- Advertisement -

Құрбан айт құтты болсын, ағайын!

137

- Advertisement -

Данияр қажы ЖҰМАБАЕВ,
ҚМДБ-ның облыс бойынша өкілі, «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы.

Аса Қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын!
Қадірлі көпшілік! Алдағы 1 қыркүйек – Құрбан айттың алғашқы күні. Баршамызды айтқа аман-есен жеткізген Алла тағалаға сансыз шүкірлер мен мақтаулар болсын!
Құрбан айт – Жаратушы Иеміз белгілеп берген екі мейрамның ұлығы, айтулы мереке. Халқымыз бұл мейрамға айрықша дайындалып, көпшілікпен ерекше атап өтеді. Берекеге бастаған Құрбан айт бірлік пен игілікке, мейірім мен кешірімге үндейді.
Пайғамбарымыздың хадисінде «Адам баласы Құрбан айт күндері құрбан шалып қан ағызудан да сүйікті басқа іспен Аллаға жақындаған емес. Қаны ағызылған мал қиямет күні мүйіздері, тұяқтары және жүндерімен келеді. Ағызылған қан жерге тамбай жатып, Алланың құзырында үлкен мақамға жетеді. Сондықтан құрбандарыңды көңіл ризашылығымен шалыңдар», делінген.
Алла тағала біздің шалған құрбандығымыздың етіне де, қанына да мұқтаж емес. Керісінше оның әмірін орындап, разылығына жетуге біз мұқтажбыз. Бұл шындықты Құранда: «Олардың «құрбан малдарының» еттері де, қандары да Алла тағалаға жетпейді. Бірақ, Оған сендердің тақуалықтарың ғана жетеді» делінген.
Осы Айт күндері қажылық парызын өтейтін күллі мұсылман баласы Жаратушыға жалбарына дұға жасап, құрбандық шалады. Қасиетті Мекке қаласында халқымыздың бірлігі мен берекесін тілеп жатқан отандастарымыздың да дұғасы, қажылығы қабыл болғай!
Қаржылық мүмкіндігі жоқ адамға құрбан шалу – міндет емес. Құрбандық еті ағайын-туыс, көрші-қолаң, тұрмысы төмен отбасыларына, жетім мен жесірлерге, мүгедектер мен науқас жандарға таратылады.
Құрбан айт күні мұсылмандар көрші-қолаң, туыс-туғанды қыдырыстап, «Айт құтты болсын» айтысады. Айт күндері мейлінше көтеріңкі көңіл-күйде, жылы жүзді, кешірімді болуға тырысу керек. Ренжіскен кісілер қайта табысып, ауырып жатқан кісілердің көңілін сұрап, арнайы бас сұғу, жетім, жесір, мұң-мұқтаждарға қолұшын беріп көмектесу, оларға да айттың қуанышын сездіру өте сауапты істерге жатады. Бұған қоса, әке-шешесіне, отбасындағы жандарға, көрші-қолаң, жора-жолдастарына мүмкіндігінше кішігірім болса да сәлем-сауқат, сый-сияпат жасап, Айт мейрамын ерекше өткізуге де болады. Айтта осындай амалдарды жасау – қоғамдағы адамдардың бір-біріне деген жылылықтары мен сыйластығын арттырады.
Алла тағала разылығы үшін риясыз көңілмен сойылған құрбандық мал ақыретте қылдай жіңішке, қылыштай өткір қыл көпірден өтерде иесіне көп көмектеседі. Пайғамбарымыз бұл жайында: «Құрбандыққа малдың ең жақсысын, көзге жұғымдысын таңдаңдар, өйткені, ол – қыл көпірден өтердегі өз көліктерің», дейді.
Құрбандық шалу – мүмкіндігі бар барлық адамға уәжіп. Ислам дінінде әйел экономикалық тұрғыдан дербес, өзіндік жауапкершілік иесі болып саналады. Сол себепті меншіктік құқы өзіне ғана тиесілі, байлығы нисап мөлшерінен асса, әйелдің жеке өзі құрбандық шалуы– уәжіп.
Құрбандық малдың дені сау, етті және дене мүшелері түгел болуы керек. Оның бойында құрбандық ретінде шалуға кедергі келтіретін кемшіліктер болмауы қажет.
Құрбандық шалған кезде төмендегі жайттарға да назар аударған жөн. Құрбан шалынатын жердің таза болуына көңіл бөлу, құрбан шалатын жерге малды ұрмай-соқпай, жәбірлемей апару, құрбан малын құбылаға қаратып, сол жағымен жатқызу шарт. Құрбан малын: «Иә, Алла тағалам, досың Ибраһим, сүйіктің Мұхаммедтен (салаллаһу алейһи уәссәләм) қабыл алғаныңдай менен де қабыл ала гөр!» «Бисмилләһ, Аллаһу әкбар» деп бауыздайды. Құрбандық малды басқа адамға бауыздатқан кісі мал бауыздалып жатқанда «Бисмилләһ, Аллаһу әкбар» деп қоса айтқаны жөн. Малды бауыздайтын кісі бауыздарда біле тұра әдейі бисмилләһ деп айтпаса, Ханафи мәзхабы бойынша ол малдың еті желінбейді.
Құрбан шалудың уақыты Құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні ақшамға аз уақыт қалғанға дейін жалғасады. Жарықтандыру жүйесі нашар орындарда түрлі қателіктерге жол бермеу үшін түнде құрбандық шалу мәкрүһ болып саналады. Ал жарықтандыру мүмкіндігі жеткілікті жерлерде түнде де құрбандық шалына береді.
Құрбандыққа шалынған малдың етін үш бөлікке бөліп тарату – мұстахап. Бір бөлігі туған-туыс, көршілеріне, бай болса да сыйға тартылады, екінші бөлігі – кедей және мұқтаж адамдарға, үшінші бөлігі – өзінің отбасына, бала-шағасына тиесілі. Дегенмен, шалынған малдың етін түгелдей кедей-мұқтаждарға таратуға да болады.
Құрбанға шалынған малдың ешқандай бөлшегінен қасаптың ақысы ретінде төлеуге болмайды. Хазірет Әлидің былай дегені риуаят етілді: «Алла Елшісі (салаллаһу алейһи уәссәләм) түйелер құрбандыққа шалынған уақытта басында тұруымды және терілерімен жүндерін таратуымды әмір етті. Олардың ешбір нәрсесін қасап ақысы ретінде беруге маған тыйым салды. «Қасап ақысын біз өзіміз береміз», – деді. Құрбандыққа шалынған малдың терісі кедейлерге, қайырымдылық қорларына беріледі.
Қой немесе ешкі іспетті ұсақ малды құрбандық ретінде тек бір адам ғана шалады. Ал түйе немесе сиыр секілді ірі қара малдарды бір кісіден жеті адамға дейін бірігіп немесе бір адам жеке өз атынан да соя алады. Құрбан шалуға біріккен кісілердің барлығының ниеті құрбандық құлшылығын өтеу мақсатында болуы керек. Егер осы адамдардың ішінен біреуі құрбандыққа тек ет алу ниетімен қосылса, барлығының да құрбандығы құрбандық ретінде саналмайды.
Кез келген адамның дүниеден озған туысына немесе қадір тұтқан кісілеріне сауабын бағыштау ниетімен құрбандық мал шалуына болады. Бірақ мойнына құрбандық шалу уәжіп болған кісі ең әуелі өз атынан құрбандық шалуы тиіс. Бұл жерде мына мәселеге де басты мән беру керек: егер қайтыс болған кісі өз атынан арнайы құрбан шалуды өсиет етіп айтып кеткен болса, бұл құрбандық осы айт күндері шалынуы тиіс. Құрбандық шалған адам оның етін жей алмайды. Оның етін толығымен таратуы керек. Егер қайтыс болған кісі арнайы өсиет етпей, бірақ сөйте тұра оның артынан қалған дүние-мүліктен алынып, құрбан шалынса да оның үкімі әлгіндей болады. Ал марқұм өсиет етпеген, бірақ сіз ізгі ниетпен өз қаражатыңызға мал сатып алсаңыз оны Құрбан айт күні немесе басқа кез келген уақытта шала аласыз. Мұндай құрбандықтың етін жоқ жітікке таратуға да, өз отбасыңызға да қалдыруға болады.
Жұма намазы парыз болған жандарға осы екі айт намаздары да – уәжіп.
Құрбан намазын кешіктірмей, ал Рамазан айт намазын аздап кешіктіру – сүннет. Рамазан айтта айт намазынан бұрын құрма секілді бір нәрсе жеу, Құрбан айтында болса, айт намазы оқылмай тұрып ештеңе жемеу – мұстахап.
Алла баршамыздың дұғаларымызды қабыл етсін!

Қажылық қабыл болсын!

Қажылық – мұсылмандардың бес парызының бірі. Сондықтан бұл қасиетті сапарға барушылар легі толастаған емес. Қазіргі таңда қажыларға қызмет етуші фирмалар да жеткілікті. Фирма өкілдерінің бағасы да әртүрлі. Мәселен, эконом пакеттер 3200 АҚШ долларын құраса, VIP пакеттер 10 000 доллардан басталады. Төлемнің жоғарылығына қарай көрсетілетін қызметтің де сапасы жақсара бермек. Елімізде «Кәусар», «Хикмет», «Сапар» атты туристік фирмалар қажылыққа барушыларды тасымалдаумен тұрақты айналысып келеді.
Биыл Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы жанынан «Тауаф–трафил» қажылық фирмасы жұмысқа кірісті. Осы фирманың қызметін пайдаланып, жуырда 300 адам Меккеге сапарға шықса, оның 15-і біздің өңірден. Облыс аумағынан шамамен 100-ден астам мұсылман қажылыққа аттанған. Олардың арасында облыстық «Һибатулла-Тарази» мешітінің найб-имамы Ержан Аманбаев бар.
Жалпы, еліміз бойынша 2500 адам сауапты сапарда. Олардың барлығына қажылық қабыл болсын деп тілейік!

«Ақ жол-Ақпарат».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support