- Advertisement -

Жастар – лаңкестікке қарсы

257

- Advertisement -

Адамзат қоғамы бүгінде өте күрделі кезеңді бастан өткеруде. Сын-қатерлерінің көбейе түсуі өз азаматтарының қауіпсіздігі мен игілігін көздейтін кез келген мемлекеттің лаңкестік әрекеттерінің алдын алуда тиісті шаралар қабылдауына мәжбүр етуде. Бұл мәселеде салғырттық таныту өте қауіпті және мұның тілмен айтып жеткізгісіз ауыр салдарлары болуы да ықтимал. Осы орайда қоғамтанушылар радикалды ағымның уағызына ерудің де соңы жақсылыққа соқтырмайтынын ескертуде.
Тараз қалалық орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесіне қарасты №5 кітапхананың оқырмандар залында «Халықтар – лаңкестік пен экстремизмге қарсы» тақырыбы аясында өткен дөңгелек үстел отырысында, міне, осы мәселе басты әңгіме арқауы болып өрілді. Онда оқырмандарға «діни экстремизм», «терроршылдық» ұғымдары кеңінен түсіндіріліп, лаңкестікке қарсы күрестің құқықтық негіздері, бұл істің қазіргі таңдағы ахуалы жөнінде мағлұматтар берілді. Мұның жастарды өмір қауіпсіздігіне, бейбітсүйгіштік рухтағы адами қасиеттерге тәрбиелеудегі маңызы зор болды.
Соңғы жылдары жақын және алыс шетелдерде лаңкестік оқиғаларына жиі орын беріле бастағаны белгілі. Әлемнің ең мықты мемлекеті АҚШ-та 2001 жылғы 11 қыркүйекте болған жарылыс оқиғасы, Мәскеу, Беслан, Бостон, Париж қалаларында жүздеген жазықсыз жанның түбіне жеткен қанды сойқандар ешкімді де бейжай қалдырмасы анық. Жас-кәрісіне, діні мен ұлтына қарамай қаншама бейкүнә жандар жапа шегуде!
Адамзат қоғамын алаңдатқан, мемлекеттерді қыруар шығынға батырған «терроршылдық» дегеніміз не, өзі? Оның мақсаты не және одан қалай сақтануға болады? Оқырмандар тарапынан қойылған осындай сұрақтарға байланысты облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасына қарасты дін мәселелерін зерттеу орталығының бөлім басшылары А. Құлымбетов, Е. Жақыпов, «Әулиеата» мешітінің имамы О.Баймаханов бейнероликтер арқылы жан-жақты түсіндірмелер берді. Іс-шара студент жастардың терроршылдық пен лаңкестік әрекеттерінің түп-тамырын қайдан тартып жатқаны жөнінде де жан-жақты хабардар болып, таным көкжиегін кеңейте түсуіне де септесті.
Аталмыш іс-шара қоғамдық-саяси, діни сауаттылықтарын жетілдіру арқылы жастардың бойында патриоттық, туған жерге, елге деген құрмет сезімдерін қалыптастыру міндеті үдесінен шықты деген ойдамыз. Басқосуда, сондай-ақ, терроршылдықтың түрлері мен мақсат-міндеттері, төтенше жағдайлар кезiнде қолданылар қауiпсiздiк шаралары туралы да сөз болды. Соңынан кітапхана қызметкерлері тарапынан теракт кезiнде нендей іс-әрекеттер жасау керектігі жөнінде жазылған кітаптар мен мерзімді басылымдар жарияланымдарына шолу жасалды.

Назира ҚАРАБАЕВА,
кітапханашы.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support