- Advertisement -

Мадияр Әшкеев кіммен жұдырықтасады?

84

- Advertisement -

Меркі өңірінің тумасы, кәсіпқой бокстағы мақтанышымыз Мадияр Әшкеевтің 3 наурызда АҚШ-та кезекті жекпе-жегін өткізетіні белгілі. Шаршы алаңда бірінші орта салмақ дәрежесінде сынға түсіп, сегіз шайқасының барлығында жеңіс тойын тойлаған жерлесіміз төрт кездесуін мерзімінен бұрын аяқтаған болатын.
Кәсіпқой бокс әлемінде «Крашер» деген лақап атымен әйгілі ресейлік Сергей Ковалев пен Игорь Михалкин, Дмитрий Бивол мен кубалық Салливан Баррера сынды сайыпқырандар жұдырықтасатын кәсіпқой бокс кешінің андеркардында шаршы алаңға көтерілетін жерлесіміздің кіммен қолғап түйістіретіні анықталды.
Мадияр тоғызыншы шайқасында Доминикан Республикасының былғары қолғап шебері Хосе Антонио Абреуге қарсы шаршы алаңда бақ сынайды. Алты раундқа созылатын рейтингілік жекпе-жекке отандасымыз тастүйін дайын. Бұл күнгі бокс кеші Нью-Йорктегі әйгілі «Madison Square Garden» аренасында өткізілмек. Жерлесіміздің қарсыласы шаршы алаңда 13 кездесу өткізіп, 3 мәрте жеңіліс тапқан. Дегенмен, соққыға төзімді ол қазақстандық боксшы үшін оңай беріле салмайтыны анық. Әйткенмен, Мадиярдың талай қарсыластың мысын басқан шебер екенін білеміз. Наурыз айындағы кездесуінде жеңісті жорығын жалғастыратынына бек сенімдіміз. Өйткені 29 жасар жамбылдық жампоздың кәсіпқой бокс әлемінде өзіндік орны бар.
Осы күні өтетін бокс кешінде тағы бір қазақстандық сайыпқыран, орта салмақтағы үмітіміз Мейірім Нұрсұлтанов та шаршы алаңға көтеріледі. Мейірімнің кіммен қолғап түйістіретіні әзірге белгісіз.

Табиғат АБАИЛДАЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support