- Advertisement -

Өміріңде өлеңіңмен жарастың, өркендей бер, алдаспаны алаштың!

249

- Advertisement -

Нұрлан ОРАЗАЛИН,
ақын,
Мемлекеттік
сыйлықтың лауреаты.

Біз «Жаныңда жүр жақсы адам» деген сөздің байыбына бара бермейміз. Шын мәнінде, Тәуелсіздік дәуірінде өзінің еңбегімен, білімімен, өнерімен озып шыққан қаншама замандастарымыз бар. Олардың жүріп өткен жолдары – кез келген статистикадан артық көрсеткіш.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар:
рухани жаңғыру» мақаласынан.

ТАҒДЫР САҒАН КҮНДЕ
БЕРМЕС КЕЗЕКТІ

Кеткен қарпып,
өкпеңді артып жалғанға,
тоңды ма ішің? Толды ма ішің арманға?
Ақиқаттың анық құнын сездің бе?!
Кісімсіген пенделерге алданба!

Мақтамасты қалай, қайтіп мақтарсың?!
Даттамасты қалай, қайтіп даттарсың?!
Сынған шағың…
Қызғаншақ үн…
Бәрі ұмыт.
Арың – сыншы.
Ардан қалай аттарсың?!

Жүрек – асау… Білем ойдың көнбесін.
Сенің әрбір айтқан сөзің – елге сын.
Мұңданған шақ…
Тұлданған шақ – бәрі артта
періштеден айыра алмай пендесін.

Оты жанып,
шоғы қарып өзекті,
өзің үшін өртенетін кез өтті.
Қара қылды қақ жаратын сәт келді,
мына жұртқа
керек,
керек
Сөз отты!..

Айт!
Айтып қал!
Тағдыр саған күнде бермес кезекті..

***
Кім басады атқақтаған қанымды?
Кім түсінер құйын қысқан жанымды?!
Көк пен жердің арасында – тылсым мұң,
кім өшірмек кеудемдегі жалынды?!
Өлген – үнсіз…
Кімге бор боп үгілем?!
Пенде – мұңсыз…
Кімге барып жүгінем?!
Жүгермекке алтын басты қор етіп,
жүгенсізге қалай, қайтіп бүгілем?!
Кең дүние – қалғып жатқан қыстайын,
адам жаны – тордағы ана құстайын;
күні-­түні тыпырлайды бір тынбай,
«тұтқынымды» қалай, қайтіп ұстайын?!
Жан мазасыз…
Көнер емес…
Көнбейді!
Жақсыға да, бақсыға да сенбейді.
Арман жалған аласұрып тордағы,
еркін ойлар көк аспанда көлбейді.
Өмір өтіп бара жатыр, сеземін,
жолда қалды, қолда кетті кезегім.
Датым қалып бара жатыр айтылмай,
өрт жамылып,
дерт жамылып өзегім…

Естір құлақ,
көрер көз жоқ…
Қалай?
Қайтіп төземін?!

***
Сен басып өткен жол басқа,
Сен кесіп өткен көл басқа…
Сенделіп қалды ойларым,
сене алмай досқа, жолдасқа.

Жалғызбын…
Жалғыз…
Сеземін…
Бәрінен кейде беземін.
Бағытым қайсы? Беймәлім.
Белгісіз қырқа, кезеңім.

Алдайтын сынды көсе­мұң,
арбайтын сынды шешенім;
қаладан қашқым келеді,
естімеу үшін өсегін…

Анығын айтшы!.. Тәуір кім?
Шаршадым сөзден…
Жауырмын!..
Даладан қашқым келеді,
уайымын көрмей бауырдың…
Қоғам орнаттық қиялдан,
сұрақ шығады жиі алдан…
Ғаламнан қашқым келеді,
Жалғанды бірақ…
Қия алман!

Жалғызбын!
Жалғыз…
Өгеймін…
(Біреуге – баймын, кедеймін).
Ойымыз қойды қабыспай,
сөзіміз қойды табыспай.
Сұраған жұртқа…
Не деймін?!

***
Алпыс жыл…
Алпыс асу…
Алпыс белең…
Барады қалып артта «талтүс» деген.
жүрегім ойдан күпті, көнер емес,
алғандай қоршап, қамап бар тұсты өлең.
Өмірім – Алла берген бекінісім:
Бәрі бар – күрес, шаттық, өкінішім.
Жұртыма не бере алдым?
Не бермекпін?
Жауапсыз сауал қалың…
Жетім ішім.
Ой – тартыс.
Сезім – тартыс.
Тартыс – денем.
Тұйықтап алғандайын бар тұсты өлең.
Алдымнан не күтеді – Аллаға аян,
барады қалып артта Алпыс белең.
Ой – тартыс…
Сезім – тартыс…
Тартыс – денем…

***
Мен туған үй…
Мен туған жер…
Шалғайда…
Менің құсым енді биік самғай ма?
Жалын қапты жүректі.
Мен тыңдайтын,
Мен салатын ән қайда?!

Мен туған күн…
Мен туған жыл…
Алыста…
Білетіннің көбі мені – ғарышта.
Нем бар енді бәйгеде?
Кейінгімен түсу ерсі жарысқа.

Ұят!
Ұят!
Артық сөйлеу сөгіліп,
кеуде қағып, озамын деу – өтірік.
Аламаным қалған артта,
сәйгүлігім оза шабар көпіріп…

Сөздің жұлқып көгенін,
оңашада ойдан азап шегемін.
Бір анығы –
өртеніп жыр жазамын,
кеткенше ұйықтап басында бір төбенің.

***
Жан емеспін жығылатын сөремде,
мына адамдар үндемейді…
(Керең бе?!)
Тым құрыса…
Сен сезінші, ей, досым!
Менің алтын тамырларым тереңде.

Бұл өмірде шаттығым да мол қайғым,
жан сырымды өлеңменен толғаймын.
Жыр қысқанда дәуірлерім сілкініп,
шамырқанып жауға шабар қолдаймын.

Мен – ақынмын…
Жүрегіммен күй ұқтым,
іздемеңдер өңешінен ұйықтың.
Жартаспын – мен!
Желмен үнсіз тілдесіп,
Өз қайғысын өзі жұтар биікпін.

Жан емеспін сүрінетін сөремде.
Жаһан неге үндемейді?
(Керең бе?!)
Дауысыма құлақ түрші,
Ей, жұртым!
Менің алтын
тамырларым тереңде…

***
Танауымды кеулеп исі аршаның,
қиялдаудан,
қия алмаудан шаршадым.
Бозбала күн,
боз тауымды іздеймін,
кеудемді бір қысқан шақта қарсы ағын.
Келетін бір құдіретті күш бардай,
біз көрмеген қараша­күз, қыс бардай.
Көгімді бір кезетіндей мың сан үн,
арманыма тіл бітірген құстардай.
Сезім дел­сал…
Көңіл күпті…
Қорғасын…
Әлдекімдер торитындай төр басын.
Кешегінің кең мінезді қарттары
көрінбейді тартатұғын жорғасын?!
Бала күнді сағынамын жиі шын,
сағынғаннан – күмбір-­күмбір күй ішім.
Немеремді иіскеп тұрып аңсаймын
туған елдің түтінінің иісін.

***
Кезетіндей өлкемді ой,
көзін қадап көп ізге.
Жақсылығым желкендей
жел айдаған теңізде…

Көкіректен үн шықты,
қайда барып қонды құт?
Кісілігім тұншықты,
кішілігім болды ұмыт.

Қай қиырға ел қонды?
Қайда көшті жерік ой?!
Тазалығым жем болды,
ұлыды ішім бөрідей.

Дос дегенім, дос емес,
(бас сауғалап тығылды);
бәрі­-бәрі – бос елес,
Ардың туы жығылды…

Қауқарсыз да, күштің де
көрініп тұр көзінен;
қылкөпірдің үстінде
тұрғандайын сезінем.

Ашынамын… Өмірдің
өткені ме, әй, тегін?!
Көз алдымда жебірдің
кескіні тұр…
Қайтемін?!

ЕМЕН ТҮБІНДЕ ТУҒАН ЖЫР

Көз алдымда –
жел тербеген кәрі емен,
көз алдымда – жүз жасаған дара емен.
Қайың­талға сыр айтатын тәрізді,
Көктем…
Көктем…
Айналаның – бәрі өлең.

Тәңір нұры…
Жанның сыры…
Жас тамған…
Өлең жауып тұрғандайын аспаннан.
Әлде біреу құлағыма күбірлеп,
үзінді оқып жатқан сынды дастаннан.

Өз сәуірім…
Өз дәуірім…
Көктемім…
Өзек өртер өз тағдырым…
Өткенім…
Кәрі еменге қарап тұрып жыр туды:
Артық?..
Кем бе?..
Таға алмаймын текке мін.
Өз өлеңім…
Өз дәуірім…
Көктемім…

***
Сен – қайыңсың. Еменмін.
Сен – бұйдасың. Көгенмін.
Сен – жауынсың нұры мол,
Мен – дауылмын…
Өлеңмін!
Сен – аспансың,
Мен – ғалам,
Ойлаймын да толғанам.
Сен – үмітсің,
Мен – сенім,
іздеймін де қомданам.
Сен – сәуірсің, мамырмын,
Сен – сабақсың, тамырмын.
Бір бүтінбіз көктеген
Бұйрығымен Тәңірдің.
Аймалайтын сүйіп Күн
Сен – жазықсың…
Биікпін!
Бізді егіз қып жаратқан
Тағдыр өзі, сүйіктім!

АЛТЫ АЛАШЫН
ПІР ТҰТҚАН

(Тұманбай Молдағалиевпен қоштасу)

Оймен жұртын емдеген,
ақиықтай көлбеген,
жырдан өзге ғаламда
Күш барына сенбеген.

Арда мінез, ойлы адам,
бір күн қалам қоймаған.
Шабыт дейтін Киенің
қызығына тоймаған.

Сөзі көшіп сеңдермен,
сезім отын өңгерген,
бар қазақты бір бүтін
бауыр көрген, тең көрген.

Алты алашын Пір тұтқан,
опырылды Жыр тұтқам.
Қарт Алатау қамығып,
атты бүгін үркіп таң.

Ардың алтын тірегі,
адал еді, ірі еді.
Махаббат пен Сезімнің
тоқтағандай жүрегі…

Жарқыраған топтағы,
шалқып шығар тәтті әні.
ессіз сүйген Даласын
алып жүрек тоқтады.

Жырмен елін сұраған,
Жырмен көзін бұлаған.
Өтті өмірден ұлы ақын,
Өтті өмірден ұлы Адам…

Қош!
Бақұл бол, Тұмағам!

БІР МЫҚТЫҒА

Ұнатпай тұрмын мен іштен,
сөзіңмен айтқан келіспен.
У ішсем – бірге жұртыммен,
құдықтан ішем ел ішкен.

Еліммен бірге – жыр демім;
сезініп үнін іргенің,
ат төбеліндей қазақпен
ақыретке дейін біргемін.

Бабамның онда сөзі бар,
Анамның онда көзі бар;
Әкемнен қалған арман бар,
жүрегім, жаным тез ұғар.

Ұрпақпен, ұлтпен сырласар,
қажетті жерде ырғасар,
өлмейтін мәңгі құстайын
Рухым бар онда мың жасар.

Жақсыға, жатпас жаманға,
сөзің бар екен заманға…
Қасымда бірақ жоқ орын,
екі сөйлейтін адамға…

Екіұшты сенбен сөзіңе,
екіұшты ойың – өзіңе!
Алдама жұртты, арбама…
Аулақ жүр!
Түспе көзіме!

Сенделем – елім сенделсе,
Жөнделем – елім жөнделсе.
Жадыңда сақта! Халықпен…
Біргемін!
Бірге – өлгенше!..

ҚАЙРАЛУ

Жады – тарих…
Санада қалған із бар…
Жалған айтсаң?
Соғады алдан ызғар…
«Өтіріктің құйрығы бір­ақ тұтам»,
жалған сөзден ой мұздар, қан да мұздар.
Қайғырасың…
Күлесің…
Ырғаласың…
Ерте ме кеш жатады қырда басың.
Көркі кеткен тоғайдың өрті қалың,
адал ғұмыр – адамға бір ғана сын.
Көріп келем пендеден ар қашқанын,
сақалдыға бозөкпе жармасқанын…
Оңашада от кешіп арпалысам,
Не деп ертең бағалар жалғастарым?!

Ақталу жоқ…
Десек те заман қатал!
Алдау…
Арбау – қу мінез адамға тән.
Екі дүние арасын әуреге сап,
ұрпағымды қалай мен алаңдатам?!

Сақта!
Сақта!
Сақтай көр Ертеңімді!
Өртеңімді, сақтай көр өркенімді!
Ойын, сөзін арнайтын шындық үшін,
Жалғасымды…
Сақтай көр көркем ұлды!

Апарғанша тағдыры қырға басын,
Тәңір Ием!
Қолдай көр қыр баласын!
Жалған жайлы жалған сөз айтқызбағын,
Тек шындықты жырлайын!…
Жырлағасын!

АДАСҚАН ЖҰМАҚ
ҮНІНДЕЙ

Ойнатып от пен құйынды,
ішкі дауыс құйылды.
Тәңірдің үні көктен кеп,
сабайтындай миымды.
Тіршілік тілсіз қақпандай,
ұлиды сезім батқанда Ай.
Тағдыры ұлы ғаламның
көкпарға түсіп жатқандай.
Төзімім талқан…
От бітті!
Көнетін емес көк тіпті.
Арбасып бір ой бір оймен,
сезім мен сезім соқтықты.

Күркіреп аспан, ағылды үн,
Тәңіртауымды сағындым…
Кезіп жүр көкті бір дауыс,
ұстатар емес…
Нағылдым?!
Тілінді жүрек…
Бүлінді ой…
Түн ауды көзім ілінбей…
Аспаннан дауыс жауардай,
адасқан жұмақ үніндей.

Ойнатып от пен құйынды,
ішкі дауыс құйылды…
Тәңірдің үні көктен кеп,
сабап жатқандай миымды.

***
Жаңа сөз…
Жаңа дәптер…
Не бересің?
Қай тұста көтересің? Шөгересің?
Алдыңда мәңгі ғашық мына өмірге
адам тұр жетектеген немересін.

Өлеңмен өтті күндер, қажып түнім,
бітпеген істер үшін жазықтымын.
Жазбаған жырлар үшін жауаптымын,
ғаламның кейде ұмытып нәзіктігін.

Білмеймін не күтіп тұр ертең мені?
Бекер ме қу жүректің өртенгені?!
Төркіні тіршіліктің – қалың тоғай,
белгісіз ойды немен көркемдері?!

Биік пен биік қана егесетін,
асу мен асу ғана теңесетін…
Күтуде білем алдан асау жылдар,
ескекті көк теңізде тең есетін.

Ойымды құстай тізіп парақтарға,
ұшармын арып­-ашып қанат барда.
Түбіне дүниенің ешкім жетпес,
жұмбағы мәлім жалғыз Жаратқанға.

Білемін:
Көтересің, шөгересің,
Дүние!
Ағарасың, көгересің.
Алдыңда ақ қағазды Ар санаған
Адам тұр жетектеген немересін.
Жаңа күн!
Жаңа дәуір!
Не бересің?!
***
Кең дүние…
Міне, осы!
Құндақ алып…
Сөйлер болсаң, сөйлегін тыңдап алып.
Байқамасаң, өз тілің – өзіңе жау,
жүрегіңді жүрерсің мұңға қарып.

Өмір – сыншы…
Білдірер білінбесін,
Байқап, тосып сөйлесең, тілің – досың.
Ой мен Сөздің одағы жеңер бәрін,
қармағыңа ілінер ілінбесің…

Жаңылдың ба сөзіңнен?
Қайманасың…
Қуанатын ортадан қайғы аласың.
Өз басыңды қор етіп өз тіліңмен,
қас­қағымда байқұсқа айналасың.

Тағдыр – қатал…
Ұсынбас ер іс кілең…
Орын ылғи тимейді төр үстінен.
Ұқсата алсаң, «қалауын – қар жанады»,
тауып айтқан әр сөзің – жеңіс білем.

Сәл нәрседен кейде шын тасиды адам,
сәл нәрседен кейде шын жасиды адам.
Қызыл тілің – қаруың, кілтін тапсаң,
Баба Сөздің алдында…
Бас и, балам!…

***
Көңіл төрін жұлқып,
сілкіп, шайқап ән,
Өлең, шіркін оралып жүр қайтадан.
Ескі досым есігімді қағып тұр…
Қалай?
Қайтіп?
Тыныш жатам? Жай табам?!

Естіп үнін жүрек неден үрпиді?
Неге?
Неге?
Кешіп тұрмын бір күйді?
Азан­-қазан…
Есікті ұрып ессіз дос,
жаңғыртып кеп жарым түнде жыр түйді…

Өткендердің іздеп мәңгі тұрағын,
өшкендердің жағып, қайта шырағын.
Ескі досым ел көшірді түнімен,
сатыр-­сұтыр…
Сең көшкендей бір ағын…

Оятып ап Намыс пенен Ұятты,
көк төсімен бір сұрапыл күй ақты.
Ескі досым…
Ессіз сезім жер­көкті,
айдың астын жаулап алған сияқты.

Алматыны баяғыдай шайқап ән,
Алатаудан самал есті қайтадан.
Ескі досым есік қағып тұрғандай,
Қалай?
Қайтіп?
Тыныш жатам?
Жай табам?!

Екіндіге ауды күн,
кешегі дос – жау бүгін

Тарылғандай аспаным,
көбейгендей баста мұң.
Тәңірім бе?
Тағдыр ма?
Мен жаңыла бастадым…

Екіндіге ауды күн,
кешегі дос – жау бүгін,
содан жүрек жаралы,
сыр да берді саулығым.

Кебін кидім өгейдің,
кімнен көрем, не деймін?!
Қорығына қамалдым
шет­шегі жоқ көп ойдың.

Жыры бар да сыры жоқ,
бірі бар да бірі жоқ,
дүниенің шолағы­-ай,
байыз табар түрі жоқ.

Көкірегім қақырап,
құлазып тұр атырап.
Желі азынап қазанның,
ұшып жатыр жапырақ…

«Ат төбеліндей қазақпен ақыретке дейін біргемін» деп жырлаған 
көрнекті ақын, белгілі қоғам қайраткері Нұрлан Оразалин – 70 жаста

Көсемәлі Сәттібайұлы, 
жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.

 Жазушылар одағында жиын өтіп жатыр. Мейлі сиез, мейлі құрылтай деңіз, ерік өздеріңізде. «Ауылдан» келген «аузы сасықтар», негізі, дау-дамайға араласа қоймайды. Ал «Астана мен Алматының ақындары мен жазушыларымыз» дегендеріңіздің арасынан қаламдарын шошаңдатып шыққан кейбір «аузы батырларының» аттандамаса да айғайлап, жаға жыртыспаса да жұлқыласуға дейін барысып, одақ жұмысын да, оның төрағасын да түкке алғысыз етіп тастамаққа тастай бекініп келгендері жеті жүзден астам жазушының ең бейғам, ең самарқау дегендеріне дейін байқалып тұрады.

Біз пақырыңыздың екі құлағы жұлқынған жұрттың сөзінде болса, екі көзі сол тілі мен жағына сүйенгендердің «тірі нысанасына» айналып төрде отырған Нұрлан Оразалинде болады. «Қайтер екен? Мыналарға не деп тастар екен? Аналарша айғайлап орнынан атып тұрар ма екен?» деп ойлаймыз да баяғы. Бірақ Нұрекең айғайлап, өңешін жыртпақ тұрмақ, бір қабақ шытпайды-ау, шіркін! Жоқ, шытса сәл шытар енді қабағын, тіпті, отырған орнынан қозғалақтап кетсе қозғалақтап та кетер, бірақ жеме-жемге келгенде алқымға тығылған ашуын (онда да тіл бар, онда да ақындық, азаматтық намыс бар, «ащы сөзін» деген дұрыс болар, бәлкім!) ақылға жеңдіріп, сиез өтіп жатқан залда түнеріп отырғандардың түрлерінен «ойбай, бәледен машайық қашыпты» дегендей әлдеқашан безіп кеткен «күлкі» деген керімді көзінің айналасына жинап ап, ой, Алла-ай, өзіне тұс-тұстан тап берген «тоғыз тоңқылдақ пен бір шіңкілдекке» жымия қарап жауап береді ғой әлгі жерде. Төбең әрең көрінетін түйетайлы төбелер мен төбешіктерге ту тігіп, жік-жікке бөлінгенше, жазиралы жазыққа бір шаңырақ көтеріп, бітпей жатқан шаруамызды бірігіп бітірейік те, дейді ғой баяғы жымия отырып. Мұндайда санасы бар адам (оның үстіне ол елден ерекше жаралған қаламгер болса) басқа-басқа, Жазушылар одағына басшы болу деген парыз бен қарыздың ар жағында қияметтің өткеліндей қиындықтың да тұратынын түсінер еді де, бақай есепті бақталастардың сұғына айналған басқармадан да, басқасынан да түңіліп кетер еді. «Өтемістен туған он едік, онымыз атқа қонғанда, жер қайысқан қол едік» дегендей, жер қайысқан жазушыларының сөзін сөйлеп, талап, тілектерін билік басындағыларға жеткізіп отырған қасиетті қара шаңырақты аты жаман мекеме – «похоронное бюроға» теңеп, бөркі қазандай болғандар мен сол болып-толғандарды қолдап пыш-пыштап жүрген пақырлардың қайсыбірі бақилық боп жатқанда қазанамасы мен жаназасын ұмытпай, шапқылап жүргендер де осы одақ төрағасы мен оның орынбасарлары емес пе?!. Бір кездегі бір сиезде «мен туралы бірдеңе-сірдеңені көңірсітіп еді» деп майдалыққа барып, бетін теріс бұрса, ұлықтығы қайсы Оразалиннің?!.

Екіндіге ауды күн,
кешегі дос – жау бүгін,
содан жүрек жаралы,
сыр да берді саулығым.

Кебін кидім өгейдің,
кімнен көрем, не деймін?!
Қорығына қамалдым
Шет-шегі жоқ көп ойдың.

Көкірегім қақырап,
құлазып тұр атырап.
Желі азынап қазанның,
ұшып жатыр жапырақ…
Сиез төріндегі мәмілеге шақырған мейірім иесінің бұл енді ақындық болмысына оралып, жападан-жалғыз қалған сәтінде жанға дауа болар жан сырын қағазға төгіп, қаламға арқа сүйген сәтінде жазған жырларының бірі. Шер толқытқан кезіндегі ой түбінен сүзіп алған сөз сарасы. Парықсыздармен өмір бойы бола беретін бітіспес майдандағы парасат иесін қолдаған Пырақ атты көңіл көкдөненінің кісінеп келіп, дем бергені.
Ал енді қоғамға, сол қоғамның алтын қоңыраулары – ақын, жазушылардың мүдделерін қорғау керек кезінде сиез үстіндегі қызба, ұрма-перме қаламдастарының артық-ауыс сөздеріне кешірімшіл Оразалинді мүлде танымай қаласыз. «Егемен Қазақстан» газетінде жүрген кезімде «Қаламгер және қаламақы» деген мақала жазып (09.01.2014), онда «Жуырда Қазақстан Республикасы Сенатының депутаты, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин Парламент Сенаты мінберінен Премьер-Министрге депутаттық сауал жолдады. Сенатор мырзаның Үкімет басшысына қарата: «Жазушы қауымы әдебиетті жаратар кәсіп иесі ғана емес, ұлт рухы мен қоғам тынысына дем беретін, заман өмірін қозғайтын қуатты күш. Сөз өнерін жаратушы жазушы болғанда, оның алтын бесігі – әдебиет. Менің депутаттық сауалыма арқау болған мәселе – әдебиет тағдыры мен болашағына тікелей әсері бар – қаламақы мәселесі! Бұл пісуі жеткен мәселенің арғы-бергі тарихын өзіңіз де, сіз басқарып отырған Үкіметтің біраз мүшелері де жақсы біледі. Мемлекеттік тапсырыспен жарық көретін көркем әдебиет туындыларына осыған дейін тиісті мөлшерде төленбей келген, заңдық тұрғыдан алғанда төленуі тиіс қаламақы қолына қалам ұстаған жазушы дейтін қауымның жанайқайына айналғалы біраз болды. Көп айтылып, қоғам мен билік дәліздерін кезген қаламақы жөніндегі әңгіме Елбасыға да жетті. 2007 жылдың 1 маусымы күні Нұрсұлтан Әбішұлы тиісті орындарға тапсырма берді. Сең орнынан қозғалды. Құжат түрінде өрнектелген айтулы мәселе республика Парламентінің қос палатасында қаралып, 2008 жылдың бюджетінен 193 миллион теңгенің бөлінгені ел есінде. Өзгелер ұмытқанымен, бөріктерін аспанға атқызған бұл қуанышты жағдайды жазушылар ұмыта қойған жоқ. Өкінішке қарай, сол бөлінген қаржы әртүрлі себептермен із-түзсіз кетті. Ең қиыны – Президент тапсырмасы орындалмай қалды. Әрине, бұл жылдар ішінде кітап шығару ісі үзілген жоқ, жандану үстінде. Мемлекеттік тапсырыспен жарық көрген кітаптар аз таралыммен болса да, республика кітапханаларына жол тартып жатты. Бірақ сол мемлекет сатып алып жатқан кітап иелерінің жанайқайы жауапсыз қалып отыр. «Бұлбұлды мысалмен алдарқатудың» заманы өтті! Сондықтан, Мемлекет басшысы тарапынан 2007 жыл мен 2012 жылғы әдебиетті өрістету мақсатында берілген тапсырмаларды мүлтіксіз орындау үшін Мәдениет және ақпарат министрлігі ұсынып отырған 2014-2016 жылдардың бюджетіне тек қаламақыға жұмсау мақсатында 560 (бес жүз алпыс) миллион теңгені үстеме қаржы ретінде бөлуге ықпал етуіңізді сұраймын. Қай кезде де, қандай қоғамда да еңбек көркі – өтеу! «Өтеусіз еңбек – қор еңбек», деді. Бұл жазушылар еңбегіне қаламақы төлеудегі оралымсыздықтарға байланысты айтылған ащы шындық еді. Ал ел жазушылары бұл сөзді Парламент мінберінен қашан айтылады деп көптен бері күтіп жүрген болатын. Сондықтан, сенатор сауалын қазақстандық әрбір қаламгердің жанайқайы деп қабылдаған жөн. «Жүректен шыққан сөз жүрекке жетеді» деген қағидаға жүгінсек, Үкіметке қаламақы қажеттігін бұдан артық жеткізу де мүмкін емес шығар. Енді сенатор сауалы жауабының оңды шешімін күту ғана қалған сияқты» деп жазыппын.
Құдайшылығын өздеріңіз де айтыңыздаршы, егер қара басының қамын күйттеген адам болса ақын Нұрлан Оразалин Үкімет басшысына дәл осылай шырылдар ма еді?! Бұл ойды сенатор Жабал Ерғалиев жақында ғана «Әдебиет саласында жазушыларға жасалып отырған үлкен бір қамқорлық, бұрын мемлекеттік тапсырыс бойынша кітаптың таралымы екі мың дана ғана болатын. Енді, кітаптың тиражы бес мыңға жететін болды. Сөз жоқ, осының нәтижесінде жазушыларға төленетін қаламақы да өседі. Бұл мәселеде Қазақстан Жазушылар одағының басшысы Нұрлан Оразалиннің үлкен еңбегін ерекше атап өту керек. Сенатор болған аз ғана уақыттың ішінде ол келген күннен бастап Мәжілісте болсын, Үкімет сағатында болсын, жазушылардың жағдайын, олардың қаламақы мәселесін айтумен болды. Осының нәтижесінде тиісті заң қабылданды. Біз соған шын жүректен қуанамыз», – деп түйіндеді.
Нақтырақ айтсам, биыл 5 мамыр күні Президент Нұрсұлтан Назарбаев «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Аталған құжатта театр өнері, музей, баспа ісі, кино және тағы басқа мәдениет саласының өзекті мәселелері қамтылған.
Тағы бірде билік маңайында жүрген мәртебелі біреуге одағымыздың момын басшысы азу көрсетті. Оны көзі ашық, көкірегі ояу барша зиялы қауым теледидардан түгел көрді. «Аузымды жаппаңыз, аузымызды жаба-жаба болдық қой» деп тастады ма, әйтеуір осы тақылеттес ақын айбарын көрсететін бір қатты сөз айтты әлгіге. Сол сәтте Нұрекеңнің де айтар сәті туған кезде атасының болса да айыбын бетіне басып, айтып тастайтын арқалы мінезі бар екеніне көптің көзі анық жетті. Айта алмаса ақын ақын бола ма?

Ұнатпай тұрмын мен іштен,
сөзіңмен айтқан келіспен.
У ішсем – бірге жұртыммен,
құдықтан ішем ел ішкен.

Еліммен бірге – жыр демім;
сезініп үнін іргенің,
ат төбеліндей қазақпен
ақыретке дейін біргемін.

Бабамның онда сөзі бар,
Анамның онда көзі бар;
Әкемнен қалған арман бар,
жүрегім, жаным тез ұғар.

Ұрпақпен, ұлтпен сырласар,
қажетті жерде ырғасар,
өлмейтін мәңгі құстайын
Рухым бар онда мың жасар.

Жақсыға, жатпас жаманға,
сөзің бар екен заманға…
Қасымда бірақ жоқ орын,
екі сөйлейтін адамға…

Екіұшты сенбен сөзіңе,
екіұшты ойың – өзіңе!
Алдама жұртты, арбама…
Аулақ жүр!
Түспе көзіме!

Сенделем – елім сенделсе,
Жөнделем – елім жөнделсе.
Жадыңда сақта! Халықпен…
Біргемін!
Бірге – өлгенше!..

Бұл жыр мен сырдан байқағанымыз, Нұрлан Оразалиндей ақын өзінің жайлауы бір жазушыларының, айдыны ортақ ақындарының алдында ғана кешірімшіл екен де, ал ел, жер, тіл, діл мүддесі дегендерге келгенде ер екен, халқымен бір екен.
Деп жүріп жатқан ақын Нұрлан, азаматтық позициясы мен парасат, пайымның парқын анықтап алған ақын көңілін мұңға, жүрегін жырға мелдектеткен сезімдерін халқымен өлең арқылы бөлісетін бекзаттық қалпын жоғалтқан жоқ.

Көңіл төрін жұлқып,
сілкіп, шайқап ән,
Өлең, шіркін оралып жүр қайтадан.
Ескі досым есігімді қағып тұр…
Қалай?
Қайтіп?
Тыныш жатам? Жай табам?!

Өткендердің іздеп мәңгі тұрағын,
өшкендердің жағып, қайта шырағын.
Ескі досым ел көшірді түнімен,
сатыр-сұтыр…
Сең көшкендей бір ағын…

Оятып ап Намыс пенен Ұятты,
көк төсімен бір сұрапыл күй ақты.
Ескі досым…
Ессіз сезім жер-көкті,
айдың астын жаулап алған сияқты.

Алматыны баяғыдай шайқап ән,
Алатаудан самал есті қайтадан.
Ескі досым есік қағып тұрғандай,
Қалай?
Қайтіп?
Тыныш жатам?
Жай табам?!

Жетпіс деген желекті, жемісті мәуелі жас қой. Шынында қалай, қайтіп, тыныш жатасыз, Нұреке? Өткендердің іздеп мәңгі тұрағын, өшкендердің жағып, қайта шырағын жырлай беріңіз, жаза беріңіз.

Тараз қаласы.

 

Абыройлы азамат, ардақты ақын

Шырын Мамасерікова,
ақын.

Қызыл тілді өнер атаулының алды санаған ата-бабаларымыз асыл сөзді ежелден-ақ кие тұтқаны белгілі. Себебі, сөз – Алла тағаланың адамзатқа таратқан еш теңдесі жоқ тартуы, сыйы. Сондықтан да, ұлы Абай: «Өлең – сөздің патшасы» деп бекер айтпаса керек. Бүгіндері поэзия тағына отырып, бастарына жыр тәжін киіп жүрген алаштың адуынды ақындарының бірі Нұрлан Оразалин де:
«Атамыз – ой,
Анамыз – сөз күш берген.
Қанат берген, көкірекке құс берген.
Әруақтанып алысқанда дін-аман,
Алып шығар қилы-қиын істерден», –
деп жырлапты.
Әдемі айтылған аталы сөз. Азаматтық әуенмен өрнектелген өлеңде сұлулық та, сурет те, сезім де бар. Шындығында, Н.Оразалин – шығармашылық өрісі кең ақын. Оның туған жерге деген перзенттік ықыласынан туған ақжарма жырлары ақын шабытының байрағы іспеттес. Өйткені, нағыз ақын өз ұлтының үні болуы шарт, өлеңдерінен қазақы әуен, қазақы мінез, ұлттық нақыш көрінгенде ғана жүрекке жетері ақиқат. Осындай үрдіс Нұрлан шығармаларында жетіп артылады. Мысалы:
«Қияқ шөпті сарғайған несібе қып,
Қия бетті барады кесіп елік.
Қойлы ауылдың қиынан шыққан түтін
Қаз-тырнаның барады көшіне еріп»,– деген шумақтан күз мезгілінде тау аңғарында отырған қойлы ауылдың келбеті айна-қатесіз көз алдыңа елестейді. Әсіресе, қойлы ауылдан шыққан будақ-будақ түтіннің оңтүстікке қайтқан қаз-тырнаның көшіне ілесуі, қияқ шөптің сарғаюы табиғат пен тіршіліктің күнгейі мен көлеңкесін дөп басқандай әсер береді.
Көкірегіне елінің көсемдігін, ұлы даланың дархандығын жиған атпал азаматты қатал тағдыр терідей илеп, тулақтай сілкілесе де қаймықпас қайсарлық танытып:
«Қалдым деме!
Ширығып тұр нар тұлғаң.
Оздым деме!
Жас келеді артыңнан.
Жеттім деме!
Асулар көп алда әлі,
Соқпақтар көп айқыш-ұйқыш тартылған» – деген тегеурінді жырларында рухани дегдарлық бар.
«Алла бар!
Болмауы мүмкін емес!
Бір күн – шындық… Арбайды бір күн – елес.
Он сегіз мың ғаламның Иесі бар,
«Құдайсыз қурай сынбас. Жыр түлемес…» –
деген өлең шумағы талай жүректерге имандылық нұрын ұялатқаны сөзсіз. Әркімнің ойында жүрген осынау шындықты көкірек көзімен байқап ордалы ойын оймақтай жырға сыйдырып, құйма алтындай алдыңызға тосқан шеберлігін айтпасқа болмас.
«Еліме сенем, жеріме,
Сүйенем Арқа, Тауыма.
Шығамын ойдың өріне,
Кіремін жырдың бауына», –
деген сөздің иесіне иланасың. Оның мақпалдай жұмсақ, миуадай тәтті әсем өлеңдер жаза беретініне кәміл сенеміз.
«Бір бойымда екі адам тіреседі,
Біріншісі өртеніп, жыр еседі.
Екіншісі жасырып өз сезімін,
Ел алдында «өктемсіп» сіреседі» – деп ағынан жарылған ақкөңіл ақын уақыттың мәңгілік көшінің ұлы шеруінде бүкпесіз сыр шертіп тұр.
Өйткені, ол өмір бойы ақындық пен басшылықты қатар алып келе жатыр. ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, көрнекті ақын, танымал драматург, 21 жылдан бері Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы қызметін атқарып келе жатқан Нұрлан Оразалинді 70-ке шыққан мерейлі мерекесімен құттықтай отырып, оған соқтықпалы-соқпақты өнер жолында қанатың талмай, самғай түс, алаштың ардақты ақыны демекпін.

Меркі ауданы.

Шығармашылық шабытына
таусылмас қуат тілеймін!

Пернебай ДҮЙСЕНБИН,
жазушы, Сарысу ауданының
Құрметті азаматы.

Көрнекті ақын, қоғам қайраткері Нұрлан Оразалин туралы толғамды пікір, толайым ойлар легіне ерік беруге әбден болады деп ойлаймын. Ол сонау университет қабырғасында жүргенде-ақ, сабағын үздік оқып қана қоймай, Қазақстандағы бірден-бір іргелі оқу орнының қоғамдық жұмыстарына белсене қатысып, көзге түсті. Алғашқы өлеңдері сол студент болып жүрген кезде-ақ «Жас керуен» атты ұжымдық жинақта жарияланды. Сол дәуірде өлең өлкесіне қанат қаққан жастардың жырларының үлкен талқылаудан, қатаң сүзгіден өтіп, жинаққа енгізілуі кәдімгідей құбылыс саналатын. Ал жас талап үшін алғашқы жырларының тасқа басылуы үлкен мереке еді. Сол қуанышқа ортақтасқан көпшіліктің қатарында біз де болған едік. Нұрлан Оразалин мен белгілі сыншы Сағат Әшімбаев екеуі бір курста оқыды. Әрі құрдас, әрі пікірлес екі азаматқа да замандастары қызыға қарайтыны есімде. Сағат соңғы курста оқып жүргенде-ақ сол кездегі ең беделді жастар газеті «Лениншіл жастың» әдебиет және өнер бөліміне әдеби қызметкер болып орналасты. Ал Нұрланның жастық сезім әсерімен әрленген жырлары сол шақта баспасөз беттерінде жиі жарияланып жүрді.
Оқуды бітіргеннен кейін әрқайсымыз әр тарапқа кеттік. Мен ауылда ұстаздық еттім. Пікірлес, сыйлас азаматтармен қатынас біршама сиреді. Шалғайда жатсақ та, еліміздің мәдени, әдеби өміріндегі жаңалықтарды жіті қадағалап, әріптестеріміздің жақсылықтарына шынайы көңілден қуанып отырдық. 2002 жылы «Ғасырмен қоштасу» жыр жинағы үшін Нұрлан замандасымыздың ҚР Мемлекеттік сыйлығын алғанын, драма саласындағы табыстарын қошуақ көңілмен қарсы алдық.
Нұрланның Қазақстан Жазушылар одағын басқарғалы бері нарықтық заманның аумалы-төкпелі аласапыранында да Одақтың шаңырағын шайқалтпай ұстауға қажырлы еңбек сіңіргенін білеміз. Ол сонау 90 жылдары Жоғарғы кеңестің депутаты болған кезінде де тіл, мәдениет мәселелеріне көп көңіл бөлді. Сол секілді сенатор болған шағында да Одақтың көкейтесті шаруаларын оңынан шешуді назарынан тыс қалдырмағандығы ақиқат.
Ағаға іні, ініге аға бола білетін Нұрланның адами ізгі қасиеттері жетерлік. Оның бір дәлелі 2015 жылы халықаралық «Дарабоз» конкурсының он жылдығына орай Астанада Ұлттық академиялық кітапханада арнайы мерекелік іс-шара өткізілді. Мен сонда сол бәйгенің Бас жүлдесін иеленген едім. Сонда Нұрлан алқалы топ арасынан жарыла шығып, арнайы келіп, інілік ілтипатпен құшағына алып, шын жүректен: «Біздің бетпе-бет кездесіп, жолығыспағанымызға да қырық жылдан асыпты ғой, Пернеке!» деп шын жүректен құттықтағаны есімнен еш кетпейді. Қырық жыл түгіл, қырық күннен соң сәлемінің арқауы сетінеп, сырғақтап кететін жандарды өмірде көріп жүрміз ғой.
Осы жылдың 12 мамырында Алматыдағы М.Әуезов атындағы драма театрында ұлтымыздың біртуар перзенті Асанәлі Әшімовтің 80 жылдық мерейтойы өтті. Сонда Қазақстан Жазушылар одағы атынан құттықтау сөз сөйлеген Нұрланның актердің адами тұлғасын, оның өнерінің сан қырлы қасиеттерін жарқыратып аша білген шеберлігіне, бір қылауы жоқ төгілме шешендігіне қалың қауым шын ризашылық білдіріп, ұзақ қол соқты. Жалпы, сол көп құттықтаулардың ішіндегі бірден-бір салиқалы, сарабдал, ойлары орамды, пайымы салмақты сөз осы Нұрландыкі екендігіне ешкім шек келтіре алмаса керек. Оның ағаға деген інілік зор құрметінің шынайылығы осы тұста барынша жарқырап көрінгеніне куә болдық.
Осынау мерейлі мереке тұсында, 70 жастың жалына қол артқан Нұрлан бауырымызды шынайы көңілден құттықтауды ағалық парыз санаймын. Өмір жолына нұрлы шуақ, шығармашылық шабытына таусылмас қуат тілеймін!

Сарысу ауданы.

Өлеңінде өрнек бөлек, ой бөлек

Қуандық
Шолақ,
ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.

 

Қазақта «Ақын болу – өз еркің, азамат болу – міндетің» деген әдемі сөз бар. Қазақтың қабырғалы қаламгері, алаштың алдаспан ақыны Нұрлан Оразалин осы сөзді жете түсінген сөз зергері. Жүзінен жылы леп есіп тұратын Нұрекеңнің өлеңдерінде адамдық ізгі қасиет, ұлттық рух, азаматтық болмыс кең әрі терең бейнеленеді.
Нұрлан Оразалин шығармашылығында ой мен сезім әдемі өрнектеледі. Былайынша айтқанда, өлеңінде өрнегі ерек, ойы бөлек ақын. Оның шығармалары лирикалық сезім, драмалық талапай-тартыс, әрі өмір философиясы. Бастысы, жүрек пен жанның ішкі үндестігі көзге бірден ілігеді. Нұрлан – кеудесінде лапылдаған шоқты өлеңмен шығара білген таңдаулы таланттардың бірі.
«…Тұрмайды мәңгі бағыңыз,
Қалалар қанша құм басқан.
Бәріне куә жадымыз,
Қара жер, мұхит, түнгі аспан.
Перғауындардың байлығы
Сұраусыз, құнсыз тоналған.
Арқалап арман, қайғыны
Ұлыстар ізсіз жоғалған.
Асау ат сынды көнбейді
Желпілдеп ойдың түндігі.
Тәңірім бәрін жөндейді –
Ғаламның осы шындығы», –
дейді ақын. Өлеңнен нәр алған, өлең үшін жаралған ақын ғана осылай жырлай алса керек-ті.
Нұрланның «Шындық», «Иә, Тәңірім», «Тағдыр үні» секілді басқа да өлеңдері тұтаса келе оқырманын терең ойға жетелейді. Оның табиғатына, болмысына терең ойлау ғана тән.
«Қар жауып жатыр себелеп,
Дүние ойға батқандай;
Ақша қар – аппақ көбелек,
Көбелек ұшып жатқандай.
Қар жауып жатыр себелеп,
Бар ғалам ойға батқандай;
Дүние – аппақ көбелек,
Қапылып ұшып жатқандай», – деп жырлаған Нұрлан ақын ойды көркемдікке, образға орап берудің шебері, әрі өлеңдерінде метафоралық тәсілді орнымен әдемі қолдана біледі. Өлеңде қыс бейнесін шебер суреттеген ақын қарды көбелекке телиді. Расында да жапалақ қар көкте ұшып жүрген ақ қанат көбелекке ұқсайды ғой. Шағын суреттеу соңын алып аспандағы үлкен қозғалысқа айналдыра білу, бөлшекті тұтастыққа апару – Нұрланның ғана қолынан келеді. Ол қысқы пейзажды, картинаны ғана көз алдымызға әкелген жоқ, әлемді бейнелеп тұр.
Өлеңдеріндегі поэтикалық қуат көңілге қонатын Нұрлан ақынды желекті жетпіс жасымен шын жүректен құттықтаймын. Шығармашылығы биіктерге бастай берсін!

Т. Рысқұлов ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support