- Advertisement -

Тұрғындар өтініші ескерусіз қалмайды

115

- Advertisement -

Облыс әкімі, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының төрағасы Кәрім Көкірекбаев қоғамдық қабылдау өткізді.

Төрағаның қабылдауына бірінші болып Мойынқұм ауданы, Бірлік ауылының тұрғыны Эльмира Айтпахаева кірді. Ол осы жылдың наурыз айында баспанасы жиһаздарымен бірге өртеніп кеткенін, балаларының құжаттары да жойылғанын айтты. Қазіргі таңда 13 адам бір бөлмеде амалдап тұрып жатқанын жеткізіп, тұрғын үй құрылысын салуға көмек сұрады. Бұл ретте Мойынқұм ауданының әкімі Бақытжан Нұркенов Э.Айтпахаеваға 230 мың теңге көлемінде қаржы берілгенін, қоғамдық жұмыстарға тарту арқылы тағы 100 мың теңге төленгенін, екі баласы жер алып, үй салып жатқанын айтты. Алайда, мойынқұмдық ана әлі өсіп, жетілмеген 7 баласы бар екенін, көмекке мұқтаждығын алға тарта берді. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев жағдайды саралап, үйі өртенген отбасына заң аясында жедел көмек көрсетуді аудан басшысына тапсырды.

Қоғамдық қабылдауға Тараз қаласының тұрғыны Жадыра Егеубаева да келген екен. Ол «Арай» және «Көктем» алқаптарындағы көшелерді асфальттау мәселесін көтеріп, жаңа мектеп құрылысы салынса деген өтінішін айтып, облыс басшысына 32 тұрғын қол қойған өтініш хатты тапсырды. Бұл мәселе бойынша Тараз қаласының әкімі Рүстем Дәулет «Бәйтерек» шағын ауданынан 1200 орындық мектеп салынып жатқанын, сол мектепте «Арай» және «Көктем» алқаптарының балалары да білім алады деп жоспарланып отырғанын айтты. Ал аталған алқаптардағы көшелерді асфальттау, мектепке баратын автобус бағыттарының санын көбейту келесі жылы шешімін табатынын, қажетті жерге бағдаршам, жол белгі, жолақ сызықтар қоюды да қолға алатынын айтты.
Кәрім Нәсбекұлы егер тұрғындардан нақты сұраныс болса, оқушы саны жетіп тұрса, «Арай» мен «Көктем» алқабына да жаңа мектеп салуға мүмкіндік бар екенін айтып, зерделеу жұмыстарын Тараз қаласының әкімі Р.Дәулетке тапсырды. Сондай-ақ, облыс басшысы тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныс-өтініштердің барлығы орындалуы тиіс екенін жауапты мамандарға ескертті.

Есет досалы,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support