- Advertisement -

Ой азаттығы үшін жасалған қадам

125

- Advertisement -

Біз тәу етер тәуелсіздікке қол жеткізген сәттен бастап дамудың дербес жолын таңдадық. Ширек ғасырдан сәл ғана астам, тарих үшін тым қысқа мерзім бедерінде азаттықты ту еткен қазақ елі қай салада болсын өсуді, өркендеуді басты мақсаты етті. Осы тұста Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясаткер, салиқалы көшбасшы екенін айтпай кетуге болмас. Мемлекет басшысы қай кезде болсын тығырықтан шығатын жолды дәл тауып, қазақ халқының көшін бастады. Туымыз әлемдік деңгейде биікте желбіреп келеді. Сол үшін де біз Құдайға шүкіршілік етуіміз керек. Нұрсұлтан Әбішұлы латын графикасына негізделген қазақ әліпбиіне көшу керектігін о баста ойлағаны баршамызға мәлім. Дегенмен алағай-бұлағай кезде халқының әл-ауқатын арттыруды көздеген кемеңгер көшбасшы «алдымен экономика, одан кейін саясат» ұстанымын берік ұстанды. Мемлекет басшысы 2012 жылдың желтоқсан айында жария еткен «Қазақстан – 2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында да «…2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керек» – деп мәлімдегені баршамыздың жадымызда жаңғырып тұр. Осының бәрін ой таразысынан өткізіп парықтасақ, қолға алынып жатқан латын графикасына негізделген әліпбиге көшу реформасы уақытпен үндес екенін түсінеміз.

Уақыт шіркін құстай жүйрік қой. Сен өзгермесең, сені өзгертеді. Сол себепті, еліміздің латын графикасына негізделген қазақ әліпбиіне көшу қажеттілігін бүгінгі күннің өзі талап етіп отыр деп айтуға толық негіз бар. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы жарияланған кезден бастап, қазақ әліпбиін латын графикасына негіздеу мәселесі қоғамда кеңінен талқыға түскені баршамызға мәлім. Бұл мәселені біз тұтас ел болып, жан-жақты ой елегінен өткіздік, талдадық, таразыладық. Әр саланың мамандары өз пікірлерін ортаға салып, мемлекет үшін маңызды істен шет қалмауға барынша құлықты болды. Бұл әлбетте баршамыздың көкейімізде қуаныш отын маздатты. Мұның өзі біздің қасиетті Отанымыздың зайырлы мемлекет екенін айғақтай түссе керек-ті.
Алыстан сағымдай селдіреген тарих парақтарына ден қойсақ, онда да латын графикасының қолданыста болғаны аңғарылады. Анығырақ айтсақ, 1929-1940 жылдар аралығында латын графикасына негізделген әліпби жазу жүйесіне енгізілді. Мұның өзі аталмыш графиканың бізге соншалықты таңсық емес екенін айғақтаса керек. Әрине, қызыл империя қаһарына мінген шақта аталған жазу үлгісінің ғұмыры ұзаққа созылған жоқ. Десе де алаш ардақтылары мақұлдаған жазу үлгісін бүгін қайта жаңғыртқанның ешқандай сөкеттігі жоқ.
Латын графикасына негізделген қазақ әліпбиінің соңғы мақұлданған жобасы туралы да әртүрлі пікірлер айтылып қалып жатады. Кейбір білетіндер осы жобаның өзіне аз-кем өзгертулер мен толықтырулар енгізілуі ықтималдығын жасырмайды. Оның бәрі сөзсіз уақыттың еншісінде екені белгілі. Ең бастысы жаңа әліпбиге көшу жөнінде нұсқау берілді. Бұл біздің басты жеңісіміз екені ақиқат.
Тәуелсіз Қазақстанның дамудың жаңа бір белесіне латын графикасына негізделген әліпбимен аяқ басуға талпыныс танытып отырғаны зиялы қауым өкілі ретінде бізге ерекше серпіліс береді. Өйткені біз ғаламдық үрдістер мен үдерістерден шеткері қалмауымыз қажет. Бүгінгі таңда латын графикасына негізделген әліпбиді жер шарының көптеген мемлекеттері қолданатыны – аталмыш жазу үлгісіне сенгені. Сол арқылы латын графикасы әлемдік өркениетпен біте қайнасып жатыр. Біз де ғылым мен білім тұрғысынан өсуді, өркендеуді мақсат етсек, жаңа технологиялар дәуірі туған шақта жаңалықтардан құр қалмаймыз десек, осы реформаны қолдауға тиіспіз.
Қандай жас мемлекет болса да, алдымен айналасына қарайды, жақсы дүниелерді бағдарлайды, сараптайды. Әлемде орын алған, орын алып жатқан саяси-мәдени, ғылыми, инновациялық жаңалықтарды ой зердесінен өткізеді. Біле білсек, жаһандану дәуірі ешкімнің басынан сипай қоймасы аян. Сондықтан біздің бәріне әзір болуымыз шарт. Ал латын графикасын таңдау арқылы біз рухани тұрғыдан өркендеудің жаңа сатысына өтетін боламыз.
Өсетін ел бір күнін емес, келешегін ойлайды. Өйткені тумысынан данышпан қазақ халқы «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген сөзді ілгеріде текке айтпаған. Сондықтан да ұлт болашағы, жас буынның кемел келешегі үшін баршамыз жауаптымыз. Латын графикасына негізделген қазақ әліпбиі – сол жастарымыздың жарқын болашағы үшін жасалып отырған игі қадам. Осыны әрдайым қаперде ұстаған ләзім.
Жалпы жаңа графикамен тамырлас әліпби бізге несімен тиімді болады? Ол жаңарған елдің нышаны ретінде көнені келмеске келтіріп, сананы сілкіндіріп, жадымызды жаңғыртып, тіліміздің тазалығы мен тәуелсіздігін нығырлайды, мәдени тұтастықты орнықтырып, ақпарат кеңістігін дербестікке жетелейді. Задында біз мұның бәрін бұрыннан аңсадық, қаладық емес пе? Ал тәуелсіз Қазақстанның басты мұраты әлемнің дамыған 30 елінің қатарынан көріну екенін ескерсек, латын әліпбиі бізді сол үздіктер қатарына жетелейтін қосымша күш, құрал болатынын сезінеміз.
Жан-жағымызға көз тіксек, көптеген бауырлас мемлекеттердің осынау жаңа графикаға негізделген әліпбиге ертерек көшкенін байқаймыз. Әрине, кейбірі тәуелсіздіктің елең-алаң шағында тәуекелге бел буып, іске бірден кірісті. Дегенмен оларда бірқатар кемшіліктер орын алғаны бәрімізге мәлім. Асығыс тірлік қашанда кемшіліксіз болмайды. Ол шығынға ұшыратуы ықтимал. Әйткенмен Қазақстан бұл іске байыпты байлам, терең ізденістер нәтижесінде қадам басқалы отыр. Ғалымдарымыз «бір қолдың саласындай, бір атаның баласындай» бірігіп, мемлекет үшін маңызды қадамға жұдырықтай жұмылып еңбек етуде. Демек, біздің ел тарапынан бұл қадамға дайындық ерте бастан басталды деуге толық негіз бар. Енді осы істі сәтімен жүзеге асыратынымыз анық.
Ештеңе бір орнында тұрмайды. Сондықтан Елбасы бұл баянды іске саналы түрде елін бастап отырғаны айқын. Білікті, көреген басшысы бар мемлекет ешқашан сан соғып қалмайтыны сөзсіз. Латын графикасына негізделген қазақ әліпбиіне 2025 жылдан бастап толықтай көшетініміз даусыз. Оған алғышарттар да жасалып қойды. Үлкендер жағына қиын болады деген даурықпа сөзді өз басым қабылдай алмаймын. Қай кезде, қай жаста болса да адам баласы ерінбесе, жалқаулыққа бой алдырмаса, үйренбейтін дүниесі, меңгермейтін ісі болмайды. Біз де күні ертең-ақ латын жазуын жылдам игеріп кетуге қабілеттіміз. Бұл біздің санамыздың дербестігі, ойымыздың азаттығы үшін жасалып жатқан игі қадам екені талас тудырмайды.

Шырын Мамасерікова,
ақын

Меркі ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support