- Advertisement -

Жұмақ пен тозақ арасы

168

- Advertisement -

(Эссе)

Айгүл Қасаболат.

Менің армандарым көп еді. «Бұл өмірде өз орнымды, өз бақытымды адаспай тапсам екен, оқуымды бітіріп, жақсы маман болсам екен, өз еліме адал қызмет қылсам екен, жан жарымды тауып, ақ босаға аттап, ардақты ана болсам екен» деген ойлармен ұзақ түндерді көз ілмей өткізетінмін. Сол армандарымды сен құрдымға жіберетініңді білсемші… Бар қиындықты екеуміз бірге көтеріп, сенің қабырғаң болып кеңесіп, жүрегіңнің тұсыңда қорғауға алынған мәңгілік жарыңа айналатынымды маңдайыма жазылған бағым деп білгім келіп еді. Ал сен менің ол ой-армандарымның бәрінің қателесу екендігін күн сайын іс-әрекетіңмен дәлелдеп келесің… Маңдайыңа өмірде жиі құлап-сүрініп жүруді жазған екен. Қайта тұрып жүгіру үшін достарыңның аяқтан шалуы кедергі келтірді. Таласы жоқ шексіз зеңгір көкте қайтадан шарықтауыма сенің жалған сенімің тұсау болды.

Аузың­нан тас­тамайтын «Ауғузубилә» деген бір ауыз сөзің түбінде шынайы сенім-наным жоқ жаттанды сөз екенін кеш ұқтым. Сені жалған сенімің алға жетеледі. Мені кері тартты. Өмірдің бұралаңындағы шегі мен шеті жоқ шаттықты қарсы алуыма сен қатыгездікпен қарсы тұрдың. Мәңгілік көктемдерге аттануыма сенің қолдарыңмен жасалған көңілсіз күздерің рұқсат бермеді. Баламыз әке қадірін білмей өсіп келеді. Жарық сәуле жетегіне ерген мен ерекше шешім қабылдадым. Жүрегімдегі үзілгелі тұрған сенімімді қорғау үшін осылай істеуім керек болды. Сезім жүдегенде адамға тек төзіммен өмір сүру үшін де қолдау керек екен. Қолдау болмаған жерде ары қарай төмендемегеніміз жөн! Мені іздеме! Қош бол!
Осындай ойларға қамалған Жайна тағдырына шешім шығарып отыр.
– Жылайтын менде не қалды? Көз жасымның көліне өзім батып кетермін… Жайна, кешегі көз жасың енді сенің күш-қайратың! Шешім шығардың. Болды! Енді артыңа қарайлама! Әйелдің қырық жаны бар. Жайна тұрмысқа шыққалы сол қырық жанның қандай болатынын жүрегімен сезініп келеді. Тұрмысқа шыққанша арқасүйер ер-азаматым болады деп сеніп келген ері, отау құрған күні-ақ өзгеріп кеткен. Жарқ-жұрқ етіп от ойнаған көздерімен күйретіп жіберетін, сөздерімен соғыс ашып, тозаққа аттандырардай болып жүретін жұбайы үшін Жайна айтқанына көніп жүретін оңай олжа болып шықты. Жайнаның Марат келмей кетіп қалам деген ойы жүзеге аспай босағадан аттай бергенде: – Ей, ауғузубилә, не жиналыс мынау? – деген Мараттың ашулы сөздерін есітті. Марат Жайнаны жұлқып-жұлқып үйге қайта кіргізді. Жайнаның даусы жарықшақтана шықты. – Сен үшін адал өмірімді ешкімге қорлатпай, жүрегіммен намысымды сақтадым. Қазақ қызы деген атқа кір келтірмейін деп, әке-шешеме сөз келмесін, барған жерімде абыройлы келін болсам деген адал ниетімнің ешқайсысын сен бағаламадың… – Ауғузубилә, ауғузубилә! Сен ғана жер бетінде періште екенсің ғой? Хиджап кимесең, күні ертең тәнің тозақтың отыны болады. Барлық қыздар адал болу керек. Маған сенің абыройың міндет емес. Он екіде бір гүлі ашылмаған қыздар да маған қатын болған.
– Неге сол он екіде бір гүлі ашылмаған қыздарды таңдамадың ендеше! Марат үндемеді.
– Мен емізулі баламмен аш отырдым. Сен болсаң менің мойныма өз қарыздарыңды ілдің. Несиені жабу үшін банкке қыруар ақша төлеп отырдым. Сол кезде еркек болып бас көтерсең қайда қалдың?! Мен «балам әкесіз өспесін, тірідей жетім болмасын» деп үндемеген сайын ойыңа келгенді істедің ғой.
– Мен мемлекеттің жетімге берген садақасындай тиын-тебеніне жұмыс істегім келмейді! Айтарым сол!
– Барлық дәулеті тасыған байлар кішкентай ғана қаржы табудан бастаған. Не басыңмен, не қолыңмен жұмыс істемейсің. Жарымжан адамдардың өзі еңбек етуге талпынады, өмірдің әр күнін құлшыныспен өткізеді. Олар мүгедек емес. Мына сен, он екі мүшең түгел бола тұра, ойлана білмейтін, ойланғысы келмейтін, ойлануға қорқатын жүрегі жоқ мүгедексің!
– Күйеуін жамандаған қатынды лағынет атсын!
– Сен бұлай мұсылман болмай-ақ қой. Сен атам қазақ ұстанатын дәстүрлі діннен безбегенде, аяғыңды көкке көтеріп жатпас едің. Жұмақтың бас есепшісі сияқты сайрайсың. – Ақырет болатын болса, сен-ақ достарыңды ертіп бара бер жұмағыңа. Соған тілектеспін. Шоқша сақалың мен лас тірліктерің жұмаққа жетелер бәлкім…
– Сен қалай-қалай жұлқынатын болғансың ей?! Келін болып түскен кезде сызылып, сенен жақсы адам жоқ еді. Енді сайрауын қарай гөр мұның!
– Адамның тілін адам шығарады. Мен ашынсам, барлығына өзің кінәлісің! Еркек басыңмен қарыздарыңды төлеуге мәжбүр еттің! Балаңды аямай, лас тірлігіңе араластырдың! Дүние есігін ашпаған сәбидің жөргек пұлымен сенің қарыздарыңды өтеп, баламыз екеуміз аш отырдық. Мен сол сен айтқан садақадай тиын-тебенмен сенің намысыңды, абыройыңды ойлағандықтан қарыздарыңды жаптым!
– Ақша-ақша деп өліп кетермісің?! Жұмаққа кіру үшін ақшаның керегі жоқ! Көкейіңді ақша тесіп бара ма?
– Бар мәселе ақшада емес, Марат! Мен аш отырып та өмір сүре аламын. Қара судың да берекесі бар. Сенімен өмір сүрген жылдарымда мен соны түсіндім. Барлық мәселе сен өзіңе жауапкершілікті алғың келмейтіндігінде. Ондай болса, неге үйлендің? Неге әке болғың келді? Неге мені өзіңнің бықсығыңа араластырдың? Халал тірлігіңе өзің сияқты халал қыз таппадың ба? Сен Құранның бетін ашпай, ата-бабаңның жазып кеткен ақиқаттарын оқымай, еш болмаса Абайды танымай тұрып, Құдайды танимын деп тұрсың ба? Қарызға белшеңнен батып жүріп, елге қиянат жасап жүріп, Құдайды қалай ауыздарыңа аласың? Өзіңнің туыстарыңды қарызға тығып, бет көрісе алмай жүргендеріңе ширек ғасыр өтті.
– Сен өсекшісің! Өсекші жәннатқа кірмейді. Сені де мұғалім дейді-ау. Мемлекеттің ақшасы харам, сен де харамсың! Ауғузубилә!
– Қарыздарын сұрап келген көрші-қолаңнан сен емес, мен ұяламын! Менің айтқандарымды өсек десең, басқалардан сұра. Адамдар қарызға берген ақшаларын жетіскеннен сұрап жүрген жоқ! Сендерге ұқсап, жатып ішер жалқау боп, жәннат туралы әңгіме айтпайды.
– Сен қоясың ба, қоймайсың ба? Миымды шірітіп бітірдің!
Марат Жайнаны соққының астына алды. Жайнаның көз алдына екеуінің тұрмыс құрар алдындағы армандары кинолентадай сырғып өтіп жатты. Жайна талып түсті. Бұл бірінші және соңғысы емес еді. Талай рет таяқ жеп, соққыға жығылса да «балам әкесіз өспесін» деп шыдап баққан. Беті-қолының ісініп кеткені соншалық, тұруға дәрмені жоқ. Қылуеттің жарығындай іңірден сығалап жарық түсіп тұрды. «Адамдар осылай өліп кете береді екен-ау» деген ой санасында жылт ете қалды. Есін жинай алмай қиналса да, көзін сығырайтып ашып, жан-жағына қарады. Төсектің астына екі бүктетіліп кіріп кеткен екен. Тұруға шамасы келмей не өңі не түсі екенін ажырата алмай дел-сал күйде.
«Баламды нағашыларына қыдыртып жібергенім дұрыс болыпты. Бейшара бала еш болмаса бұл сойқанды көрмеді. Әкесінен көңілі қалып, жүрегі мұз боп кетер еді. Баламды бұл азаптан құтқаруым керек. Мен оның жүрегін сақтауым керек. Бала махаббатқа бөленіп өспесе, мейірімді адам болып қалыптаса алмайды. Әкесінен көргенін қайталауы мүмкін. Онда менің көрген күнім түнекке айналады. Балам, кешір мені! Мен саған жақсы ана бола алмадым…». Жайнаның көзінен парлап аққан ыстық жас бетін айғыздап жатса да, көңіліне дем бергендей болды. Жайна өзінің қайраттанғанын сезді. Ол ажырасты. Бөлек өмір бастады. Аядай екі бөлмелі пәтерде Жайна мен баласы Арнұрдың жақсы күндері өтіп жатты. Жаңа өмір парақтарын бастауға күш-жігері жетсе де, Жайна өзін басқалардан төмен санап жүрді. Болашағын Маратсыз елестете алмаушы еді. Қазір Жайна өзгеріп келеді. Жетістікке қол жеткізе алатынын түсінді. Кейбіреулер ұзақ армандап, өмір бойы тірнектеп ақша жинаса да, баспаналы бола алмай жүреді. Әлі күнге байлық деп саналатын көлікке жету көңілінің құрты болған қаншама адам бар. Әйел барлық күш-жігерін жинап, алға ұмтылса, бәріне қол жеткізе алады. Бақытты болғысы келсе, өз бақытын баласынан тауып жұбанады. «Байтал шауып бәйге алмас» деген бос сөз. Ер адам тапқан дүниені әйел де таба алатынын сәтсіз некеден кейінгі жылдары дәлелдеп берді. Расында Жайнаның өмірі оңалып, құстың ұясындай тар болса да, тыныш, жайлы үйі болды. Күндіз-түні еңбектеніп жүріп, автокөлік алды.
Көрші-қолаңның өсегінен баласын қорғағысы келді. «Ажырасқан әйелдің баласы – тексіз ұл» дегізбеуге талпынып, бөтен қалаға көшіп кетті. Жайнада қол жеткізгісі келген дүниенің барлығы болды. Бірақ оның бойында әйелге тән нәзіктік пен жылулықтың орнын «Баламның болашағы үшін» деген күйбең тіршілік қажытып, еріксіз қатыгездендірген еді. Бір қорқынышы бар. Оны өзі де білмейді. Жүрек түкпірінде Мараттың салған жан жарасы әлі де жазыла қойған жоқ. Көз жасын көміп, тас еткен. Тас сезімді баласы Арнұр ғана жібітеді. Мектептен оралған Арнұрды Жайна барлық ынта-шынтасымен дайындалған тағамдарды алдына тосып, күтіп алады. Бүгін де сол әдетімен ас үйде ыңылдап, ас қамдап жүрген. Үйге кірген Арнұр бөлмесіне кіріп алды да, ұзақ уақыт сыртқа шықпады. Анасы есік тоқылдатып: – Балам, тамақ ішсеңші, – деді. – Аш емеспін! Арнұрдың даусы ашулы шықты.
Жайна әлдене болғанын сезіп, сөйлесуге тырысқанымен одан ешнәрсе өнбеді. Мараттан айырылысып кеткелі Арнұрға әкесі туралы сөз қозғамаған. Кішкентайынан баласын «Қорғаным, арқасүйерім, анасының мерейі, жүрегім» деп еркелетіп, сол сөздерімен оған жауапкершілік жүктейтін. Арнұр әкесін сұраса: «Сирияға кеткен еді. Содан елге оралмады» деп айтам деп жүрген. Кім Сирияға кетпей жатыр? Отан қорғап шейіт болса, жөні бөлек. Айтақтаумен сағым қуып кеткені қаншама? Демократия деп елге еркіндік берілді. Тәуелсіздік алған жылдары Жайна бала болса да, барлығы есінде, елді жаппай жұмыссыздық жайлады. Бала-шаға қамы деп әке-шешесі тыным таппай қиындық көрсе де, алты баланы оқытып, жеткізген еді. Жайнаның балалық шағының бақытты өткені ата-анасының арқасы екенін өзі тұрмыс құрып, балалы болғанда түсінді. Сол кезде бірталай отбасы сектанттардың құрығына түсіп, құрбан болған. Солардың арбауына түскен өз күйеуі Маратты да баласына адасқан жан ретінде түсіндірем деген Жайнаның қорқынышты ойы алдынан шыққалы тұрғанын ана жүрегі сезді.
Арнұр ер жетіп келеді. Мінезі тұйықталып барады. Сабақ үлгерімі жақсы, зерек болғанмен, жаман болса да әкесі жанында қалқайып жүрсе, соның өзі жетістік емес пе еді. Баланың өтпелі кезеңдегі жасы – бір сынақ. Сол сынақтың күн сайын жақындағанын Жайна түсінді. Өткенге өкпе артуға құқы жоқ. Шырмалған ойға батып отырған Жайнаны Арнұрдың сөзі бөлді: – Мама, қазақ әдебиеті пәнінен үй тапсырмасы ретінде жеті атаны жаттап келу керек. Менің тегім қайда? Әкем неге жоқ? Жайна үндемеді. – Ешқандай бауырым да жоқ, ешқандай туысым да жоқ, көрші әкелер балаларын ертіп қыдырады. Мен оларға әрдайым қызығып қарап жүрем. Бір күні әкем келіп қалар деп есікке қарайлаймын. Неге келмейді? Анасының жауабын күтпестен, көз жасын көрсеткісі келмеген Арнұр есікті тарс жауып, түн ортасында далаға шығып кетті. Жайна алдын ала дайындап жүрген сөздерін айта алмады. Ұлының мұншалықты ерте есейетінін білмеп еді. Көз алды тұманданып, сұлап түсті. Түс көріпті. Бақшада отыр екен. Кербез қыздың күлкісіндей сыңғырлаған бұлақтың басынан су ішіп отырған Жайна енесін көріп, «Апа!» деп, құшақ жайып, жүгірген еді, апасы бір қадам артқа жылжыды. Қабағы қатулы. – Апа, аманатыңды орындай алмадым. Маратты атадан қалған жалғыз тұяқ деп айтушы едіңіз. Балаңызды кері ағымнан қайтара алмадым. Адасқан жанға жарық сыйлай алмадым. Күшім жетпеді. Кінәлімін апа! Қиналған сәттерде өлсем деуші едім, оңай өлім бұйырмады. Мені өзіңізбен алып кетіңізші! Жаспын демеймін, апа. Бірақ… Бірақ балам әлі кішкентай ғой.
Жайнаның енесі мейірімді, көпті көрген кісі еді. Көрші-қолаң құрметтеп, сыйлайтын. Айтқан аңыз-әңгімелерін Жайна балаша елітіп тыңдайтын. Келінінің аяғы ауырлағанын енесі түсінде көріп: «Атаңның көптен бері ерттелмеген ерін алып тазалап қой» деп атаң маған аманат етті. Бұйыртса тоғыз ай тоғыз күнде ұлды боласың! – деп айтып еді жарықтық. Жерік асын дайындап, құрсақ тойын өткізіп, бет қаратпайтын аязда таудағы жылқышылардан қымыз алып келіп бәйек болатын. Сондағы ененің бар ойы бір әулеттен жалғыз тұяқтың ізбасары аман-есен туылса деген адал ниет еді. Жайнаға мейірім шуағын төгіп жүріп, ер-азаматқа бергісіз аманаттарды келініне тапсыратын. Екінші дүниежүзілік соғыста жиырмаға жетер жетпес шағында күйеуін соғысқа жіберіп, жесір атанған енесі Мараттың әкесіз өскенін сұм соғыстан көретін. Келінін өз қызындай әлпештейтін ененің қамқорлығын Жайна әрдайым сезетін. Өткен ғасыр ұлтшылдардың күресі болса, біздің ғасыр ұлтсыздармен күрес екен. Тамыры тереңге жайылған күрестің соңы бізге беймәлім. Енесі сұм соғыстан жесір қалса, Жайна тірідей жесір. Жұмыссыз жүрген күйеуінің тепкісіне шыдап жүре берер ме еді, айырылыспас еді бәлкім. Марат атадан қалған қара шаңырақты белгісіз біреулерге беріп жібермегенде… Сол шаңырақ шолақ балақ, шоқша сақалдылардың жиналыс ордасына айналып кетті. Жайнаны күң қылды. «Жаным-арымның садағасы» дейтін қазақ қызы үшін одан асқан қорлық жоқ. Соңғы қоштасу хаты жазылғаннан кейін жұбайлардың соңғы әңгімесі сол бойда таусылған. Әппақ бөлме, әппақ жайма төсекте Жайна арқасынан жүк түскендей жеңілденіп оянды. Жаратқанның жаңа өмір сыйлағанына қуанса да, баласы Арнұрға елеңдей берді. Хор қызындай ақ халат киген мейірбике кіріп келгеннен баласын сұраған еді: – Сізге уайымдауға болмайды. Жүрегіңізге салмақ түсірмеңіз. Мұндай ғажайып тек кинода болады. Сіз бір құдіреттің арқасында аман қалдыңыз. Балаңыз кішкентай болса да нағыз жігіт екен. Күндіз-түні қасыңызда болды. Қазір ғана дәрігер оны үйіне жіберді. Сіз оянғанда жаныңызда болмай қалам ба деп қатты уайымдады. Барлығына мен кінәлімін! – деп өзін кінәлаумен болды, – деген мейірбике әп-сәтте ем-домын жасады да, бөлмеден шығып кетті.
Жайна мен Арнұр ауылдағы қара шаңыраққа оралды. Соғыстан кейінгі қаңырап, тастанды үй секілді болып қалған үйге күрделі жөндеу жүргізіп, бағлан қойды сойып, аруақтарға арнап құран бағыштап, құдайы таратты. Көреген қариялар Арнұрға атасының соғыста ерлікпен қаза тапқаны туралы, арғы атасы бір елді аузына қаратқан үлкен би болғаны туралы әңгіме айтып, шаңырақта шат-шадыман береке орнаған күн Арнұрдың барлық сұрақтарына жауап алған мың күнге татитын тәлім-тәрбиесі мол күн болды. Жайнаның қорқынышы сейілді. Ауруханада түсінде қатулы күйінде көрген енесінің бейнесі риза қалыппен бас изеп, қолдап жүргенін жан дүниесімен сезді. Сол күні Арнұрдың атасы еккен алма ағаштардың тасасында тығылып, үйді бақылап тұрған бір кісі барын Жайна байқап қалды. Бірақ ешқандай көңіл аударған жоқ. Опасызда Отан жоқ. Адасқан ұл оралмады…

Жуалы ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support