- Advertisement -

Ынталы шаруаға қолдау көп

115

- Advertisement -

Елімізде «Агробизнес-2020» бағдарламасы аясында интенсивті алма бақтарын өсіру жобасы 2014 жылы қолға алынған болатын. Бұл іс өңіріміздің жеміс-жидек өсіруші бағбандарына да қозғау салған-ды. Содан бері не істелініп, не қойылды? Жалпы, бұл істің болашағы бар ма? Міне, осынау сауалдар екінің бірін қызықтырары анық.
Осыған байланысты «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамының облыстық филиалы Ақбастау ауылдық округі аумағында орналасқан «Әулиеата-Алма» өндірістік кооперативі базасында түрлі деңгейдегі мерзімдік басылымдар өкілдерінің қатысуымен баспасөз-турын өткізді. Ең бастысы, аталған агроқұрылымның өзгелерге көрсетер үлгісі, ортаға салар тәжірибелері де мол болып шықты.
Мұнда лизинг алушы 10 кооператив біріккен. Аталған агроқұрылым кешенін сербиялық компания аяғынан тұрғызып, жаңа заманауи технологиялармен жан-жақты жабдықтап та беріпті. Бау өсіру ісіне вируссыз көшеттер, тамшылатып суару, шпалерлік жүйе, бұршаққа қарсы тор пайдаланылады. Бас-аяғы 60 гектар алқапқа орналастырылған интенсивті алма бауы біріккен кооператив мүшелерінің ырыс-құтына да айналмақ. Жақын маңдағы ауылдардан келіп, бау телімдерін лизингке алып жатқандар бар екен. Мұндағы мақсат – заманауи технологияларды кеңінен пайдалану арқылы өнім көлемін ұлғайту, алманың өзіндік құнын төмендету болып табылады.
«Әулиеата-Алма» бауы осы жылдың ақпан айында іске қосылыпты. Баудың 50 гектары ауыл тұрғындарына лизингпен өткерілуде. Кешеннің жалпы жобалық қуаттылығы 2,5 мың тонна өнім өндіруге есептелінген. Осынау істің басы-қасында жүрген жеміс өсірушілер бұл деңгейге 5-6 жылда жетуді көздеуде. Біз лизинг алушыларды әңгімеге тарттық.
– Мен осы ауданда тұрамын. Осындағы дайын баудың 5 гектарын лизингке алдым. Бағасы 67 миллион теңге. Оның 40 пайызын мемлекет субсидия ретінде төлейді. Қажетті құжаттарды жинап, тапсырып қойдым. Бұл жерде көшет те, қажетті технологиялар да басқа салалардағымен салыстырғанда біршама арзан. Өз күшімізбен мұндай бауды өсіре алмас едік. Мемлекет бізге кәсіпкерліктің дайын нысанын ұсынып, оның бағасын кезең-кезеңімен біртіндеп төлеуге мүмкіндік беріп отыр. Осында кооперативке біріккендердің техникасы да, электржүйесі де ортақ. Ортақ нәрсе болғандықтан, арзанға түсіп отыр. «Бірлік бар жерде тірлік бар» деген осы. Алғашқы өнімімізді келесі жылы аламыз. Ал қарызды екі жылдан кейін төлей бастаймыз. Бұл бізге тиімді, – дейді кооператив мүшесі Қасымхан Қанаев.
Кооператив өкілі Рустам Ғанижанов ең басты тиімділік ретінде инфрақұрылымы, технологиялары, мамандары сай дайын жүйенің біршама арзанға түсетінін атап өтті. Жалпы, бұл кемінде 25 адамды тұрақты жұмыспен қамтитын жоба. Алынған өнімді қайда өткеру мәселесі де оң шешімін тауып отыр.
Ал «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы облыстық филиалының директоры Өксікбай Оразымбетов облысымызда өткен жылы 100 гектар, биыл тағы 100 гектар интенсивті бақ жобасы жүзеге асқанын айтты.
– Екі жылдың ішінде бұл жұмыстарға 2,6 миллиард теңге бағытталды. Бір алма бағы кешенінің бағасы орта есеппен 600 миллион теңге тұрады. Әрине, оның 40 пайызы мемлекет тарапынан субсидияланады. Сонымен қатар лизинг талаптары да шаруалар үшін өте тиімді. Ол он жыл мерзімге 6 пайыз үстемемен беріледі. Арасында 3 жыл жеңілдік кезеңі бар, – дейді ол.
Мұндай жобалар Алматы мен Оңтүстік Қазақстан облыстарында да жүзеге асып отыр екен. Біздің өңірімізде де бұл бағыттағы жұмыстарға көңіл толады. Баспасөз-туры барысында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері осыған көз жеткізді. Ал лизинг алған кооператив мүшелері өздерінің дұрыс таңдау жасағандарына, аз жылда табыстың тайқазанын тасытатындарына сенімді.

Есет ДОСАЛЫ,
«Ақ жол».

Жамбыл ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support