- Advertisement -

Бір ауданда екі дәрігерлік амбулатория ашылды

100

- Advertisement -

Қостөбе ауылында 15 науқасты қабылдайтын жаңа дәрігерлік амбулатория ашылғанда тұрғындар да, сала мамандары да қуанды. Себебі, медициналық көмекті қолжетімді етудің бір жолы – ауылдық жерлерде дәрігерлік амбулаториялар ашу. Заманауи құрылғылармен жабдықталған мұндай емдеу мекемелері тұрғындарға аса қажет.

Басы ауырып, балтыры сыздағандар осында келіп, дәрігерлік тексеруден өтеді, керекті ем-домын алады. Бұл бір жағынан ауруханалардағы стационарлы емдеуге арналған төсек санын қысқартуға мүмкіндік береді.
Амбулаторияның ашылу салтанатына аудан әкімі Рахметілда Рахманбердиев қатысып, Елбасымыздың бастамасымен елімізде елеулі іс-шаралар атқарылып жатқанын, оның ішінде денсаулық саласына ерекше көңіл бөлініп отырғанын айтты. Ал ауыл ақсақалдары кеңесінің төрағасы, еңбек ардагері Мәмет Сүлейменов емдеу нысанының бой көтеруіне атсалысқан азаматтарға алғысын білдіріп, ел игілігі жолындағы жұмыстарына табыстар тіледі.
Қостөбелік көп тұрғынның қуанышымен ғимараттың құрылысын жүргізген «Binna-K» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Керім Аташев та бөлісіп, емдеу мекемесінің кілтін аға дәрігер Қалтаев Ғалымжанға салтанатты түрде табыс етті. Аудан әкімі Р. Рахманбердиев пен Байзақ аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Р.Сапарбеков жаңа нысанның лентасын қиған соң қостөбеліктер ғимарат ішіне кіріп, бөлмелерін аралап көрді. Ауылдағы амбулатория талапқа сай жабдықталыпты. Анықтама, зертхана, екпе егу, залалсыздандыру, терапия, педиатрия, әйелдерге көмек көрсететін орын мен күндізгі ем-шара кабинеттерінде толықтай соңғы заманауи құрал-жабдықтарының бәрі бар.
Дәл осы күні аудан әкімі А. Сухамбай ауылындағы 15 келушіге арналған дәрігерлік амбулаторияны да салтанатты түрде ашып, ауыл тұрғындарын қуанышқа кенелтті. Емдеу мекемесінің символдық кілті оның меңгеруші У. Мырзашеваға тапсырылды.
Жалпы, бұл медициналық мекеменің құрылысына бюджеттен 60 946 341 теңге бөлінген. Құрылыс жұмыстарын «Тиберда» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізді. Жаңа ғимарат заманауи үлгідегі жабдықтармен толық жабдықталған. Кең әрі жарық, науқастарды емдеуге барлық жағдайы жасалған зәулім мекемелер ендігі жерде тұрғындарға сапалы медициналық көмек көрсетері анық.

Ардақ үсейінова,
«Ақ жол».

Байзақ ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support