- Advertisement -

Ұлт тық телеарна – елдің айнасы

107

- Advertisement -

«Қазақстан» телерадиокорпорациясы жаңа маусымды үлкен өзгерістермен бастайды

Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,
«Қазақстан» РТРК» АҚ Жамбыл
облыстық филиалының директоры.

IMG_62+++75Әрбір маусым ғана емес, көрермендер әрбір күн сайын отандық телеарналардан мазмұндық сипаты – көркем, тартымдылығы – ерекше ұнамды, көрсетілімі – ыңғайлы әрі әсерлі бағдарламалар жобасын күтетінін ескеретін болсақ, сол жұртшылық көкейіндегі сауалдарға толымды үн қату маусымдық өзгерістердің тұтас әрі тиянақты, тұжырымды жұмыстарынан бастау алатыны түсінікті.
Адамзат әлемінде қоғамдық ой-сананы тәрбиелеп, дүниетанымды қалыптастырудың тетіктері аз емес. Солардың ең мықтысы әлбетте, ақпарат саясаты болған, ол және алдағы уақытта бола бермек. Осы заманның үздік технологиялық қажеттілігін жүзеге асырып отырған ақпарат қоғамы индустриалды қоғамды да, еңбек қоғамының үлгілі қасиеттерін де тоғыстырып, қоғамдық саясаттың пәрменді тұтқасын ұстай алады.

Рухани қажеттілік пен сұранысқа сай келуге тиіс делінетін телеарналар жұмысының соншалықты қатты дамуы мен қызметінің үйлесімді болуын адамдар күнбе-күн көз алдында тұрған «сиқырлы қобдиша» немесе ертеректе жиі айтылатын «көк жәшіктен» іздейді. Жай ғана іздемейді, сондай күткен деңгейден көргісі келеді. 

Бұған қоса отандық телеарна­лардың көшбасшысы – «Қазақстан» телерадиокорпорациясының жүз пайыздық мемлекеттік тілде хабар тарататын артықшылығы мен мемлекеттік және ұлттық тәрбие беру мәселесіндегі мәртебесінен ылғи да үлкен өзгерістер күтуі әбден орынды деп білеміз.
Сонымен, жаңа маусым жаңалық­тарын біздің тұрақты көрермен­дерімізге жеткізгіміз келеді.
Жалпы корпорация басшылығының тың шығармашылық ізденістері бірден назар аудартады деп білеміз. Жаңашылдық мағынасында өзгерістер аймақтық телеарналар жұмысын да қамтып отырғанына байланысты арнайы тоқталып айтуды жөн санадық.
28 тамызда «Қазақстан» телерадиокорпорациясының медиа ресурстарында жаңа маусым басталады. Жаңа маусым аясында телерадиокорпорация құрамына енетін арналар мен радиоларда ауқымды өзгерістер орын алады: ребрендинг жүргізіліп, студиялар жаңартылып, жаңа бағдарламалар эфирге қосылады.
Ребрендинг барысында «Қазақстан» корпорациясының медиа активтеріне ортақ, танымал логотип бекітіліп, ренейминг, редизайн жұмыстары жүргізілді. Жаңа логотип – корпорацияның құрамындағы арналар мен радиостанциялардың біртұтастығын білдіретін арнайы белгі ретінде – Қазақстан Республикасының мемлекеттік Туы іспетті жасалды. Жалпы жаңа логотип – корпорацияның технологиялық дамуға ұмтылысын, үлкен медиа отбасы ресурстарының сабақтастығын білдіреді.
Логотип жобасын танымал қазақстандық режиссер және дизайнер Сәкен Жолдас дайындады.
Жаңа маусымда корпорация құрамына енетін 14 аймақтық арналардың атаулары да өзгертіледі. Өңірлерде жаңа медиа брендін қалыптастыру жұмыстары қолға алынып отыр.
Одан бөлек телеарналардың графикалық безендірілуі, музыкалық-топтамалары және «Қазақстан» Ұлттық арнасының ресми даусы да өзгерді.
Жалпы, ребрендингтің басты мақсаты – корпорацияның барлық медиа активтеріне тән, ұлттық дәстүрді әйгілейтін, корпорацияның жаңа әлемдік стандарттарға талпынысын көрсететін – біртұтас танымал белгі құру.
Жаңа маусымда Қазақстан Ұлттық арнасында түрлі бағыттағы ондаған жоба көрерменге жол тартады. Атап айтсақ, «Жібек жолы жұлдызы», «Мен қазақпын» халықаралық музыкалық мегажобалары, ұлттық эстраданы насихаттайтын – «Hit Qazaqstan» музыкалық ән-шеруі жаңа маусымда эфирге енеді. Оған қоса қоғамдық, интеллектуалдық бағыттағы бағдарламалардың саны артады. Бүгінгі заманның сұранысына сай келетін реалити-шоу жанрындағы бағдарламалар көрсетіледі. Кәсіпкерлікті насихаттайтын – «Үміткер», табиғаттың тылсым күші мен құдіретін көрсететін – «24 сағат табиғат құшағында» экшн реалити-шоуы, отбасылық құндылықтарды дәріптейтін – «Ене мен келін». Тағы да эфирден бірқатар деректі фильмдер топтамасы орын алады: Қазақстанның көпшілікке беймәлім тарихы туралы әңгімелейтін – «Киелі Қазақстан», сондай-ақ, еліміздің әйгілі адамдары жайлы сыр шертетін – «Ұлы дала ұлағаты». Сонымен қатар ребрендинг аясында бұрынғы бағдарламалардың да форматы өзгереді.
28 тамыздан бастап, «Қазақстан» Ұлттық арнасы – «Alma TV», «ID TV» сияқты елдегі ірі кабельдік операторлар арқылы HD форматта хабар тарататын болады.
Жаңа маусымға біздің телеарнадағы негізгі өзгерістер корпорация басшылығының аймақтарды дамыту жолын ұтымды әрі жүйелі жоспарлап, жүзеге асырып келе жатқан жұмысынан бастау алады.
Мәселе, аймақтық телеарналар қызметін жаңа талаптарға сай одан әрі жақсарту. Бұл тұста рейтингісі жоғары жобаларды ұсынуды қолға алып отырмыз.
Жаңа маусымда түрлі жобалар жүзеге асады. Қоғамдық-мәдени, әлеуметтік бағыттағы бағдарламалар саны арта түседі. Жамбылдық ақын, жазушы, суретші секілді шығармашылық иелерінің көркем туындыларын насихаттап, жұртқа жеткізетін «Өнер-Зерде», рухани ізгілік пен білімнің кілті – кітап оқу мәдениетін жаңа қырынан көрсететін «Кісілік кітабы», баршаның көкейінде жүрген әлеуметтік мәселелерді ой таразысына салатын «Салмақты сөз», сондай-ақ реалити-шоу сияқты жанрда түсірілетін жастар бағдарламасы, басқа да жобалар көрермендерге жол тартады.
Қазақстан ақпарат кеңістігінде Ұлттық телеарнаның үздік жобалары әрдайым шығармашылық тың ізденістер мен журналистік жаңа қолтаңбаның бай тәжірибесін танытса, еліміздегі ең ірі медиа компанияның әрбір жаңалығы отандық журналистиканы дамытуға серпін беретіні сөзсіз. Ал байтақ еліміздің киелі өңірінің 30 жылға жуық уақыттан бері айнасы болып келе жатқан біздің өңір телеарнасы да заманға сай өркендей бермек.

Суреттерді түсірген
Ақәділ Рысмахан.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support