- Advertisement -

Балбал тастар құпиясы

1 980

- Advertisement -

Қазақ даласы десе, көз алдыма сартап дала, жусанды қыр, қисайып тұрған балбал тастар, талай-талай сырды бүгіп жатқан тарихи төбелер, қорғандар мен обалар елестейді. Осы шексіз далада бір жұмбақ мұң, құпияға толы сыр бар сияқты.
Балбал тастардың негізгі таралу аймағы – Орхон бойынан бастап Каспий жағалауларына дейінгі аралық. Ал Қыпшақ дәуірінен кейін балбал тастар жайлаған жерлер Солтүстік Кавказ, Ресей, Украина, Дунайға дейін жетті. Бірақ Батысқа ығысып, уақыт өзгерген сайын оның формасы да өзгеріп отырды. Бүгінгі құлпытастар – сол балбалдардың жалғасы. Балбал – тастан қашалып жасалған адам бейнесіндегі ескерткіш. Яғни соғу, қағу, ұру дегенді білдіретін қос сөзден тұрады. Түркологтардың пікірінше, балбал сөзі «тасты тіп-тік етіп қадап орнатқан белгілер» деген мағынаны білдіреді.
Менің ойымша, мұның тек ғылыми көзқарастан басқа да, танымдық, рухани мағынасы болуы бек мүмкін. Балбал тастарды өнер туындылары деп те қарау қажет секілді. Таста адам бейнелерін, сол кездегі тұлғалардың мінездерін келтіріп, бірде айбынды рухта, ал тағы бірде трагедиялық кейіпті жеткізе алғанның өзі неге тұрады.
Халықтың рухани мәдениетіне тән ерекшеліктердің бірі – олардың этникалық ортасында әр кезеңдердегі наным-сенімдер мен әдет-ғұрыптардан жинақталған балбалдарға табынуы еді. Тас мүсіндерге сиыну ғұрпы VII-XII ғасырларда Түркі және Қарлұқ қағанаттарының, Оғыз, Қыпшақ және Қарахан мемлекеттерінің құрамына кірген түркі тілдес тайпалардың арасында кең өріс алды. Көне тас мүсіндер Қазақстанның барлық аймақтарында күні бүгінге дейін көптеп кезігеді. Олар Орталық Қазақстанда Торғай өзенінің бойы Ұлытау бөктерінде, Сарыарқаның күншығысына қарай Алтай мен Тарбағатай тауларының төңірегінде де аз емес. Ал оңтүстікте Қаратау мен Қырғыз Алатауының жоталарында Шу, Іле алқаптарында, Хантау мен Жамбыл маңындағы жазық далаларда да жиі ұшырасады.
Түркі халқының рухани-танымдық құндылықтарының бірі – елін, жерін қорғаған жаужүрек батырларын қастерлеу. Ертеде түркі халқы батырлары мен көсемдерінің, бабалары мен абыздардың бейнесін, мүсінін жасап, тас мүсіндерге олардың кім екенін, өмірбаянын, тарихын қашап жазып кеткен. Мысалы, «Күлтегін», «Білге қаған», «Тоныкөк» туралы жырлар тасқа қашап жазылғаны белгілі. Бұл ескерткіштер түркі халықтарының көне дәуірдегі ұзақ ғасырлық мәдениеті мен тарихы тұрғысынан баға жетпес құнды дүниелері.
Тас мүсіндер тарихын В.Бартольд, И.Кастанье, И.Аничков, А.Бернштам, Ә.Марғұлан, А.Чариков сынды белгілі ғалымдар зерттеп, ғылыми еңбектер арнады. Солардың ішінде көптеген археологиялық ескерткіштермен қатар, Шу мен Талас алқаптарындағы тас мүсіндерді зерттеу мақсатымен 1893-1894 жылдары Орта Азия мен Қазақстанға ғылыми экспедицияны басқарып келген ірі шығыстанушы ғалым В.Бартольдтың еңбегін ерекше айтуға тұрарлықтай. 1895 жылы ғалым И.Аничков та келіп, зерттеу жұмыстарын жүргізді. Оның тас мүсіндер туралы жазғандары Түркістан археологиялық қоғамының 1898 жылғы 11 желтоқсандағы есебінің хаттамасында жарияланған.
Қазақстан жерінен табылған балбал тастар тарихына көз салсақ мынадай мәліметтерді алуға болады. Ғалымдар тас мүсіндердің пайда болуын Түркі қағанаттарының салтанат құруымен байланыстырады. Әсіресе, Батыс Түрік қағанаты шығыс пен батысты байланыстыратын Ұлы Жібек жолына бақылау жасайтын, сауда-саттық, дипломатиялық қатынасы дамыған күшті мемлекет болды. Ал көшпенділер арасында бабалар әруағына сыйыну дамыды. Ежелгі көне түркілер өз ата-бабаларына сыйынып, олардың әруағын еске алу үшін осы тас мүсіндерді қойып, оларды қоршауды дәстүрге айналдырды. Осы тас қоршаулар туралы Ә. Марғұлан: «Тас шарбақтар тарихи адамдардың жерленген қабірі емес, тек оларды еске түсіру үшін ас беріп, ат шаптыратын жерлерге қойылған белгілер», – деп айтқан. Дегенмен де басқа да пікірлер бар. Түркі дәуіріндегі тас қашаушылар қолынан шыққан адам мүсініне зер салсаңыз, ежелгі заманның батырларын, атақты билерді, абыздарды, жыршылар мен малшылардың бейнесін көз алдыңызға елестетесіз.
Шу-Талас өзендері алқабын ашық аспан астындағы музей деп айтсақ та болады. Дәл осы жерде көне түркі мәдениетінің ізі жақсы сақталған. Талас жазулары – Қазақстан мен Қырғызстан шекарасы өңірлеріндегі Талас өзені бойынан табылған көне түркі ескерткіштері. Олар негізінен V-VII ғасырлардан бізге жеткен жәдігерлер. Көбінесе қойтастарға, жартастарға, бұйымдарға жазылған. Ғылымда Талас ескерткіштерін бірінші, екінші, үшінші балбал ескерткіштер деп сандық ретпен атау қалыптасқан. Бұлар тарихи тұрғыдан Ежелгі Түркі, Түргеш, Қарлұқ мемлекеттері дәуіріне қатысты делінеді. Қазақстан мен Қырғызстан шекарасы өңірлеріндегі Талас өзені бойынан табылған Талас ескерткіштерінің саны шамамен 30-ға жетеді. Олардың кейбірі Бішкек, Тараз, Алматы, Санкт-Петербург қалаларының мұражайларында сақтаулы.
Талас өңіріндегі түркілік көне мұраларды зерттеу мәселесі алғаш рет бүгінгі күнге дейін өз маңызы мен құндылығын жоймай, өзекті проблемалардың біріне айнала бастағаны тіпті академик В. Бартольд еңбегінен де көрініс тапқан. 1893-1894 жылдары ғалым Жетісу өңірін зерттеп, түркітану ғылымына үлкен үлес қосқан болатын. 1896-1898 жылдары сол кездегі уезд бастығы-өлкетанушы В.Каллаур, мұғалім Гастев Талас қаласының (Әулиеата уезі) солтүстік-шығысындағы Айр-Там-Ой, Қалба сайы шатқалында көне түрік жазулы домалақ пішінді үш тас табады. 1898 жылы А. Гейкел басқарған Фин-угор ғылыми қоғамының экспедициясы тағы да көне түркі жазуы бар екі тас кездестіреді. 1932 жылы Талас өзені бойынан Ашықтас деген жерден төрт қырлы ағаш таяқшада ойылып жазылған көне түркі жазуы табылады.
Жалпы, Талас жазбалары Қазақстанның оңтүстік аймақтарынан табылған ескерткіштер қатарын құрайды және аталған жазба ескерткіштердің тікелей жалғасы болып табылатын орта ғасырлық мұралар мен тарихи орындар осы таулы-қыратты, өзенді аймақтарда орналасқан. Сондықтан да қазақ және өзге түркі тілдес елдердің тарихын, көне мәдениетін, өркениеті мен мемлекеттігін, тілі мен діліне қатысты бірқатар құнды деректерді осы өңірлерден іздестіруге болады.
Қазіргі таңда ЮНЕСКО тізіміне енгізілуге үміткер болып отырған тарихи ескерткіштердің бірі – Меркі түркі ғибадатханасы. Ол – Меркі ауылынан оңтүстікке қарай 38 шақырым қашықтықта орналасқан. Оның жалпы аумағы 250 шақырымды алып жатыр. Меркі түркі ғибадатханасы – ортағасырлық түркілердің мәдени-ғұрыптық кешені. Кешен биік таулы үстіртте, қасынан Меркі өзені ағып өтеді. Бұл аймақтағы кешенді ескерткіштер тобын жерлеу орындары – қорғандар, қорғандардың маңында кездесетін ғұрыптық қоршаулар, тас мүсіндер, балбал тастар, жартастардағы суреттер мен рулық таңбалар және қойтастарда кездесетін ойма жазулар құрайды. Көненің көзіне айналған тарихи ескерткіштер жайында талай ғалымдар мен саяхатшылар көптеген мақалалар жазды. Десе де, көпшілік бұл орайда А.Досымбаеваның жүргізген зерттеу жұмыстары ерекше болғанын айтады.
Деректерге сүйенсек, онда барлығы 64 мүсін орналасқан. Оның 31-інде әйел бейнесі көрініс береді. Ғибадатханадағы мүсіндерде жеке тұрған әйел немесе ер адам бейнесі бейнеленген. Меркілік тас мүсіндерде қолдарына ыдыс ұстаған әйел мүсіндері барынша мәнермен өңделген. Егер мүсінде келіншек бейнесі сомдалса сәукелесі, әшекейлері анық, ерекше көрсетілген. Мүсіндердегі бас киімдер мен көкірегіне тағылған әшекейлеріне қарап, әйел адамның жасын және қоғамдағы әлеуметтік статусын ажыратуға болады. Меркі ғибадатханасындағы әйел адамдарына арналған тас мүсіндердің орналасуы, бейнелену ерекшеліктері көшпелі түрік қоғамында әйелдің ерлермен теңдей дәрежеде болғандығын аңғартады. Меркі ғибадатханасында ерлер мүсіні кескінделген балбал тастың түрлері көп. Тіпті, қолына қырғи ұстаған жігіттің бейнесі сомдалған балбал да көзге шалынады. Меркі өзенінің бойынан табылған тас мүсіндерден көне түркі жазбаларын да байқауға болады. Мәселен, Ойтал өзенінің жағасындағы балбал таста «Менің өлімім – қайғы» деп жазылған.
«Мәдени мұра» тізіміне ұсынылған тағы бір тамаша ескерткіш – Меркі ғибадатханасының солтүстік жағындағы Жайсан ғибадатханасы. Бұл ортағасырлық түркілерден қалған мәдени-ғұрыптық кешен. Ғибадатханадағы ескерткіштерді зерттеу және сақтау жұмыстары 2001 жылдан бастап қолға алынды. Мұнда ескерткіштердің негізгі бөлігі орналасуына қарай бір заңдылыққа негізделген. Яғни, жерлеу құрылыстары кешеннің батыс бөлігінде орналасса, ғұрыптық құрылымдар кешеннің шығыс бөлігіне шоғырланған.
Ғибадатханаға жүргізілген барлау жұмыстары кезінде басқа да көптеген құнды заттар табылды. Бір айта кететін жайт, археолог Айман Досымбаеваның пайымдауынша, ғибадатхананың ескерткіштерінде кездесетін ромб үлгісіндегі таңба әшекейліктен басқа бойтұмар ретінде қызмет атқаратын киелі сипатқа ие болған. Қазақ этнографиясында қазіргі күнге дейін ромб түріндегі таңбаны еске түсіретін тұмар тағу сақталған. Жартастарда салынған ромб түріндегі тұмар-таңбалар функционалдық мағынада Жайсан ғибадатханасының киелі жерінің шекарасын белгілеу үшін қызмет еткен болса керек.
Ғибадатханалардағы кездесетін көптеген айырмашылықтарды талдап, зерттеудің нәтижесінде, Меркі ғибадатханасы бұрыннан қазақ даласында орналасқан батыс түріктердің ерекше ғұрыптық кешені, ал Жайсан ғибадатханасын Батыс Түрік қағанаты құрылғаннан кейін жүз жыл өткен соң, VIII ғасырлар тұсында батыс түрік тайпаларының жеріне келген шығыс түріктері құрғандығын көрсетіп отыр.
Тарихымызға үңілетін болсақ, Жетісу жерін мекен еткен түркі жұртының ғұрыптық ескерткіштерінің белгілі бір аймақта тығыз және топтасып орналасуы сол жерлердің киелілігін айғақтай түсері анық. Ғасырлар қойнауынан жеткен бұл ескерткіштер шын мәнінде ғажайып әсер қалдырады. Бүтін бір халықтар мен мемлекеттердің гүлдену мен құлдырау кезеңдерін бастан өткерген, тарихтың бізге беймәлім жұмбақ сырлары тұнған бұл мұралар қазақ халқы ата-бабаларының өткен өмірінің тілсіз куәгерлері болып қала береді.

Таңшолпан Жүзбаева,
«Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық-мұражайының қызметкері.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support