- Advertisement -

Мүмкіндік мүлт жіберілмеуі тиіс

106

- Advertisement -

Өңір басшысы Асқар Мырзахметовтің төрағалық етуімен аймақтың өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытынды көрсеткіштері сараланып, талданған мәжіліс өтті. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша баяндама жасау үшін облыс әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбековаға сөз кезегін берген облыс әкімі оң нәтижеге қол жеткізе алмай келе жатқан аудандар мен салаларға мүмкіндігінше нақтырақ тоқталуды тапсырды.

Сонымен, басқарма басшысының баяндамасына сүйенер болсақ, облыстың былтырғы әлеуметтік-экономикалық дамуы нәтижелі деп бағалауға толық негіз бар. Атап айтар болсақ, өнеркәсіп өндірісінің көлемі Тараз бен 7 ауданда 1,8 пайызға артқан. Шу мен Жамбыл аудандарында көрсеткіш былтырғы деңгейде қалса, Меркі ауданында өндіріс көлемі төмендеген. Оның себебін Гүлдана Әлімжанқызы «Орталық Азия Қант корпорациясы» ЖШС Меркі филиалында пештерді жөндеу жұмыстарының жүргізілуімен түсіндірді.
Ауыл шаруашылығы саласында жалпы өнім көлемінің өсімі 5,5 пайызды құраған. Әсіресе едәуір өсім Қордай, Т. Рысқұлов, Шу аудандарында байқалады. Атап айтқанда, ет, сүт, жүн, жұмыртқа өндіру көлемі ұлғайған. Масақты дәнді дақылдар да 2016 жылмен салыстырғанда 34 мың тоннаға артық жиналыпты. Салада қол жеткізген жетістіктерге 27 мың гектарға ылғал үнемдеу, 15 мың гектарға су үнемдеу технологияларының енгізілуі, үдемелі бақтар алқабының көлемі 425 гектарға және мал бордақылау алаңдарының саны 26 бірлікке жеткізілуі септігін тигізсе керек.
Соңғы біраз жылдармен салыстырғанда, былтыр облыста құрылыс кәдімгідей қарқын алған. Жалпы өсім 3,1 пайызды құрайды. Т. Рысқұлов ауданынан басқа аудандардың барлығында да өсу қарқыны байқалуда. Дегенмен осындай көрсеткіштеріміздің өзімен өзге облыстар арасында 9-орынды иеленіп отырмыз. Тек тұрғын үйді пайдалануға беру жағынан ғана республика бойынша 6-орындамыз.
Былтыр сондай-ақ көлік қызметі, жүк, бөлшек сауда айналымы артып, өңірлер арасында 8-орынға тұрақтаппыз.
Жыл бойы 12399 жаңа жұмыс орны құрылып, жұмыссыздық деңгейі былтырғы жылдың үшінші тоқсанында 4,8 пайызға жеткен. Кедейшілік шегінен төмен тұратын халық санының үлесі 2016 жылы – 0,2, 2017 жылы – 0,1 пайызды құрапты. Шу мен Жаңатас қалаларында кедейшіліктің ең жоғары деңгейі тіркеліп отыр.
Сондай-ақ, есепті кезеңде бюджеттің кіріс бөлігі 241 миллиард теңгені құрап, жоспар 101,3 пайызға артығымен орындалған. Бұл салықтық және салықтық емес, негізгі мүлік қорын сатудан түсетін түсімдердің арқасында мүмкін болып отыр.
Экономика саласында азды-көпті, біршама жетістіктерге қол жеткізгенімізбен, әлеуметтік салада әлі де болса шешімін күткен мәселелер баршылық. Мысалы, өткен жылы 33 балабақша, 4 шағын орталық пайдалануға берілгенімен, Жамбыл, Мойынқұм, Қордай, Шу, Т. Рысқұлов, Меркі аудандарында балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту үлесі облыстық көрсеткіштен төмен. Әлі де 5 мектеп апатты жағдайда, 3 мектеп үш ауысымда білім беруге мәжбүр.
14 денсаулық сақтау нысанының құрылысы жүргізіліп, халықтың өлім-жітімі саны біршама төмендегенімен, нашақорлық пен қан айналымы жүйесі ауруларына шалдығу деңгейі өскен. 2016 жылы да, өткен жылы да облыс көлемінде үш-үштен ана өлімі тіркелген.
Облыста орын алған жол-көлік оқиғалары салдарынан 166 адам қаза болыпты, бұл мұның алдындағы жылмен салыстырғанда 0,1 пайызға ғана төмен.

Баяндаманы мұқият тыңдаған облыс әкімі басқарма басшысынан:
– 2017 жылдың басында әр ауданға нақты индикаторлар межеленді ме? Меже қойылған болса, аудандар сол бойынша қандай нәтиже көрсетіп отыр? Қай аудан оны артығымен немесе кем орындады? – деп сұрады. Өз кезегінде Г. Жауынбекова:
– Көрсеткіштер бізде негізінен өткен жылмен және республикалық деңгеймен салыстырмалы түрде алынады. Аудандардың ішінен Меркі ауданы өнеркәсіп өндірісі жағынан төмен көрсеткішке ие болып отыр, – деді. Бұл жауапқа қанағаттанбаған Асқар Исабекұлы:
– Әр жылдың басында әрбір ауданның мүмкіндігіне қарай нақты меже қою керек. Жыл соңында ол аудан сол межеге жете алды ма, жоқ па, оның объективті және субъективті себептері саралануы тиіс. Сонда әкімдердің жұмысы да көрінеді, оған баға беріледі, тиісінше шара қолданылады. Мәселен, Талас, Байзақ, Жамбыл секілді егіншілікке де, мал шаруашылығына да ауа райы қолайлы аудандарда өсім неге 1 пайызға да жетпейді? Мейлі, Мойынқұм секілді ауыл шаруашылығына қолайсыз аудандарды есепке алмай-ақ қоялық. Жоспардағы, қаржы бөлінген мәселелердің орындалуынан бөлек, артта қалған аудандардың деңгейін көтеретін арнайы меже болу керек. Өткен жылмен салыстырғанда жоғарырақ көрсеткішке ие болсақ немесе 100 пайыздан ассақ оны жетістік деп қарап отыруға болмайды. Республикалық көрсеткіш бөлек, облыстың көрсеткіші бөлек болуы тиіс, – деді.
Бұдан соң хабарлама жасаған Меркі ауданының әкімі Мейірхан Өмірбеков негізінен аудандағы жетістіктерге кеңінен тоқталды. Ол аудан бойынша былтыр 89461 тонна астық, 39270 тонна қант қызылшасы жиналғанын, жұмыртқа, сүт, ет, жүн өндіру көлемі артқанын, 444 миллион теңгеге ауыл шаруашылығы техникалары алынғанын, 2016, 2017 жылы 16 жобадан жүзеге асырылғанын тілге тиек етті. Ана өлімі тіркелмегенін, ал нәресте өлімінің 11 жағдайы орын алғанын, өткен жылы 5 балабақша ашылғанын, биыл да осыншама мектепке дейінгі мекеме ашу жоспарда бар екендігін атап өтті.
Хабарламашыны тыңдаған өңір басшысы алдағы уақытта барлық ауданға баруды жоспарлап отырғанын, сол кезде ол жердің әлеуметтік-экономикалық дамуын егжей-тегжейлі қарайтындығын жеткізді. Асқар Исабекұлы мәжілісті қорытындылай келе:
– Бүгінгі жиын – бір жылда атқарылған істерге баға берілетін, оның қорытындысы жан-жақты талқыланатын мәжіліс. Оған атүсті қарап, формальды түрде өткізе салуға болмайды. Әрбір істің әділ бағасын беріп, тиісті шешім қабылдауымыз керек. Алдымызға меже қойып, соған жету үшін еңбек еткен жөн. Сонда жұмыс бір ізге түседі, ширайды. Бұл жерде мақсат – жазаға тарту емес, мүмкіндікті пайдалану, алға ілгерілеу. Елбасының тапсырмасы да осы. Қолда бар әр мүмкіндікті жақсылап ескеруіміз керек. Дағдарыс әлі де болса өз әсерін тигізіп жатқанын ұмытпағанымыз жөн. Республика бойынша экономикалық өсім 4 пайызды құрап отыр, біз бұл көрсеткішке сәл жетпей тұрмыз. Жалпы, өңірде оң өзгерістер орын алып отырғандығы, әрине, қуантады, – деді.
Мәжілісте өзге де мәселелер қаралып, тиісінше шешімдер қабылданды.

Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support