- Advertisement -

Бұйырған кетпейді, қуған жетпейді

752

- Advertisement -

Франция астанасы Париж төрінде төселген бозкілемде қазақ балуандары барын салып-ақ жатыр. Әлем чемпионатынан грек-рим күресінің шеберлері алтыннан алқа тағынып, 1998 жылы Бақтияр Байсейітов бағындырған биіктікті қайталайды деп үміттенген Алаш жұрты көгілдір экранға телмірді. Алайда, «бұйырған кетпейді, қуған жетпейді» екен.
71 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Демеу Жадыраев алтынмен апталады деп топшылағанбыз. Алғашқы белдесуінде норвегиялық Петтер Карлсенді 2:1 есебімен жеңген Демеу екінші кезеңде Еуропа чемпионы, ресейлік Адам Кураканы 6:2 есебімен тізе бүктірді. Демеу Жадыраев мұнымен тоқтап қалған жоқ. Ширек финалда қырғыз балуаны Нұрғазы Асанқұловтан айласын асырса, жартылай финалда 2016 жылғы әлем чемпионы, венгриялық Балинт Корпашиді жеңе білді. Осы жеңістен соң Демеуден алтын медаль күткенімізді жасыра алмаймыз. Бабы келген балуанның бағы шапса деп тілеген едік. Алайда, ақтық сынға дейінгі қарсыластарын оңай ұта білген қазақ балуаны финалда неміс жігіті Франк Штеблерге 3:8 есебімен жол беріп, әлем біріншілігінің күміс жүлдесін мойнына ілді.
Жадыраевқа бұйырмаған алтын жүлдені Мейрамбек Айнағұлов та қанжығасына байлай алмады. Ақтық сынға дейінгі қарсыластарын қиналмай ұтқан Мейрамбек финалда жапон жігіті Кенитиро Фумитоға ұтылып қалды. Дәл осы жапон балуаны Мейрамбек Айнағұлов үшін алынбас қамалға айналып тұр. Осы жылдың мамыр айында өткен Азия біріншілігінің финалдық бәсекесінде де Айнақұлов Фумитоға жол берген еді. Классиктеріміз әлем біріншілігінің алтынын алатын күн қашан туады екен?

 Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support