- Advertisement -

«Қымызмұрындық» – қазақтың ежелгі дәстүрлерінің бірі

187

- Advertisement -

«Көне Тараздан – Асқақ Астанаға» этнографиялық керуені Меркіге жетті

Жамбыл жерінің жалынды сәлемін арқалаған «Көне Тараздан – Асқақ Астанаға» этнографиялық керуені мерейлі Меркі жеріне жетіп, ежелгі «Меркі қамалы» мен «Меркі керуен сарайының» қақпасын қақты. Халықаралық мамандандырылған ЭКСПО–2017 көрмесіне жол тартқан алқалы топты меркіліктер жылы шыраймен қарсы алды.
DSC_0197 DSC_0110 DSC_0094 DSC_0084 DSC_0060«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» күрежолы бойындағы Т.Рысқұлов ауылы маңындағы атшабарға бет алған, түйелерінің шудасы желмен желкілдеген, ұлттық киімдері жарасып, күймелері күмбірлеген көшті Меркі жұртшылығы құрт-майымен, қымыз-бауырсағымен, сары майдай сапырған сары қымызымен, көлдей көңілімен, жарқын күлкі, әсем әнімен, жарасты әзілімен күтіп алып, төрге бастап алып жүрді.

Ел сенімін арқалап, Елордаға жол тартқан керуен мүшелері осыдан бірнеше ғасыр бұрын «Меркі керуен сарайына» келгендей күй кешті. Тынымсыз ел, дабырласқан, ерсілі-қарсылы сапырылысқан жұрт. Әйтеуір беймаза тіршілік.

Көз ұшына ұстаханада таға, пышақ жасап жатқан әлдебір азамат іліге кетсе, ендігі бір жерде ағаш шебері астаулар, ағаш тостағандар жонуда, сақина-білезік соққан хас шеберлер, тынымсыз тірлік, үздіксіз қозғалыс. Ел мерейін асыратын халықаралық көрмеге өз үлесін қосуға талпынған елдің кеудесін мақтаныш сезімі кернеп тұр.
Бұл меркіліктердің мәртебелі керуен мүшелерін қарсы алғандағы көрсеткен сахналық көріністері, көрмесі. Қонжықтың, мысықтың, пілдің, бақыт құсының, т.б. бейнесіндегі тиын салғыштың 25 түрін (копилка) жасаған ақтоғандық Рита Джокеева Астанаға өз шығармашылығынан айтулы тарту әзірлеп, қырғыздың қомузында қырғыз күйлерін орындап, қонақтарының ыстық ықыласына бөленді. Айнала сиқырлы сазбен тербеліп тұр.
Астанаға бет алған керуеншілер керуенді күтіп алуға келген жиырмадан астам этно-мәдени орталықтардың салтанатты павильон-сарайларының алдына келіп түйелерін шөгерді. Этномәдени орталықтардың дайындаған ұлттық тағамдарынан дәм татып, ұлттық қолөнерімен, рухани қазынасымен танысты.

«Қазақ осы көкпар тартып, қыз қууға жаралған»

Мәртебелі меймандарды күтіп алған соң әнші-жыршы Бейбіт Шошабаев термесін төкті. Осы іс-шараға орайластырыла ұйымдастырылып жатқан «Қымызмұрындыққа» қонаққа шақырды.
Он киіз үй тігіліп, ерекше безендірілген сахнада аудан әкімі Мейірхан Өмірбеков қонақтарға «Қош келіпсіздер!» деген ыстық ықыласын білдіре отырып:
– Өркениетті өрістеген елдермен қоян-қолтық араласқан азат еліміз, тәуелсіз Қазақстан Елбасының салиқалы саясатының арқасында әлем таныған, айдарынан жел ескен мемлекетке айналды. ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі ел мерейін тасытатын шара. Ғасырда бір болатын айтулы шараға облысымыздың сәлем-сауқатын артып, «Көне Тараздан – Асқақ Астанаға» бет алған керуен мүшелеріне сәт-сапар. Бүгін біздің Меркінің үстімен өтіп, қонақ болуда. «Құтты қонақ келсе, қой егіз табады» деген бар дана халқымызда. Міне, сол сияқты ауданымызда «Қымызмұрындық» тойы өтуде. Тойымызға қош келдіңіздер, – деді
Мерекеге арнайы келген облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков Астанада өтетін халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесі еліміздің абыройын асқақтатып, мәртебесін биіктететін айтулы іс-шара,тарихи оқиға екенін айта келіп:
– Осыдан бес жыл бұрын, 2012 жылы 22 қарашада әлемнің 103 мемлекетінің жақтап дауыс беруімен теңдесі жоқ ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізу бақыты біздің елге бұйырып, жеңіске жеттік. Біздің облыстан республика бойынша бірден-бір арнайы керуен Астанаға жол тартып, бүгін сіздерге ат басын бұрып отыр. Сонымен қатар «Қымызмұрындық» тойы бұл қуанышты еселей, асқақтата түсуде. Ата-бабадан қалған дәстүрді жаңғыртып жатқан меркіліктерге үлкен алғысымды білдіремін. Ал қонаққа келген Лидия Ахметова сынды төл перзенттеріңізге көрсеткен ықыластарыңыз, сыйларыңыз мерекенің мәнін асыра түсті десем артық болмас, – деп барша жұртты қуаныштарымен құттықтады.
Бұдан соң, облыстық, аудандық ардагерлер кеңестерінің төрағалары, Еркінбек Солтыбаев, Қамбарбек Иманалиевтер сөз алды. Е.Солтыбаев этнографиялық керуен жайлы сөз етіп, Меркі жерінің қадір-қасиетін тілге тиек ете отырып, «Қымызмұрындық» сияқты дәстүрдің осында жаңғырып, жаңаша мазмұнда өтіп жатқандығына алғысын білдірді. Ризалықтың белгісі ретінде Тараздан меркіліктерге сый-сияпатпен келгендерін де айта кетті. Сөйтіп ауданның Құрметті азаматы, Ұлы Отан соғысының ардагері, 97 жастағы ақтоғандық Өмірбек Медетбековке шапан кигізіп, құрмет көрсетті. Облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі Қатира Аққұлиева мен ақын Шырын Мамасерікованың иықтарына орамал жауып, аудан басшысы Мейірхан Өмірбековке арнайы сый қоржынын табыс етті.
– Меркі халқының атынан қонақ болып келген, іс-шараға атсалысқан дүйім жұртқа қадамдарыңыз құтты болсын, еліміз аман, бейбітшілік заман болсын, деп тілегімді айтамын, – деді Қ.Иманалиев, – Бүгін аудан басшылығының қолдауымен «қымызмұрындық» өткізіп отырмыз. Қазақ қыз баланы төбеге көтерген, өрісім деп сыйлаған. Бүгінгі мереке ұлағатты ана, асыл әже Лидия Ахметованың мерейтойымен тұспа-тұс келіп тұр. Оның сіңлілері, жерлестері, әпкелерін адал, ақжүрек адам ретінде біледі. Әрдайым жақсылықта, тойда жүріңіз. Тойда кездесуге жазсын, – деп игі тілегін жалғады.
Аудан әкімі Мейірхан Азатұлы қуаныш иесін шын жүректен құттықтап, алтын білезік тарту етіп, гүл шоғын сыйлады.
Көрген де арманда,
көрмеген де арманда

Этнографиялық керуен мүшелері мен «Қымызмұрындық» мерекесіне арнайы бой көтерген он киіз үй маңы думанға бөленді. Мұндағылар бал қымыздың он бес түрін келушілерге ұсынды. Тіпті қонақтарға биені қалай сауып, қымызды қалай дайындау керектігі жөнінде шеберлік сағаты өткізілді. Диірмен тарту, ши тоқу, құрақ көрпе, киіз, сырмақ басу өнері де көпшілік назарына ұсынылды. Бесікке салу, тұсау кесу, тоқымқағар, қазан жарыс, қымызды көп ішетіндер арасында жарыстар да ұйымдастырылып, көпшілік мәре-сәре боп қалды. Әр үйдің жанында желіге байланған бие, құлын мерекенің сәнін де, мәнін де келістірді.
«Қымызмұрындық» байқауында қымыз дайындаушылар арасында бірінші орынды аудандық білім бөлімі мекемесі алды. Басқа да қымыз ашытып, қонақтарға ұсынғандар аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды. Думанды шара әрі қарай ұлттық ойындар жарысына ұласты.
Облыстың барлық аудандарынан келген қонақтар алдында Меркі шипажайында оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізіп жатқан республикамыздың «жамбы атудан» құрама командасының мергендері өзара күш сынасып, кім мықтыны анықтады. Көрермендер енді қолға алынып жатқан көне өнеріміздің жаңа бейнесін көрді. Бұдан соң жарыс жолына талшыбықтай бұралған бес жұп «Қыз қуу» ойынына шықты.
Іріктеу ойындары кезінде-ақ атының шабысымен, өзінің сұлулығымен ерекшеленген ақтоғандық Айман Мырзатаева ешкімге дес бермей, бас жүлдені иемденді.
Бұл сында көркімен көп жігіттің жүрегін дір еткізген балғын қыз Назерке Ниязалы тек әсемдігімен емес, ат құлағында ойнаған шабандоздығымен де көптің көңілін баурап, арнайы жүлдеге ие болды.
Аударыспақтан Н.Бейсенбаев ешкімге дес бермеді. «Теңге ілуден» іріктеу ойындары кезінде-ақ шашасына шаң жұқтырмаған Н.Байқұлов теңге ілу байқауының бас жүлдесіне ие болды. Облыс намысын абыройлы қорғап жүрген, ірі додаларда бірнеше мәрте бас жүлдені еншілеген меркілік құсбегі Ж.Әкімбековтер, И.Керімқұловтар тазыны, бүркітті, шырғаға салып, көрермендерге шеберлік ойындарын тартулады.

Жүзден – жүйрік,
мыңнан – тұлпар

Ал негізгі бәсеке – ақтық сынға жолдама алған төрт команда көкпаршылары арасында болды. Көрермендерді де, мәртебелі қонақтарды да тәнті етіп, ризалыққа, көп қызыққа кенелткен көкпаршылар сайысы өте тартысты өтті. Бір кереметі көкпаршылардың шеберліктері таңдай қақтырып, көмбеге тасталған көк серкені жерге түсірмей іліп кетуі нағыз шеберлік емей немене?! Сонымен ақтық сында «Ақтоған» және «Жаңатоған» командаларының жан алысып, жан беріскен сайысында ақтоғандықтардың мерейі үстем болды. Олар қарсыластарын 6:1 есебімен ойсырата ұтып, жеңіс тойын тойлады. Бұл сында да көпшілікті қызыққа кенелткен, қиқуына қиқу қосқан көкпар ойыны жоғарыда айтқан «Керуеншілер» арасынан, атап айтқанда «Көне Тараздан – Асқақ Астанаға тарту» атты керуенмен бірге жүріп, Астанаға бет түзегендер арасынан шыққан «Керуен» командасы мен аудан чемпиондары «Ақтоған» көкпаршыларының арасында өтті. Ә, дегеннен құлагерге қамшы басқан «Керуен» командасы екі салымды бірінің соңынан бірін тоғытып, басымдыққа ие болды. Абдырап қалған ақтоғандықтар да тез естерін жинап, оңай шағыла салатын «жаңғақ» емес екендіктерін дәлелдеп, есепті теңестірді. Іле көмбенің шаңын аспанға шығарған тараздықтар қайта алдыға шықты. Соңынан ақтоғандықтар да есепті теңестіріп, ойын тең аяқталып, жолдастық кездесуде Достық жеңіске жетті.
Жалпы, бәйге қоры бір миллион теңгеге жуық жүлделер өз иелерін тапты. Жеңімпаздарды марапаттаған аудан әкімі барлық спортшыларды ата дәстүрді құрметтеуге, жаңғыртуға шақырды. Сонымен қатар жыл сайын көктемде, күзде көкпардан аудан чемпионаты өткізіліп, оған тиісті назар аударылатынын қадап айтты.
Бұл думанды көрген де, көрмеген де арманда. Ал айтулы іс-шараға арнайы облыс орталығынан келген 20-дан астам этномәдени орталықтар да, өзгелер де думан көрігін қыздырды. Ауданды ән мен күйге, шаттыққа бөлеген шара да осылайша мәреге жетті. Этнографиялық керуен Астана бағытымен күре жолға түсіп, алыстап, ақ сәулеге оранып, мұнартып, бара жатты.
Көш көлікті, еліміз көрікті болсын! Той тойға ұлассын!

Серік құралбай,
«Ақ жол».

Суреттерді түсірген
Еркін Жасыбаев.

Меркі ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support