- Advertisement -

Мемлекет қолдауымен мерейі өскен шаруалар

117

- Advertisement -

Шұжықтан басталған бизнес

Мемлекет басшысы еліміздің агроөнеркәсіп саласы мамандарына азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуді және өндірілген өнімнің экспорттық әлеуетін арттыруды ұдайы міндеттеп келеді. Бұл мәселеге 5 реформа: «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының 61-қадамында да айрықша мән берілген. Ал ет экспортын еселеу тек сойыстық мал санын арттырумен ғана біте қалатын шаруа емес. Бордақы малын көбейту өз алдына, оны бүгінгі күннің өскелең талабына сай орындарда сойып, етін жіліктеп, ішкі ағзаларына дейін өңдеп тұтынушыларға еуростандарт үлгісінде ваакумдық қапшықтарға салып ұсыну өндірісін игеру де керек. Сонымен қатар қаншама уақытта да сапасын жоймайтын, ішкі-сыртқы нарықта үлкен сұраныспен қабылданатын шұжық тәрізді дайын өнімдер шығару да айтқанға ғана оңай. Міне, осы тұрғыда Қордайдағы «Первомайские деликатесы» ЖШС биыл іске асырып отырған екі үлкен жобаны атап айтуға болады.

«Первомайские деликатесы» – сонау кеңес кезінен белгілі шұжық өнімдерінің ең таңдаулы үлгілерінің брендтік атауы. Оны дайындау құпиясын меңгерген әйдік мамандар мен өндіріс орны қырғыз елінде күні кешеге дейін жұмыс істеп келді. Міне, солармен ынтымақтастық нәтижесінде он шақты жыл бұрын Қордайда пайда болған шағын шұжық цехы жылдар бойы дайын өнімдерді түр-түрімен шығаруда мол тәжірибе қалыптастырды. Нәтижесінде олардың сапалы өніміне сұраныс төмендеген жоқ, ол тек қордайлықтардың ғана емес, облыс пен өзге аймақтар тұрғындарының да жеңсік асына айналды деуге болады. Бұған, аудан кәсіпорны өнімдерінің облыстық, республикалық деңгейдегі түрлі сапа байқауларында жылма-жыл жүлдегер атануы дәлел. Өйткені өнімнің барлық санитарлық талаптары қатаң сақтала отырып, заманауи жоғары технологиялық жабдықтар көмегімен шығарылады. Дәмді шұжық дайындаудың өздері меңгерген құпиясы және бар. Сөйтіп, өздерінің сапа белгісімен тұтынушылар талғамына сай шығарылған өнімін ірі қалалардағы супермаркеттердің сөрелеріне ұялмай ұсына аларлық деңгейге көтерілді. Бірақ, шағын цехтың әлеуеті құшақты кеңге салуға аздық ете бастады. Ісінің болашағына көз жеткізген кәсіпкер Бектұрсын Жансеріков енді шұжық цехын өндірістік қуаты жылына үш мың тонналық өнім шығаруға есептелінген үлкен кәсіпорынға айналдыруға тәуекел етіп, былтыр жаңа бизнес жобасын дайындады. Бұл жоба облыс басшылығы тарапынан қолдау тапты. 2017 жылға белгіленген индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында өңірдегі инвестиция көлемі 15,4 миллиард теңгені құрайтын 12 инвестициялық жоба қатарына Қордайдағы шұжық цехын жаңғырту да енгізіліп, «Өндірісті дамыту» бағдарламасы аясында «Даму» қорынан 291 миллион 652 мың теңге несие бөлінген болатын.

Аудан орталығын-дағы бұрынғы «оныншы» автобаза орнындағы шағын шұжық цехының қасынан бір жыл ішінде жаңа ғимарат тұрғызылып, шұжық өнімдерін дайындаудың германиялық және швейцариялық осы заманғы жабдықтары орнатылған. Жер астынан қазылып салынған шикізат сақтауға, дайын өнімдерді өткізуге арналған тоңазытқышты қоймалардың өзі әлденеше.
– Бұған дейінгі шағын цехта он шақты адам жұмыс істеп, тәулігіне бес-алты тонна өнім шығарып келсек, енді елу адамға жаңа жұмыс орны ашылып отыр, – дейді кәсіпкер Б. Жансеріков. – Өз жабдықтарын ұсынған шетелдік фирма өкілдері жергілікті мамандарды жаңа технологиямен жұмыс істеуге үйретті. Енді мұнда тәулігіне 13 тоннаға дейін өнім шығарылып, бұрыннан тапсырыс беруші Алматы, Шымкент қалаларындағы ірі сауда орындары мен көрші Шу, Меркі және әрине, Қордай ауданының тұтынушыларына ұсынылатын болады. Ал өнімнің ассортиментіне келсек, ол саудадағы сұранысқа сай ысталған, қайнатылған, бұқтырылған түрде жүздеген аталымға дейін өзгеріп тұрады.
Осы аптада жаңа цех іске қосылып, алғашқы өнімін шығаруға кірісті. Әлі-ақ өңір тұтынушылары қордайлық өндірістен шыққан дәмі тіл үйіретін шұжықтарды молынан тұтына бастайтын болады.

Өңірде баламасы жоқ қасапхана

Мұндай жаңа өндіріс шынында да біздің өңірде кездесе бермейді. Кейбір аудан орталығы мен ауылдардағы қазіргі қасапханаларда бүкіл жұмыс қолмен атқарылатын болса, мұнда барлығы автоматтандырылған. Оны қалалардағы ірі ет комбинатымен ғана салыстыруға болар. Қордайдан Алматы бағытына бес шақырымдай ұзап шыққан бойда сол қанатта бой көтерген жаңа құрылыс нысаны бір жылға жетер-жетпес уақытта пайдалануға беріліп отыр. Бұл да «Первомайские деликатесы» ЖШС-на тиесілі. Кәсіпкер бұл қасапхананы тұрғызуға қажетті қаржыға да мемлекеттің қолдауымен қол жеткізген. Жалпы, бөлінген 858 миллион теңгенің 359 миллион теңгесіне жабдықтар орнатылған. Жабдықтар болғанда қандай – біріне-бірі жалғасты голландиялық конвейер ірі қара малын он минутқа жеткізбей терісін сыпырып, етін боршалап, ішек-қарнына дейін жуып, тазартып орын-орнына қойып береді. Қой етін боршалау тіпті, одан да тез. Ал күніне мұнда 120 ірі қара, 80 қой союға болатынын ескерсек, күні ертең бүкіл ауданның мал бордақылаушылары осында келеріне дау жоқ. Соятын малды ауданның агроқұрылымдарынан, жеке мал семіртушілерден сатып алу жоспарланған. Арасында бір мезгілде үш мың ірі қара бордақылап отырған «Медет» ШҚ тәрізді ірі ет өндірушілер де бар. Тіпті аздық еткен күнде серіктестіктің өз қосалқы шаруашылығының етке арналған малы да осында әкелінеді. Әрі таза, әрі тез, әрі бағасы да тиімді. Мал өсірушілер сойғызған етін қайда өткіземін деп бас қатырмайды, екі арада делдалдарға жем болып жатпастан малын қасапханаға жеткізіп береді де, есеп бөлімі арқылы ақысын өз есеп шотына аударып алады. Екі жаққа да тиімді.
Бектұрсын Жақсыбайұлымен бірге қасапхана жұмысымен де танысып шықтық. Жалпы, өндіріс кешені малды сою және етті өңдеу бөліктерінен тұрады екен. Әр цехта он бестен жұмысшы, одан бөлек басшы, қосшысы, инженер, технигі, есепші, қызметшісі бар он шақты, барлығы қырықтан аса адам жұмысқа тартылған. Кейінірек жұмыс көлемі артып, екі-үш ауысымда жұмыс істеуге көшкен жағдайда жұмыс орны жүзге дейін жетуі мүмкін.
Әкелінген мал алдымен бөлек қорада демалдырылып, бас мал дәрігері Болар Байшымыровтың мұқият тексеруінен өткізіледі, таразыға тартылып, салмағы тіркеледі. Бұдан соң қасапхана меңгерушісі Эрнесть Арасуловтың бақылауымен біртіндеп сою цехына қабылданады. Арнайы құралмен есінен тандырылған мал алқымдағы күре тамырын кесіп бауыздалады. Соның өзінде мұнда мұнтаздай тазалық, сойылып жатқан малдың қан-жыны су қысымымен шайылып төменге ағызылып әкетілуде. Ыңғайлы жұмыс киімді қасапшылардың қимылына көз ілесер емес. Бауыздалып, артқы аяқтарынан айналмалы транспортерге ілінген ірі қараның әп-сәтте терісі сыдырылып, одан әрі ішкі ағзалары алынып, ішек-қарны бөлек әкетіліп жатыр. Электр арамен жонарқадан қақ бөлінген еті сол ілулі қалпында біраз уақыт салқындатқыш камерада тұрғаннан соң өңдеу кешеніне өткізіледі. Мұнда да етті үстел үстінде жаймалап белгілі бір тәртіпте арамен зыр-зыр кесіп бөлшектеуге әбден машықтанған мамандар жұмыс істеуде. Дүкен сөрелерінен көретініміздей сүйексіз жұмсақ ет, жілік, қабырға тәрізді түрлерге бөлінуде. Мұнда етті осылай түрлі сапалық ерекшеліктеріне қарай іріктеп қана қоймай, фарш және жартылай фабрикат түрінде де дайындауға мүмкіндік бар екен.
– Жуық арада барлық тиісті құжаттарымыз қолға тиісімен жергілікті тұтынушылармен қатар басқа облыстардың, бәлкім Қытай тәрізді шетел тұтынушыларына да қатталған сиыр етін, антрекоттарды (сиырдың қабырға еті) өткізуге мүмкіндік туады, – дейді серіктестік басшысы Б. Жансеріков. – Қазақстанның дүниежүзілік сауда ұйымына кіруіне байланысты өндірілетін өнімнің сапасын және бәсекелестігін арттыру басты міндетімізге айналып отыр. Онымен бірге кедендік одақтың техникалық регламентіне сәйкес сатуға арналған малдың етін міндетті түрде мемлекеттік тіркелген және тізімге енгізілген арнайы орында сойылған жағдайда ғана шетелге шығаруға болады. Сөйтіп, біздің өңір де экспортқа ет шығаруға құқығы бар бірден-бір кәсіпорын атанудан үміттіміз.
Жаңа қасапханада мал сойылар алдында тірідей, сойылған кезде ішек-қарнының үлгілері, соңында дайындалған ет түрінде бірнеше мәрте малдәрігерлік тексеруден өткізіледі. Бұл да әлемдік стандарттың бір талабы. Саудаға шығаруға дайындалған ет түрлі режімде жұмыс істейтін бірнеше тоңазытқыш камераларда сақталады. Шұжық цехындағыдай қасапхана жұмысшыларының да орташа жалақысы 90-100 мың теңгені құрайды. Мұнда да олар үшін асхана, жуынатын, кір жуатын орындар жұмыс істейді. Аумақты жерді алып жатқан жаңа кәсіпорынның төңірегін абаттандырып, гүлзар орналастырып, сәндік ағаштар отырғызу қолға алынып жатыр.
Мемлекет қолдауымен пайда болған жаңа өндірістің әлі-ақ өңірдегі экспортқа бейімделген өнімдер шығаруға қабілетті, табысты кәсіпорындардың біріне айналары анық.

Құрманбек Әлімжан,
«Ақ жол».

Қордай ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support