- Advertisement -

Жамбылдың бір бренді қызғалдақ болмақ

132

- Advertisement -

Тұңғыш Президент саябағында облыстық кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен қызғалдақтар фестивалі өтті. Шара аталған гүлдің жабайы түрін сақтап қалу мен қызғалдақтар ландшафын қолдану, экологиялық және эстетикалық туризм түрін дамытуға арналды. Фестивальге облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов қатысып, көрмеге қойылған бұйымдармен танысты.
«Қазақстанда қызғалдақтардың 35 түрі бар, олардың 18-і «Қызыл кітапқа» енген. Қызғалдақтар өсетін алқаптарға немқұрайлық танытып, өсуіне қолайлы жағдай жасамаған адамдардың салдарынан бұл өсімдіктің түрі азайып барады. Қызғалдақтар облыстың брендіне айналуы тиіс және оған мүмкіндік мол. Бастысы – адамзат қызғалдақтардың түрлерін сақтап қалып, бұл гүлдердің ерекшеліктерін ұғынса екен. Сол себепті де баршаңызды қызғалдақтар өсетін табиғи орындарды қорғауға шақырамыз», – деді облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары Аспандияр Сейсебаев.
Бұған дейін облыс аумағында қызғалдақтарға арналған кішігірім жиындар болған екен. Алайда, дәл осындай ауқымды шара тұңғыш рет өткізіліп отыр. Енді қызғалдақтар фестивалі жыл сайын сәуір айында тұрақты өткізіліп тұрмақ.
Фестиваль барысында «Қызғалдақтардың үздік фотосуреті», «Қызғалдақтар туралы аңыз» және «Қызғалдақтар» сәндік-қолданбалы өнер бұйымдары» аталымдары бойынша фотокөрме, байқаулар ұйымдастырылды. Байқауға 12 фототуынды, облыстағы қызғалдақтардың 41 суреті және 32 сәндік-қолданбалы өнер бұйымдары мен 20 аңыз әңгіме қатысты. Қазылар алқасы көрмеге ұсынылған жұмыстарды бағалағанға дейін облыс өнерпаздары фестивальге жиналған көпшілікке арнап әсем ән айтып, мың бұрала билеп, концерттік бағдарлама ұсынды.
Байқау қорытындысында «Қызғалдақтардың үздік фотосуреті» аталымы бойынша облыстық «Знамя труда» газетінің фототілшісі Виктор Барбаш жеңімаз атанды. Аталған номинация бойынша Балжан Өтеулина екінші, Нұрсұлтан Керімбаев үшінші орынға қол жеткізді. Ал қызғалдақтар туралы аңыз әңгіме жазған Айман Төлегенова үздік болып танылды. Сондай-ақ, «Қызғалдақтар туралы аңыз» аталымы бойынша Әлия Емелина екінші орынға, Эльмира Мырзахметова үшінші жүлдеге ие болды. Сәндік-қолданбалы өнер бұйымдарын жасауда Мөлдір Жангелдиева ешкімге дес берген жоқ. Ал Раушан Құндызбаева мен Галина Авраменконың бұйымдары тиісінше екінші және үшінші орындарға иелік етті. Байқау жеңімпаздарына қаржылай сыйлықтар мен дипломдар табысталды.
«Бүгінгі байқауға жүннен жасалған «қыр қызғалдақтары» деп аталатын картиналар жиынтығын ұсындым. Қолөнер бұйымдарын жасаумен бала кезден айналысып келемін. Бүгінге дейін талай байқауларда жеңімпаз атанғанмын. Бүгінгі шарада да еңбегім жоғары бағаланғанына қуаныштымын», – деді «Қызғалдақтар» сәндік-қолданбалы өнер бұйымдары» байқауында бас жүлдені жеңіп алған Мөлдір Жангелдиева.
Облыстық кәсіпкерлер палатасының мәліметіне сүйенсек, эстетикалық, экологиялық маңызы бар қызғалдақтардың табиғи ландшафтын анықтап, қызғалдақтарды меңгеру жұмыстары жүргізілген екен. Соған сәйкес, зерттеулердің нәтижесі бойынша «Жамбыл облысының қызғалдақтары» ақпараттық бюллетені дайындалып жатыр. Сонымен қатар облыста ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы ескерткіштердің технологиялық маршрут картасын құрастыру жұмыстары басталып кеткеніне біраз болыпты.

Абай ОТАР,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support