- Advertisement -

Әлемді ізгілік қана нұрландырады

125

- Advertisement -

Абай ауылдық округіне қарасты Еңбекші және Көкарық елді мекендері аудан орталығы – Құлан ауылына жақын орналасқан. Олардың тағылымды да бай тарихы бар. Тұрғындар, әсіресе 2003 жылы болған жойқын зілзаланы әлі күнге ұмытпайды. Одан осы қос елді мекен қатты зардап шекті. Көптеген үйлер тұруға жарамсыз болып қалды. Мемлекет көмегінің нәтижесінде бүлінген баспаналардың орнына қысқа мерзімде еңселі де кең жаңа үйлер салынды. Елді мекендер жаңа келбетке ие болды.

Бүгінде Абай ауылдық округіндегі ауылдардағы 383 отбасында 2137 адам тұрады. Тәуелсіздік жылдары тұрғындардың тұрмысы түзелді, қорасы малға, қамбасы астыққа толды. Бірқатар халыққа қызмет көрсететін заманауи үлгідегі әлеуметтік нысандар салынды. Қазір округ аумағында 1 орта мектеп, 1 кітапхана, 1 пошта және дәрігерлік амбулатория жұмыс істейді. Тұрғындардың дені егін және мал өсірумен шұғылданады. Округте 59 агроқұрылым тіркелген, олардың иелігінде 28647,5 гектар жер бар. Оның егістігі 4304, суармалысы 363 гектар көлемінде. Өткен жылы шаруашылықтар егіншіліктен тәп-тәуір өнім жинаған.
Мал басын өз төлі есебінен көбейтуде де елеулі нәтижелерге қол жеткізілуде. Қазір мұнда 1603 ірі қара,16325 уақ мал, 500 жылқы және 3293 бас құс бар. Жеке кәсіпкер Ардақ Әуезбековтің ұйымдастыруымен округте отыздан астам жеке тұлғаның бірігуімен екі ауыл шаруашылығы кооперативі құрылыпты. Олар мал өнімдерін өндірумен және жүн-тері қабылдаумен айналысады. Кооперативке мүше азаматтар «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» мекемесінен жеңілдетілген несие алып, жұмыстарын жүргізуде. «Бірлескен істе береке бар» демекші, олардың жұмыстары дұрыс жолға қойылып келеді.
Ауылдық округте жұмыссыздықты азайту мен жаңа жұмыс орындарын ашуда елеулі шаралар қолға алынуда. Өткен жылы 10 адам уақытша жұмысқа тартылған. Бес адам тұрақты жұмысқа қабылданыпты. Өздерін-өздері жұмыспен қамтыған азаматтарды ынталандыруға ерекше көңіл бөлінуде. Былтыр округте облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, 69 миллион теңгеге жаңа амбулатория үйі салынды. Мұның өзі мекемеде 10 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді. Жергілікті тұрғындар енді емделу үшін алысқа сабылмайтын болды.
«Ауылына қарап азаматын таны» демекші, ауылды көркейту, санитарлық тазалықты сақтау, сәулеттік келбетін жақсарту – күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі. Өткен жылы округте ұзындығы 921 метр Жастар көшесіне шағал төселген. Сондай-ақ 187 метр жерге аяқ жол жасалып, Қ.Сәтбаев көшесінің бұрылысына құм төселген. Былтыр көктемде 350 түп түрлі ағаш көшеттері отырғызылып, 2300 тал-дарақ бұталып, әктелгені, көшелердегі 450 электр бағанының сырланғаны да айтуға тұрарлықтай. Ең бастысы, жергілікті тұрғындар бойында әсемдікке, тазалыққа деген ұмтылыс бар.
Осы округтің тумасы, бұрын ауданда түрлі басшылық қызметтер атқарған Мұрат Арыстанбековті ауылдастары аттай қалап, осыдан төрт ай бұрын өздеріне әкім етіп сайлапты.
– Бұл маған үлкен жауапкершілік жүктейді. Ауылдастарымның сенімін ақтауға бар күшімді саламын, – дейді М.Арыстанбеков.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында ілкімді азаматтарды туған жерлерін түлетуге шақырғаны белгілі. Ұлтымыз табиғи болмысынан қайырымдылық қасиетке бейім. Ауылдық округте де әлеуметтік тұрмысы төмен отбасыларына тұрақты көмектесіп тұратын азаматтар бар. Солардың қатарында жеке кәсіпкер Әлихан Бәрменқұловтың есімі ерекше құрметке лайық. Ол мешітке бейнебақылау қондырғысын орнатып, Қарттар күнін атап өтуге демеушілік жасаған.
Округтегі елді мекендердің «көгілдір отынмен» қамтылғанына біраз болды. Алайда тұрмысы төмен үш отбасы үйлеріне газ құбырын тарта алмай отыр еді. Әлихан ауыл әкімінің ұсынысымен жоғарыдағы үйлерге газ кіргізіп беруде.
– Табиғи газға қол жеткізе алмай қиналып отыр едік. Әлихандай қайырымды азаматтың бізге көмекке қол созғанына алғысымыз шексіз. Әлемді ізгілік қана нұрландырады деген осы, – дейді ауыл тұрғыны Айгүл Жанбосынова.
Сондай-ақ тұрғындар мектеп пен оқушыларға,жекелеген азаматтарға тұрақты қаржылай көмек көрсетіп жүрген ауыл азаматтары Төленді Көпбаевтың, Айгүл Айхожаеваның, Абдуллахамит Нұрпейісовтің және Гауһар Қыдырованың есімдерін ерекше құрметпен атайды.

Ақылжан Мамыт

Т.Рысқұлов ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support