- Advertisement -

Қанатымен су сепкен қарлығаштай…

352

- Advertisement -

Осы күні емші, шипагер десе тіксініп қалатындар бар. Бәлкім, емшінің бәрін өткеніңді айтып, болашағыңды болжайтын тәуіп, балгер, құмалақшымен шатастыратын шығар. «Медицинадан мықтысы жоқ, қайткенде де дәрігерге көрінген дұрыс!» дейді мұндайда бірден кесіп айтып. Алайда, олар емшілердің халықтық медицинаны жаңғыртушылар екенін саралап жатпайды.
Бүгінгі әңгімеміз меркілік халық емшісі Әтіркүл Байәлі жайында. Бір кездері бұл кісі жайлы республикалық газет-журналдар кең көлемде жазған екен. Тіпті жұртқа кеңінен танымал ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ақұштап Бақтыгереева біздің кейіпкеріміз жайында: «Әтіркүл тек емші ғана емес, халықтың қамын ойлаған, қанатымен су сепкен қарлығашы. Қуаты сарқылмасын», – деп республикаға тарайтын газеттердің бірінде тілек білдірген болатын.
Әтіркүл апай айтыстың Ақмаралын да аурудан айықтырған. Емші ұзақ жылдан бері жоғары қан қысымы, ми шайқалу, нерв жүйелері, жүрек пен бауыр дертін емдейді. Кеңсірік маңқасы (гайморит), полиартрит, остеомиолит, қансоқта сырқаттарынан да апайдың емінен кейін құлан-таза айығып кеткендер аз емес. Әтіркүл Қырғызбайқызының алдына келген мида жоғары қан қысымынан кейін сал болып қалғандар да, бүйрегі төмендеп кеткендер де, сүйегі сынғандар да, күйіп қалғандар да, ұйқысыздықтан зәрезап болғандар да, мидағы жеткіліксіздікке байланысты қол-аяғы қозғалмай қалған балалар да дертіне шипа табады. Сондай-ақ бұл кісі құлғана (экурез), тоқ ішектің айналып кетуі (геморрой), іштің жүрмей қалуы, алқымісік (зоб) ауруларының да емін өте жетік біледі.
Әтіркүл Қырғызбайқызы ұзақ жыл медицина саласында еңбек етіпті. Әкесі Қырғызбай осы қызының емші болатынын тұлымшағы желбіреген кішкентай кезінен сезген екен. Сол себепті, мектеп бітіргеннен кейін медреседе білім алуға кеңес беріпті.
Бес уақыт намазын қаза қылмайтын апай үстіне қылау жұқтырмайтын, тазалықты сүйетін жан. Дертті адамдарға да бар ықыласын төгіп, ыждаһатты ем жасайды. «Арбаға таңылған, балдаққа сүйенгендердің орнынан тұрып кеткенін көргенде іштей шүкіршілік айтамын. Адамдарға қуаныш сыйлаған қандай жақсы. Дертті адамдарды емдегенде бойым жеңілдеп қалады», – дейді емші апай.
Бұл кісі кезінде Мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевты да емдеген екен. Үлкен адам Әтіркүлдің емшілік өнерін жоғары бағалапты.
Әтіркүл Қырғызбайқызына 1991 жылы республикалық халықтық медицина орталығында еңбек етуге шақыру келген екен. Бірақ, апай елдің ішінде отырғанды мақұл көрген тәрізді. Емші қазір Меркі ауылында Есенин көшесінде тұрады. Дертіне шипа іздегендерге емші үйінің есігі ашық. Оның есімі Ресейге, Орта Азия мен Қиыр Шығыс елдеріне де белгілі. Ол жақтан да емшіні іздеп келетіндер аз емес.

Есет Досалы,
«Ақ жол».

Меркі ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support