- Advertisement -

Өлі разы болмай, тірі байымайды

231

- Advertisement -

IMG_5688Бала күнінен зеректігімен ерекшеленіп, кейіннен Алматы қаласындағы Ұлттық қауіпсіздік академиясында білім нәрімен сусындаған Ринат Қойбақов еңбек жолын облыстық ұлттық қауіпсіздік комитетінде бастап, 2010-2011 жылдары Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті орталық аппаратында қызмет етіп, адал еңбегі үшін капитан шенін алған еді. Кейіннен Ақмола облысында жауапты қызмет атқарды. 2012 жылы қызметтік сапарда жүрген ол айтып келмейтін жол апатынан көз жұмды.
«Адал еңбек – бәрін жеңбек» қағидатын ұстанған, жастай дүниеден озған адал ұлды әріптестері мен туыстары қаперден шығармай, Бауыржан Момышұлы ауылында шағын футболдан облыстық турнир өткізді.
Шағын футбол турнирінің ашылу салтанатында Жуалы ауданы әкімінің орынбасары Нарбай Ергебеков, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев, Ұлттық қауіпсіздік комитеті облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Жылқыбай Сейдәзімов, ішкі істер саласының ардагері, марқұмның әкесі Базархан Қойбақов сөз сөйлеп, Ринаттың еңбекте адал, рухы өр азамат болғанын әңгімеге арқау етті. Жауапты қызметті жан жүрегімен атқарған Ринат Қойбақовтың азаматтық болмысы, өз ортасындағы қадір-қасиеті хақында да жылы сөздер молынан айтылды. Соңыра Әбілқасым Ергебеков қарияның ақ батасымен дода басталып кетті.
Жарысқа сегіз команда қатысып, дода көркін қыздыра түсті. Екі топқа төрт-төрттен бөлінген командалардан тек төртеуі жартылай финалға шығып, жүлде жолындағы жорықтарын жалғастырды. Шағын футбол додасында Жамбыл командасы жасындай жарқырады. Бауыржан Момышұлының командасымен ойнаған олар қарсыластарынан 5:2 есебімен айласын асырса, ҰҚК командасын 2:1 есебімен жеңе білді. Сондай-ақ, ТарМУ ұжымын да ұтты. Ал ТарМУ командасы Бауыржан Момышұлы ауылының намысын қорғаған ұжымды 7:1 есебімен жеңсе, ҰҚК командасын 2:1 есебімен ұтып, жамбылдықтармен бірге жартылай финалға шықты. Екінші топта төтенше жағдайлар департаментінің ұжымы мен Жуалы құрамасы қарсыластарынан оқ бойы озық болды.
Жартылай финалда Жамбыл командасы Жуалы құрамасын 2:1 есебімен тізе бүктірсе, төтенше жағдайлар департаментінің құрамасы ТарМУ командасынан басым түсіп, ақтық сынға жолдама алды. Үшінші орын үшін өткен ойында Жуалы құрамасы ТарМУ жігіттерін жеңіп, үздік үштіктен көрінсе, төтенше жағдайлар департаментінің құрамасы Жамбыл командасына ұтылып, күміс жүлдені қанағат тұтты. Ал жарыс жеңімпазы – Жамбыл құрамасы.
Дода аяқталған соң марапаттау рәсімі өтті. Жеңіске жеткен Жамбыл командасына 100 мың теңге сыйақы мен диплом тапсырылса, екінші орын иегерлері төтенше жағдайлар департаментінің командасы – 50 мың, үшінші орын алған жуалылықтар 30 мың теңге жүлдеге иелік етті. Сонымен қатар турнир үздіктері де марапаттан тыс қалған жоқ.

Табиғат АБАИЛДАЕВ,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support