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарына сәйкес облыс орталықтарында және республикалық мәнге ие қалаларда азаматтардың тиісті бюджеттік жобаларын талқылауға қатысуының тетіктері іске қосылғалы екі жылдан асты. Нақтырақ айтсақ, барлық деңгейде қоғамдық кеңестер құрылып, жергілікті атқарушы билікке жаңа құрылым алдында мемлекеттік бағдарламалардың қалай орындалып жатқаны туралы есеп беру міндеттелген еді. Осы талапқа сай өңір басшысы Асқар Мырзахметов кеңес мүшелерімен кездесті.

Бұл жиынды есеп беру емес, кездесу деп атауымыздың өзіндік мәні бар. Бірер күн бұрын ғана облыс әкімі өңір тұрғындары алдында атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлары туралы есеп берген болатын. Сондықтан осы жолы кеңес мүшелері алқалы жиындағы баяндаманы негізге ала отырып, Асқар Мырзахметовке нақты ұсыныстарын жеткізуді жөн көрген екен. Формальды формадан қашып, сұрақ-жауаппен өрбігендіктен де көп мәселе қамтылды. Облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Жандар Кәрібаев жиында бірқатар азаматтың сөз сөйлеуге жазылғанын атап өткен еді. Бірақ олардың әрқайсысы бірнеше мәселе көтерді, бір сауалмен шектелгендері аз.
Асқар Исабекұлы бірден 4 мәселені қозғап, өзінен осы түйткілдерді назарға алуды сұранған кеңес мүшесі Қайрат Шотбақовтың ұсыныстарының өзектілігіне мән берді. Өңір басшысы облыс орталығындағы «Таразэнергоорталығының» толық қуаты пайдаланылмай отырғанына, қазіргі таңда бұл мекеменің жекешелендіру тізімінде тұрғанына тоқталды. Қайрат Шотбақов атап өткендей, инвесторларды тарта отырып, энергоорталықты модернизациялау маңызды. Алайда, аймақ басшысы айтқандай, жекешеге өткен жағдайда салынған инвестицияны өтеу үшін кәсіпкерлер тарифті көтеретіні анық. Ал бұл тұрғындардың қалтасына салмақ түсіреді. Сондықтан мұның екі тарапқа да ортақ шешімін тапқан жөн.
Асқар Мырзахметов Қайрат Шотбақовтың қант өндірісін арттыру үшін шикізат өнімі көлемін ұлғайту бағытындағы ұсынысына да талдау жасай отырып, жауап берді. Аймақта гидромелиорация жүйесін жаңартуда ескі тоғандарды қалпына келтіру және суармалы жерлердің көлемін жаңа технологияның көмегімен ұлғайтудың маңыздылығын түсіндірді. Сондай-ақ жиында көтерілген сұраққа орай облыстық білім басқармасына жамбылдық жас дарындарды қолдау мақсатында тағы бір «Дарын» мектебін ашу жолын қарастыруды, «Тараз-Арена» спорт кешенінің артықшылықтарын пайдаланып, халықаралық деңгейдегі жарыстарды көптеп өткізіп, нысанды әрі қарай жаңғырту мәселесін жан-жақты зерделеуді тапсырды. Бір айта кететіні, дарынды жеткіншектерге арналған мектеп-интернат облыс орталығынан емес, енді ауылдық жерде ашылуы мүмкін.
Облыстық қоғамдық кеңестің хатшысы Сембек Сейдәзімов жергілікті полиция қызметінің жұмысын жетілдіру үшін бос тұрған штаттық бірліктерді толық пайдалануды ұсынды. Бірақ жұмыстың ауыртпалығына қарай, жастарды жұмысқа тарту мүмкін болмай тұрғанын жеткізді. Сондай-ақ мемлекеттік қызметке келген жас мамандарға қолдау көрсету қажеттігіне назар аударды. Асқар Исабекұлы бос вакансияларды толтыру және қажет болған жағдайда қосымша қаржы қарастыру керектігін ескертті. Жас буын мәселесіне қатысты ой қозғады. Өңір басшысының сөзімен айтсақ, нәтижелі жұмыспен қамтуда «Жастар тәжірибесімен» келген мамандардың жалақылары жергілікті әкімдік бюджеті есебінен қарастырылған. Турасын айтсақ, қазір мекемелер тегін жұмыс күшін пайдаланып отыр. Есесіне, есепті мерзім аяқталғанда басшыларға сол жастарды жұмысқа алуды міндеттеу артық емес. «Облысымыздағы жоғары оқу орындарын жылына қанша жас қызыл дипломмен бітіреді? Олар оқу біткен соң қайда кетіп жатыр? Соны зерделеп, мүмкіндігінше алғыр жастардың білімін аймақ экономикасын көтеруге пайдалану керек», – дейді Асқар Мырзахметов.
Жиында «Талап» шаруа қожалығының төрағасы Мауыт Фазулов биыл Байзақ ауданының шаруалары 2 мың 300 гектарға тәтті түбір өсіруді жоспарлап отырғанын, жалпы облысымыз межені 11 мың гектарға жеткізуді көздейтінін айтып, көктемгі егіс науқанына қажетті техника жетіспейтінін сөз етті. Бұл түйткілге қатысты өңір басшысы өз шешімін жеткізді. «Проблема – айтумен шешілмейді. Оны ауыл шаруашылығы басқармасы әзірлейтін картаға енгізіп, қай деңгейде шешуге болатынын нақтылау қажет», – дей келе, техника мәселесін күзге дейін біржақты етуді тапсырды.
Облыста өз ісін ашқан кейбір азаматтардың салық төлеуден жалтарып, заң талаптарын орындамай келе жатқаны жасырын емес. Соның бірқатары «Ауыл-Береке» базарындағы саудагерлер екені де бұған дейін талай айтылған. Жиында осыны қайта көтерген «Әнел» сауда кешенінің директоры Әбдірахым Едігеев «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның облыстық филиалы тұрғындарға ұсынатын қызметінің құнын 30 пайызға көтеріп жібергенін жеткізді. Оның айтуынша, былтыр Астана қалалық соты акционерлік қоғамның ісін қарап, 9 облыстың тұрғындарынан негізсіз алған ақшасын қайтарып беру туралы шешім шығарған. Тоғыздың біреуі – біздің облыс. Алайда олар қаржыны әлі қайтармай отыр екен. Асқар Мырзахметов тиісті сала басшыларына осы мәселелерді бақылауға алып, нақты нәтиже шығатындай жұмыс жүргізу керектігін ескертті.
Бұған дейін қоғамдық кеңес отырыстарында талай мәрте көтеріліп, тиісті мекемелерге ұсыным берілгенімен, жауапсыз қалған мәселенің бірі – бұрын істі болғандарды жұмыспен қамту әрі қоғамға қайта кедергісіз араласып кетуі үшін арнайы орталық құру ісі. Облыстық «Азаматтық Альянс Ассоциациясы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Зайтжан Юлдашев «Жамбыл ауданы Айша бибі ауылындағы бос тұрған нысандардың бірін қайта жарақтандырып, мүмкіндігі шектеулі жандарды сауықтыру орталығын ашса» деп өтініш жасағалы да біраз болған. Жиында осы ұсыныстар тағы айтылды. Облыс әкімі мүмкіндігінше жолын қарастыруды міндеттеді.
Қоғамдық кеңестің мүшесі Исламбек Дастан да бірнеше мәселені көтеріп, Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жай-күйін қозғады. Әсіресе Т.Рысқұлов ауданындағы орталықтың тар ғимаратта орналасқанын, Қордай ауданына бір орталық аздық ететінін айтты. Сонымен қатар тегін дәрі-дәрмектердің қолжетімсіздігін айтып, Тараз қаласындағы автобекеттердің рөлін атқарып тұрған ретсіз тұрақтарды сөз етті. Айтылған жайттарға байланысты жауап беріп, бұл түйткілдермен жақсы таныс екенін жеткізген Асқар Исабекұлы бірер күнде қара түтінге көміп, қаланың ауасын ластап жүрген автобустарға қатысты рейд жүргізілетінін, арнайы топ 4 газоанализатормен жабдықталғанын мәлімдеді.
Жиында Шу аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы Ерболат Досымбаев, Тараз қалалық қоғамдық кеңесінің төрағасы Қаржаубай Бекболатов сөз сөйлеп, бірқатар мәселелерді тілге тиек етті. Ал облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Әлібек Әмзеұлы өңір басшысынан облыс, ауданның Құрметті азаматы атағын беру талабын күшейтуді сұрады. Сондай-ақ басқосуда қозғалған мәселелердің бұған дейін де талай айтылғанын, шешімін таппаған соң, қайталанып жатқанын айтып өтті.
Негізі қоғамдық кеңестерге мемлекеттік органдардың бюджеттік бағдарламаларының жобаларын және олардың орындалуын, стратегиялық жоспарларды, аумақты дамыту бағдарламаларын талқылау құзыреті берілген. Олар өздеріне жүктелген міндеттер бойынша атқарушы органдардың есептерін тыңдап, ұсынымдық сипатта шешімдер шығаруы тиіс. Ал ол шешім атқарушы билік тарапынан бақылауға алынуы керек. Сондықтан облыс әкімі орынбасарларына осы жиында көтерілген мәселелердің толық шешімін тауып, тиісінше жауап беруді тапсырды. «Біз бұған дейінгі жиындарда айтылған ұсыныстар мен сұрақтардың неліктен қадағалаусыз қалғанын анықтауымыз керек. Сонда қордаланған проблемалар азаяды», – деді Асқар Мырзахметов.

Ардақ Үсейінова

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support