- Advertisement -

Мемлекеттік хатшы

139

- Advertisement -

Таяуда ғана Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Наушақызы Әбдіхалықова өз кеңсесінде қазақтың рухани әлемі көптен бері армандап, қол жеткізе алмай келе жатқан әлемдік деңгейдегі өнер ордасының басшысын қабылдады. Әңгіме Миландағы атақты Ла Скала опера театрының бас директоры Александр Перейра туралы. Басшы мен басшының екеуара кездесуі бір қарағанда жиі болып тұратын жағдай. Шаруа, өзара қарым-қатынас, экономика сияқты іс тетіктеріне байланысты ішінде ресмиі бар, ресми емесі бар, сан алуан іскерлік кездесулер өтіп тұратынын қазіргі заман адамы жақсы біледі.

Дегенмен, Мемлекеттік хатшының бұл жолғы қабылдауының маңызы ерекше еді. Ла Скалаңыз әлемдік өркениет тарихында өлшеусіз ізі бар және сол ізі мәңгілікке дейін жалғаса беретін дүниежүзіндегі ең айтулы опера өнерінің қара шаңырағы. Жалпы, итальян операсына байланысты тұста оны тұтастай мемлекеттердің идеологиясына әсері тиетін тиімді тетік есебінде бағалаушылар да кездеседі. Қай елдің өнер тарихына қарасаңыз да опера саласына келгенде бәрі де бір-бірінің аузына түкіріп қойғандай итальян операсы десе, аузын ашып, көзін жұмып жататыны өтірік емес. Ла Скала осындай дәстүрлі де тарихи этноопераның төл мекені, ұшқан ұясы.
Ла Скала бұл жолы Қазақстанға бүкіл жеке құрамымен келетін болды. Оған Гүлшара Наушақызының өлшеусіз еңбек сіңіргені айтпаса да түсінікті. Атақты миландық опера театрының небір іргелі державалардың ресми шақыруларына бүкіл құрамымен келмек түгілі, ондай ұсыныстарға жүрдім-бардым қарайтын әдеті бар. Сонда бұл нені білдіреді?
Алдымен айтарымыз, мемлекеттің ішкі, сыртқы идеологиялық тетіктеріне тікелей жауапты тұлға есебінде Гүлшара Наушақызы, әдеттегідей, бұл жолы да өзінің дипломаттық һәм іскерлік қасиетін көрсете білді. Жалпақ жаһандағы опера тыңдармандарының күндіз ойынан, түнде түсінен шықпайтын Ла Скала сахнасына бұған дейін шыққан жалғыз ғана қазақ бар. Ол – қазақ опера өнерінің ерте сөнген жұлдызы марқұм Амангелді Сембин. Содан бері Ла Скала сахнасының маңына қазақ ұланы жолай алған емес. Міне, енді қазақ көрермені Мемлекеттік хатшының іскерлігі мен дипломатиялық шеберлігінің арқасында осы Ла Скаланың бүкіл құрамымен келіп өткізетін концертін тамашаламақ. Сондықтан, тәуелсіз Қазақстан жағдайындағы әйелдер арасынан шыққан тұңғыш Мемлекеттік хатшы туралы бұл толғанысымызды біз тура осы оқиғадан бастауды жөн көрдік.

* * *
Гүлшара Наушақызының іскерлігі туралы әңгіме болған жерде алдымен оның Президент жанындағы Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы екені айтылады. Әлбетте, Мемлекеттік хатшының бұл орайда да ерекше белсенділік пен іскерлік танытып жүргені күмәнсіз. Саяси сарапшылар алдымен Гүлшара Әбдіхалықованың өз саласына байланысты деректер мен сандарға келгенде өте зеректігін айтады. Мемлекеттік хатшының жеке парақшасына көз жүгіртсек, дәл осы жайттың ақиқаты алдымыздан шығатыны да рас. Әрі оның осы бір ерекше қасиетінің арқасында бүгінде отбасы мен әйелдер және демография мәселесінің бағы жанды деуге толық негіз бар. Президент Нұрсұлтан Назарбаев күрмеуі көп осы істің тізгінін Гүлшара Наушақызына сеніп тапсырғанда оның іскерлік қабілетіне үміт артқаны күмәнсіз.
Қазір Қазақстанда бас-аяғы 3,5 миллион отбасы бар. Әрқайсысының өзіне тән мәселелері мен ерекшелігі бары және рас. Ал соның бәрін шешу, дау-дамайсыз орнына қою ісінің тізгіні мемлекет тарихында тұңғыш рет әйел адамның қолына берілді.
Кейбір сарапшылар оны Мемлекет басшысы тарапынан жасалған ең дұрыс әрекет санайды. Сондай-ақ, елде демографиялық ахуалды қазіргіден де жақсарта түсу мәселесі күн тәртібінде тұрған заманда оған ешкімнің күмәні де, күдігі де болмауға тиіс.

* * *
Бүгінге дейін елімізде 250 мың ана «Алтын алқа» және «Күміс алқа» белгісімен марапатталыпты. Ал тікелей демографиялық көрсеткішке келсек, қазіргі таңда Қазақстандағы кәмелетке толмаған төрт және одан да көп баласы бар отбасылардың саны ширек миллионнан асып отыр. Соңғы деректерге сәйкес, ХХІ ғасырдың басынан бері республикадағы көпбалалы жанұялардың саны соның алдындағы 13 пайыздан 25 пайызға дейін өскен.
Мемлекеттің ішкі басқару аппаратына қарата айтар болсақ, Мемлекеттік хатшының мойнына жүктелген аса жауапты міндеттердің бірі – әлеуметтік-гуманитарлық даму, отбасылық-демографиялық саясат, мәдениет, дене шынықтыру мен спорт мәселелері. Ресми қызметіне қоса Президент жанындағы Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияны басқаратын Гүлшара Әбдіхалықова ханым тікелей ұлттың болашағына байланысты аса жауапты рухани мәселелермен айналысады. Сондықтан, қоғамда болып жатқан отбасы-ошақ қасы мәселелерінің бәрі де мемлекеттік хатшының назарынан тыс қалмайды деген сөз. Соңғы кезде өркениетке бұрынғыдан гөрі бір табан жақындаған қазақ қоғамында сол өркениеттің оңтайлы істерімен бірге кінәратты тұстарының да жиі байқалатыны өтірік емес. Бүгінгі таңда Қазақстанда жыл сайын 150-170 мың отбасы шаңырақ көтерсе, соның үштен бірі ажырасады екен. Ақиқатында, халық санының өсуімен қатар, отау құратындардың да, ажырасатындардың да саны артып отыр. Бұл Мемлекеттік хатшы тікелей айналысатын саланың арнайы назар аударатын тұсы.
Дегенмен, республикада бала туу санының өсіп отырғанын да айтпай кетуге болмайды. Әлбетте, бұл оңтайлы үрдіс мемлекет тарапынан жас отбасыларға көрсетілетін қамқорлықтың нышаны. Бұл орайда халықты әлеуметтік қорғау мәселесіне тікелей Гүлшара Наушақызының басшылық жасайтынын айта кетуге тиістіміз. Осыған байланысты жер-жерде Мемлекеттік хатшының ресми сапарын арнайы күтіп отыратын адамдар да көп. Осының өзі-ақ қазіргі таңдағы ең лауазымды биікте отырған қазақ қызының мәртебесі мен беделін анық көрсетсе керек.
Гүлшара Наушақызының мәртебелі қызметті атқарар кезі республика басшылығының «2006-2016 жылдарға арналған Гендерлік теңдік стратегиясын» қабылдаған тұсқа дөп келді. Бұл енді, шынында да, ғасырлар, тіпті дәуірлер бойы консервативті қазақ қоғамын айтпағанда, жалпы адамзат өркениетінің алға аттаған қадамын кейін кетірген өте өзекті мәселе болатын. Соған байланысты республика басшылығы осы бір күрмеуі қиын мәселенің тізгінін аса іскер мемлекеттік қызметкер есебінде Гүлшара Әбдіхалықоваға сеніп тапсырды. Аталмыш стратегияға сәйкес «Отбасы күні» деген арнайы дата белгіленді. Оған ілесе республикада Балалы отбасыларды әлеуметтік қолдаудың ұлттық моделі қалыптасты. Осы шаралар ауқымында тікелей Гүлшара Наушақызының басшылығымен республикада тұңғыш рет «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы өткізіле бастады. «Мерейлі отбасы» байқауы арқылы ол «қазіргі заманғы қазақ отбасы қандай болу керек?» деген өте өзекті мәселе төңірегінде республикалық деңгейде ой тастап, соның жауабын табуға өлшеусіз еңбек сіңірді. Байқау барысында әрбір босағасы берік отбасы Қазақстанның баянды болашағының берік негізі ретінде орнық­тырыла бастады деуге толық негіз бар.

* * *
Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасымен төрт жылдан бері мерекеленіп келе жатқан «Отбасы күні» осы мақсаттан туындаған игілікті қадамдардың бірі. Соны жақсы түсінген Мемлекеттік хатшы жыл сайынғы өткізілетін «Отбасы күнінің», онда атқарылар іс-шаралардың барысын тікелей өз бақылауында ұстап келеді. Еліміздегі мерекелер күнтізбесіне енген бұл күннің ғасырлар бойы қалыптасқан қазақи отбасылық құндылықтардың қайта оралуына, дәстүр-салттың жаңғыруына, бәрінен бұрын әр буын өкілдерінің арасындағы сыйластықтың нығаюына, ұлттық тәрбиеге тікелей әсер етуі де заңды. Гүлшара Наушақызы бұқаралық ақпарат құралдарының біріне берген сұхбатында:
– Бұл мерекені отбасылық құндылықтарды құрметтеудің, іргесі берік жарасымды отбасы қалыптастыруды насихаттаудың, жол көрсетудің шуақты күні ретінде қабылдауымыз керек. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің өткен жылға жасалған демографиялық ахуал туралы талдауында осы мереке белгіленген кейінгі аз ғана уақыттың ішінде елімізде бұзылған неке санының қысқаруы, өткен жылы оның алдындағы жылмен салыстырғанда кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған қылмыстың 49 пайызға төмендегені, бала асырап алу ісінде оң өзгерістердің орнығып, соның арқасында бірнеше интернаттық ұйымдардың жабылғаны осы игілікті ықпалдың жемісі деуге болады, – депті.
Шынтуайтына келгенде, осының бәрі оның Мемлекеттік хатшы, Президент жанындағы Әйелдер ісі және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы есебінде атқарған жемісті еңбегінің нәтижесі екеніне күмән жоқ.
Гүлшара Наушақызы Әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиядағы өз қызметінде бүгінгі таңда үлкен саяси мәнге ие болып отырған «Мәңгілік ел» тұғырнамасының талаптарының орындалуына да айтарлықтай үлес қосып келеді. «Мәңгілік Ел» тұғырнамасының Тәуелсіздік және Астана, Жалпыұлттық бірлік, Бейбітшілік пен Келісім, Зайырлы мемлекет және Руханият, Инновация негізіндегі тұрақты экономикалық даму, Еңбек қоғамы, Тарихтың, мәдениет пен тілдің біртұтастығы, Ұлттық қауіпсіздік пен Қазақстанның жалпыәлемдік және аймақтық мәселелерді шешуге жаһандық тұрғыдан қатысуы сияқты жеті тұғыры барын оқырман жақсы біледі. Сондықтан ол біртұтас елдің іргетасын қалайтын болашағы кемел ұрпақ қалыптастырудың басты тетігі есебінде өзі жетекшілік етіп отырған республикадағы отбасы мәселесін қашанда бірінші орынға қойып келеді. Мемлекеттік хатшы тікелей басшылыққа алған «Мәңгілік Ел» тұғырнамасының тарихи бұлжымайтын дәлелдері де көп. Әлбетте, оның басында ежелгі түркі дәуірінің жалпақ жаһанды билеген ұлы үрдісі тұрмақ. Тәуелсіздік алған жылдардан бері біз елімізге сол Білге қаған мен Күлтегін басқарған ұлы да жеңімпаз қоғамның тарихи жәдігері есебіндегі тасқа басылған тарихи руна жазбаларының көшірмесін елге әкелдік. Бұл жәдігердің елдің өткені мен болашағына қатысты үлкен мәні бары айтпаса да түсінікті. Қазіргі тәуелсіз елдің басшылығы оны ұлттық идеологияның басты мұраттарының бірі есебінде бағамдап, өзіміз жоғарыда айтып өткен «Мәңгілік Ел» тұғырнамасы арқылы халықтың талқысына ұсынып отыр. Әлбетте, іс жүзінде бұл – нардың нары ғана көтере алатын, тарихи-танымдық, тәрбиелік мәндегі аса үлкен жүк әрі аса жауапты міндет. Ел басшылығының болашақ ұрпақтың қамы үшін жасалған осындай сауапты істің тізгінін атағы айдай әлемге тараған қазақтың небір марқасқа ұлдарына емес, қазақ қызына сеніп тапсыруы да оған үлкен жауапкершілік жүктейді дер едік.

* * *
Гүлшара Әбдіхалықова Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып жүргенде бұқаралық ақпарат құралдарының біріне берген сұхбатында елдегі саяси-демографиялық ахуалда үлкен маңызы бар сырттағы қандастар, көші-қон мәселесіне байланысты мынадай ұтымды бір сөз айтыпты. Кейіпкеріміздің саяси ұстанымы мен қайраткерлік тұлғасын ашып көрсету үшін сол сұхбаттан мынадай үзінді келтіріп отырмыз:
– Көші-қон саясаты ұлттық идеологиямен тығыз байланысты. Ал оны дұрыс жолға қою үшін ең алдымен әлеуметтік мәселелерге көңіл бөлу керек. Тағдырдың талайымен тарыдай шашылған қазақ баласын елге қайтару – тәуелсіз еліміздің басты мұраты. Бүгінгі таңда қандастарымыз әлемнің 40 елінде өмір сүруде. 32 елінде мәдени орталықтар жұмыс істейді. Шетте 4,5 миллион қазақ жүр. Мәселен, Қытайда – 1,5 миллион, Өзбекстанда – 1,3 миллион, Ресейде – 870 мың, Моңғолияда – 70 мың қазақ өмір сүруде. Дәл қазірге дейін шетте жүрген 201 309 қазақ отбасы өз Отанына келіп кереге керді, 789 339 қазақ елге оралды. Мемлекеттің көмегімен және өз бетімен көшіп келгендердің саны 1 миллионнан асты.
Тарихи Отанына оралған қазақтардың көшіп келген ортасына тастай батып, судай сіңіп кетуі үшін 2008 жылдан бастап Оңтүстік Қазақстан облысы, Шымкент қаласы, Ақсукент елді мекенінде және Қарағанды қаласында оралмандарды бейімдеу және кіріктіру орталығы жұмыс істейді. Биыл наурыз айында Ақтау қаласында да осындай орталық ашылды.
Бұл осы күнге дейін атқарылған жұмыстар. Бірақ этникалық саясатты іске асыруда кемшіліктер бар. Атап айтқанда, біріншіден, белгіленген квота мен көшіп келген оралмандардың нақты саны әртүрлі. Екіншіден, Қазақстанға атбасын бұрған қазақтарды өңірлерге қоныстандыру біркелкі емес. Олардың жартысынан астамы халқы тығыз орналасқан – Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Алматы және Жамбыл облыстарында тұрады. Солтүстік аймақтарда керісінше. Тіпті, онда жұмыс күшіне сұраныс мол болса да көшіп баратындар аз. Үшіншіден, атажұртқа оралған қандастарымызды жұмыспен қамту деңгейі төмен. Жергілікті атқарушы органдардың деректеріне сүйенсек, еңбек жасындағы оралмандардың үштен бірі – жұмыссыз. Төртіншіден, шетелдерден қазақ диаспорасы арасындағы ақпараттық-насихат жұмыстарының тиімділігі төмен.
Кезінде шеттегі қандастарымыздың, әсіресе Баян-Өлгийден келген оралмандардың табиғаты сол Баян-Өлгийге өте ұқсас Астана мен Көкшетау төңірегіне топтасып жинақталу үрдісі болды. Осы жайтты дер кезінде аңғарған сол кезде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып істеген Гүлшара Әбдіхалықова Моңғолиядан келген қандастарымызды Солтүстік Арқада тұрақтандыруды тікелей өз бақылауында ұстады. Нәтижесінде, Ақмола облысының Зеренді ауданындағы бұрынғы бір қазағы жоқ Водопяновка селосы түгелдей Моңғолиядан келген 200-ге тарта отбасының құтты қонысына айналды. Қазір бұл ауыл қазақша Ақадыр деген атауға ие. Ауыл ортасында үлкен қазақ орта мектебі жұмыс істеп тұр. Осы шаруаның бәрі тікелей Гүлшара Наушақызының басшылығымен жүзеге асырылды, – дейді жергілікті ақпарат құралдары.

* * *
Міне, кезінде елдегі әлеуметтік жағдайға тікелей жауапты саланың белді министрі болған, қазір Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Наушақызы Әбдіхалықованың ел мен ұлттың болашағы үшін сіңірген еңбегінің бір парасы осындай.
Әрине, бір ғана мақала арқылы Гүлшара Әбдіхалықова сияқты күрделі тұлғаның, мемлекет қайраткерінің болмыс-бітімін толық ашып көрсету мүмкін емес. Ақиқатында жүгінсек, ол бір мақаладан гөрі қомақты дүниеге татитын еңбек. Әрі бұл – біздің ғана емес, бүкіл қазақ халқының Гүлшара Наушақызына байланысты ойы деп білеміз.

Ақтолқын Күлекеева,
ҚР «Үздік педагог» төсбелгісінің иегері.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support