- Advertisement -

Кәсіподақ ұйымында өзгерістер күтілуде

189

- Advertisement -

Тәуелсіздік жылдарында кәсіподақтар ұйымы қалай дамыды? Ұйымның әр өңірдегі филиалдары қандай шаруамен айналысуда? Олар жұмысшы мен қызметкердің құқықтарын қорғауға мүдделі ме? Жұмыс берушілер жұмыс уақытын ұзартса, жалақысын қысқартса немесе әлеуметтік жауапкершіліктерден жалтарса, қызметкерлер құқықтарының қорғалуын талап ете ала ма?

Осы мәселелер республикалық кәсіподақтар федерациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайым, мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төрағасы Мирболат Жақыпов қатысқан жиында кеңінен сөз болды.
Басқосуда Бақытжан Әбдірайым кездесудің мәні мен мақсатын түсіндіріп, жаңадан сайланған «Жамбыл облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Төлепбергеннің жұмысына сәттілік тіледі.
Бүгінде ел арасында кәсіподақ жұмысы туралы біржақты пікір қалыптасқаны жасырын емес. Көпшілік мұндай ұйымдарды жылына бір алатын еңбек демалысы кезінде санаторийге жолдама беретін мекеме деп қана біледі. Бұл туралы ашық айтқан Бақытжан Әбдірайым ұйымның тәуелсіздік жылдарында ісі алға баспай, тоқырап қалғанын да жасырған жоқ.
– Қызметкер құқығы қорғалуы үшін біз құқықтық сауаттылығымызды көтеруіміз керек. Өйткені барлық қордаланған мәселенің шешімі осында. Еңбек кодексін жақсы білу үшін оны жақсы түсіндіре білетін мамандар болғаны жөн. Ұжымдық келісімшартты қалай пайдалану қажет. Оның пайдасы қандай, екіжақты келісімшарт жасалу үшін қандай талап қойылғаны дұрыс, міне осының бәрін сіздерге ғана емес, жұмыс берушілерге де үйретуге тиіспіз. Алдағы уақытта әр өңірдегі білікті мамандардың басын қосып, семинар-тренингтер өткізетін боламыз, – деді Бақытжан Жарылқасынұлы.
Жиында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев, мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы облыстық филиалының төрағасы Оңласын Есіркепов және облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Гүлдара Нұрымова баяндама жасап, ұсыныс-пікірлерін айтып, федерация төрағасының жұмысына сәттілік тіледі.
Шара барысында бірқатар азаматтың аумақтық кәсіподақ саласында атқарған еңбегі ескерілді. «Қазфосфат» ЖШС бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Әбілхан Дауленов және «Жамбыл-Жылу» бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Ришат Аманжолов республикалық кәсіподақтар федерациясының «Еңбек ардагері» төсбелгісімен, Шу аудандық пошта байланыс торабының басшысы Жексенбай Сүлейменов «Кәсіподақтарға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, облыс әкімдігі қаржы басқармасы бастауыш ұйымының төрайымы Айнұр Тасқынова Құрмет грамотасымен марапатталды.

Камила Борашова

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support