- Advertisement -

Жүректесің, асыл ұстаз, жан ана

215

- Advertisement -

Өмір-керуен ұзақ секілді көрінеді. Бірақ, тым қысқа екенін байқамай, алтын уақытты қадірлей бермейтініміз қандай өкінішті. Қысқа ғұмырда артына із қалдырып үлгеретін, кейінгіге тағылым тастап кететін жандар бар. Солардың бірі – облыстың бірқатар аудандарында ұстаздық еңбек еткен Рая Жантаева болатын.

Ұстаздың өз шәкірттерінің жүрегіне қалай жол тапқанын мына бір оқушы қыздың хатынан-ақ аңғаруға болады
«Сәлематсыз ба, Рая әпкей! Қалыңыз қалай? Біз сізді өте қатты сағынып жүрміз. Шіркін-ай, Рая әпкей біздің мектепке қайтадан келсе ғой деп армандаймыз. Ата-анам да сізді жиі айтып, құрметтеп отырады. Әпкей, біз биыл оныншы сыныптамыз. Мектеп бітіретін жылымыз. Дәл осындай толғанысты сәтте сіздің ақылыңыз, жанашырлығыңыз керек еді. Ортамызға сіз жетіспей жүрсіз. Өткенде 8-сыныпта оқитын Өтепбергенова деген қыз залда ілініп тұрған сіздің суретіңізге қарап: «Қайран, Рая әпкейім-ай, қайда жүр екенсіз?» – деп қалды. Бәріміз сол сәтте көзімізге жас алдық. Бұл сізге деген шексіз сағыныш қой. Сау болыңыз! Егер кенеттен біздің мектепке қайта келсеңіз, шексіз қуанар едік. Сәлемнен оқушыңыз, Гүлназ Есенқұлова» деп жазған екен оқушы.
Бұл хат 1989 жылы жазылыпты. Ол кезде Рая Ардақбайқызы Байзақ ауданындағы Қазақстанның 40 жылдығы атындағы орта мектептен (осында 12 жыл ұстаз болған) отағасының қызмет жағдайымен Мойынқұм ауданына ауысып кеткен болатын. Хатты жазып отырған қыз – сол Байзақ ауданындағы мектептің оқушысы.
Рая Жантаева Мойынқұм ауданында туып-өсті. Мектеп бітірген соң, бірер жыл білім ошағында аға тәлімгер болады да, Алматыдағы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының қазақ тілі мен әдебиет факультетіне оқуға түседі. Ұстаздық еңбек жолын Мойынқұм ауданындағы Кеңес орта мектебінде қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі болып бастаған.
1976 жылы отағасы Бөкейхан Зәуірбековтің қызмет жағдайына қарай Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылына көшіп келеді. Бөкең аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінде бас маман болады да, Рая аудан орталығындағы Қазақстанның 40 жылдығы атындағы орта мектепте қызметін жалғастырады. Осы жылдар Раяның өз мамандығы бойынша тәжірибе жинаған, толысқан, жетілген шағы еді. Аз уақытта аталған мектептің үздік ұстазына айналып, шәкірттер жүрегіне жол таба біледі. Мұнда Науат Омарова, Мәдина Омарова, Шоқан Қуатбекова, Ғанижамал Рахимова, Фатима Зәуірбекова, Райша Бәйтікова, Гуля Көпбаева, Салиха Назарова сияқты білікті мамандармен бірге еңбек етті. Осы білім ошағында ұстаздық етіп жүргенде «Қазақстанның білім беру ісінің үздігі» атанды.
«Біз Раямен ұзақ жыл бірге еңбек еттік. Озат, жұмысына жауапты болатын. Білім беру ісінің үздігі атанған қуанышты сәтіне куә болып, Рекеңмен бірге қуанғанбыз. Отбасымызбен араластық. Жолдасы Бөкейхан да өте жақсы адам еді. Баласы Талғат менің сыныбымда оқыды. Бөкейхан мен Раяны ел мақтайтын. Жатқан жерлері жайлы болғай! Мұндай кісілердің ұлағаты ұмытылмайды», – деп еске алады ардагер ұстаз Науат Омарова. Аталған мектеп-гимназияның бейнелеу пәнінің мұғалімі Рая Қосмұратова 1982 жылы Сарыкемерге жас мұғалім болып келгенде Рая Ардақбайқызымен бірге еңбек еткенін, ол кісіден үйренгені көп екенін айтады. «Рая әпкей маған сабақ берді. Біз апайдың алғашқы сабағынан-ақ оның нағыз мұғалім, оқушы жанын түсінетін жан екенін таныдық. Қазір апайдың жолын қуып ұстаз болып жүрміз», – дейді мектептің 1979 жылғы түлегі Гүлнар Әйтімбетова.
Қазір бұл білім ошағы №1 мектеп-гимназия деп аталады, 1700-дей бала оқиды. «Жақында мектебіміздің 80 жылдық мерейтойы аталып өтеді. Осыған орай арнайы кітап жазылуда. Одан бөлек демеушілердің көмегімен 6 кабинетті жөндеп, оған 6 ұстаздың атын бермекпіз. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясындағы міндеттерде де білім ошақтарына қолдау көрсету ерекше айтылады. Мәселен, Рая Жантаева атындағы кабинетті оның ұлдары, ұрпақтары жөндеп жатыр. Бұл – Рая Ардақбайқызының есімі мәңгілік сақталады деген сөз», – дейді аталған мектеп-гимназияның директоры Гүлмира Есентаева.
Жұбайы Бөкейхан Зәуірбеков Мойынқұм ауданындағы Бірлік ауылдық округінің әкімі қызметіне ауысып, осында табан аудармай он жыл жұмыс істеген кезде Рая Ардақбайқызы Қ. Рысқұлбеков атындағы орта мектепте мұғалім болып, зейнетке шығады. Екеуі 6 ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Рая Жантаева 1997 жылы 56 жасында, Бөкейхан Зәуірбеков 1998 жылы 59 жасында өмірден озды. Бұл өмірде кімнің бауыры бүтін дейсің, екеуінің үлкен ұлы Марат пен қыздары Зәуре де бұл күнде бақилық болған. Баршасының жатқан жерлері жайлы, жандары жәннатта болғай!
Шүкір, екі жақсы Бөкейхан мен Раяның тәрбиесін алған өнегелі перзенттері де баршылық. Талғат – қалалық «Жасыл Тараз» мекемесінде құрылыс бөлімінің, Қайрат – «Тараз былғары аяқ киім» комбинатында құрылыс учаскесінің басшысы, Нұрхат – кәсіпкер, ал Нұржан болса құқық саласында лауазымды қызметте. Еліне, өңірге адал қызмет еткен олардан 11 немере, 5 шөбере тарап отыр. Рая Ардақбайқызы биылғы 3 ақпанда 77 жасқа толатын еді.
«Адам ұрпағымен мың жасайды» демекші, бұл күнде Талғат пен Қайрат Зәуірбековтер Сарыкемер ауылындағы аналары еңбек еткен мектепке жиі барып, сол кісінің атындағы кабинетті жөндеп, жабдықтап, перзенттік парыздарын өтеуде. Рая Ардақбайқызы атындағы жаңа оқу кабинеті жүздеген шәкірттердің алаңсыз, сапалы білім алуына қызмет ете берсін, лайым. «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген осы болар, сірә.

Есет ДОСАЛЫ,
журналист

Байзақ ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support