- Advertisement -

Жұлдызы биік Жуалы

186

- Advertisement -

IMG_5248 IMG_5187Елбасы «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында өркениетке бастайтын жолды айқын көрсетіп берді. Жолдау міндеттеген жаңғыру жолдары «Қазақстан-2050» Стратегиясы мақсаттарына бастайтын сенімді көпір әрі «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын жүзеге асырудың негізгі тетігі. Бір сөзбен айтқанда, мақсат – айқын, міндет – белгілі.
Облыстық ішкі саясат басқармасы өңірлік коммуникациялар қызметінің Жуалы ауданына ұйымдастырған баспасөз турында Мемлекет басшысы тапсырмаларының қалай орындалып жатқанын көріп, ілкімді істердің куәсі болдық.
Облыстық газеттер мен телеарна өкілдерінен жасақталған топ алдымен Бауыржан Момышұлы ауылындағы «Аягүл» балабақшасына барды. Бұл мектепке дейінгі мекемені Гауһар Маханбетова ширек ғасырдан бері басқарып келеді екен. 2014 жылы күрделі жөндеуден өткен 280 орындық балабақша ғимараты бір жаңарып қалыпты. Тәжірибелі басшысы бар мекемедегі жұмыс та жүйелі. Мұнда 12 топ бар, 100 адам еңбек етеді. Біз келгенде «Құлыншақ» тобы ермексазбен тау-тас мүсінін тұрғызып жатты. Төрт жасар Әлинұр Ниязбек журналистерге ағылшынша ән салып берді. «Еркем-ай» тобы «Алдар көсе» ертегісінен үзінді көрсетті. Ең кіші «Ұлан» тобын да аралап көрдік. Екі жасар бүлдіршін Мансұр Мейрамбек тақпақ айтып тақылдап тұр.
«Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша ауылға келіп, осы мекемеге жұмысқа қабылданған жас маман Ағжан Есдәулетова жақында баспаналы болыпты. Ол бүлдіршіндермен жұмыс істеу, қызық әрі жауапты екенін айтады.
Біздің топ бұдан кейін «Бурный сүт компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне ат басын бұрды. Әбдібек Пошкаев басқаратын серіктестік тәулігіне 50 тонна сүт өңдейді екен. 80 адам жұмыспен қамтылған. Серіктестік басшысы шаруашылықтардан сатып алынған сүт әуелі зертханадан өткізіледі дейді. Одан кейін майға, сырға және сақтауға лайықталып бөлініп, сыр екі тәулік тұздықталып, тазаланып, қорапқа салынып, мұздатқышта 40-45 күнге дейін сақталатын көрінеді. Кәсіпорынның өнімдері еліміздің барлық қалаларында үлкен сұранысқа ие. Мұнда айына 700 тонна сүт құйылып, 300 тонна сыр жасалады. Тәжірибелі технолог Юра Калбыкина, жас маман Майра Жүрсінова, Нұрсәуле Балғанбетова жұмыстың жағдайын жақсы біледі.
Бұдан кейін БАҚ өкілдері «Мешелова» кәсіпорнында болды. Кәсіпорынның ұйымдастырушысы Қуаныш Мешеловтың айтуынша, мұнда тәулігіне 35 тонна сүт өңделіп, сатылымға шығарылып, жасалған сары май, брынза, ірімшік, сулугуни, моцарелла, чечель өнімдері Ресейге де жөнелтіледі екен. Еліміздің бірнеше ірі қалаларынан да кәсіпорынның өнімдеріне сұраныс көп. Мұнда оператар Ермұхан Тәттібаев, қойма меңгерушісі Әкежан Орынбасар, сыр өңдеуші Бекзат Қалманов өнімді еңбек етуде. Сүт өңдейтін жаңа қондырғылар Болгариядан әкелінген. Кәсіпорын қожайындары «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 80 миллион теңге несие алып, жұмыстарын жандандырып отыр.
Біз Ақсай ауылындағы «Әлібек» шаруа қожалығының жұмысымен де таныстық. Қожалық төрағасы Шаяхмет Қалдарбековтің 100 мүйізді ірі қарасы бар екен, оның 55-і сүтті сиыр. Соның арқасында тәулігіне 350 литр сүтті 85 теңгеден өткеріп, мемлекеттен әр литр үшін 15 теңге субсидия алып отыр. Бұл дегеніңіз тәулігіне 35 мың теңге таза табыс деген сөз. Мұнан бөлек оннан аса жылқысы, ұсақ малы өрісте жүр. 80 гектар егістік жері, 7 техникасы бар. Жем-шөбі өзінен шыққан соң, бұл қожалыққа мал өсірген қолайлы. Шаруаға баласы Зерек те, немересі Нұрасыл да болысады.
Нұрлыкент ауылында 30 орындық амбулатория салынып жатыр екен. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 105 миллион қаражат бөлініп, мердігер «АСАУ-ИнвестНИК» компаниясы жұмысқа құмбыл кірісіпті. Биылғы наурыз айында басталған жұмыс алдағы тамыздың соңына дейін аяқталады деп күтілуде. Мұнда 40 бөлме бар, 5 орындық күндізгі стационар болады деп жоспарлануда. Аталған компанияның учаске басшысы Сәбит Нысанбаев нысанда 35 адам еңбек етіп жатқанын, бүгінде жұмыстың 60 пайызы жүзеге асқанын айтады.
Бұл ауылда өңір тұрғындарына белгілі «Гамбург» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де орналасқан. Мұнда 2 мың мүйізді ірі қара бордақылануда. Келешекте мүйізді ірі қара санын 3 мыңға жеткізу көзделіп отыр екен. Нұрлыкент ауылындағы нәтижелі жұмыстарды баспасөз турына қатысушылар оң бағалады.
Ал Қызыларық ауылында 150 орындық мектеп құрылысы салынып жатыр екен. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен биыл 283 миллион 567 мың теңге қаражат бөлініп, мердігер «Даража» компаниясы жұмыс жүргізуде. Келесі жылы өңір қазынасынан 189 миллион 803 мың теңге қарастыру көзделуде. Үш ауысыммен оқып, әбігерге түскен Қызыларықтағы оқушылардың жаңа мектепте білім алатын күндері де алыс емес. Мектеп құрылысы келесі жылы шілдеде толық аяқталады деп күтілуде.
Келесі кезекте БАҚ өкілдері Жаңаталап ауылындағы «Жаңаталап» шаруа қожалығының жұмысымен танысты. Шаруашылықтың жалпы 280 гектар егістік жері бар. Қожалық басшысы Бауыржан Тәжіханов биыл 40 гектарға қант қызылшасын, 20 гектарға картоп өсіріп отырғандарын айтады. 60 гектар аумақты қамтитын жоңышқалықтан да түсетін табыс мол. Жаңбырлатып суару технологиясын да енгізген. Қожалық қазір 200 ірі қараны бордақылап отыр.
Владимир Воронов басқаратын «Ара» шаруа қожалығы арамен бірге балық өсіруді де қолға алыпты. Су тоғандарына фарель, сазан, табан, ақ амур балығының миллионнан астам шабақтарын жіберіпті. Қожалыққа қарасты 4 су тоғанында балықтар аспанға шоршып жатар кез алыс емес. Ара өсіру жұмысын дамыту да жоспарлануда. Шаруашылық басшылығы 19 гектарға күнбағыс, 5 гектарға картоп, 17 гектарға жоңышқа өсіріп, мол өнім алуды көздеп отыр.
Баспасөз туры барысында БАҚ өкілдерінің көзбен көріп, көңілге түйгендері осындай. Жұлдызы жоғары Жуалыда жарқын жұмыстар жалғасын тауып жатыр екен.

Есет ДОСАЛЫ,
«Ақ жол».

Жуалы ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support