- Advertisement -

«Тұлпарыңның тұяғында тас балқып, Өттің, бәлкім туған жерді дастан қып…»

1 126

- Advertisement -

көкпаршы, өмірден ерте озған өрім жас Жәнібек Әбдікерімов жайлы сыр

көкпаршы, өмірден ерте озған өрім жас Жәнібек Әбдікерімов жайлы сыр

«Бала күннен тартып мінсең, ат жалын,
Онда сенің көкірегің, от жалын.
Білдің онда не екенін бәйгенің,
Бұл өмірде жарыс емес қай күнің?».
Бұл алдаспан ақын Төлеген Айбергеновтің «Шабандозбен әңгіме» атты өлеңінің алғашқы төрт жолы. Рухты екпінмен басталған осынау жыр жолдары дәл осылай жаныңды тебірентіп, тұла бойыңды шымырлатып жалғасып кете береді… Бойында қазақтың қаны ойнап, болмысы қазақтық қасиетпен біте қайнасқан кез келген жігерлі жанды бұл өлең елең еткізбеуі мүмкін емес-ау.
Өйткені, көкпар десе делебесі қоза кететін бабаларымыз арғымақ атты алтын тақтан артық көрген. Қамыс құлақ, болат тұяқты тізгіндеп, сегіз өрім қамшыны сауырға басып, додаға түскен қазақтың еңсесін ешкім баса алмаса керек-ті. Бүгінге дейін көкпар, аударыспақ, бәйге секілді ұлттық ат спорты ойындарында ешкімге намысын бермеген, аударысқанды аттан, жарысқанды топтан қалдырған нарқасқа азаматтарымыз аз емес. Сондай нар ұландарымыздың бірі болған, тірісінде тізгіндеген тұлпарымен талайларды қапы қалдырған қайратты да қайсар Жәнібек Әбдікерімовтің есімін көкпарсүйер көрермен естен шығара қойған жоқ. Аударыспақтан Қазақстанның екі дүркін чемпионы, көкпардан халықаралық жарыстардың чемпионы, ҚР спорт шебері Жәнібек Өмірбекұлы Жамбыл өңірі ғана емес қазақ ат спортының жарық жұлдызы болған еді. Жарық жұлдыз ерте сөнеді дейді ғой. Ол да бұл фәнимен нағыз орда бұзар жасында қош айтысып кете барды. Әйтпесе, әлі де алар асуы, шығар биігі бәрі-бәрі Жәнібектің алдында еді ғой… Амал не?!

Жеті жасар Жәнібек

1-6+0 Жәнібек-Аманкүл-үлкен-+ұлы-Серғазы Жәнібек-аударыспақта Жәнібек-және-Қазыбек Жәнібектің-бейітінде«Ерлік исі шығады ер-тоқымнан,
Тарих исі шығады шаңырақтан» деп қазақтың Қадыры жырлағандай, жастайынан ат жалын тартып өспеген қазақ баласы кемде-кем шығар. Қалалықтар болмаса, ауылдың қара шаңырағында өскен ұлдың ер-тоқымның қасиетін білмеуі мүмкін емес.
Сонау 1973 жылдың қақаған қаңтарында өмір есігін ашқан Жәнібек те солай түтіні түзу ұшқан ауылда алаңсыз асыр сап ойнап, бой түзеді. Ес жиысымен арғымаққа аңсары ауып, қазанаттың қыр-сырына қанығып өседі. Өмірбек әкей мен Дүйсенкүл ананың шаңырағында өмірге келген ол үш қыздан кейінгі ұл болды. Атасы Әбдікерімнің ауыл-аймаққа, өңірге белгілі жүректі де білекті, сом тұлғалы азамат, қара күштің иесі – палуан болғанын көзкөргендер аңыз қылып айтатын көрінеді. Тектілік тұқым тартпай тұрған ба?! Бес жарым келіге жуық салмақпен дүниеге келгенде, Жәнібекті бәрі атасына тартар таутұлғалы азамат болады деп үміт етті. Үміт алдамады. Мәйкөш апасының тәрбиесі мен мейіріміне қанып өскен ол арғы бабасы ел қорғаны болған Жәнібектей батыр болмысты болып еңсе тіктеді. Өзі қатарлас, тіпті, бір-екі жас үлкен ауыл балаларымен алысып, тартысудан талған емес…
Алты жасында мектеп табалдырығын аттаған ол сабақ үлгерімінде үздіктігімен де көзге түседі. Атқа деген әуестігі сол кезде-ақ қылаң беріп үлгерген еді. Оған мына бір оқиға дәлел бола алады. Жәнібек жеті жасында, екінші сынып оқып жүргенде Шегір тайды өз күтіміне алып, балалығына қарамай жақсылап баптауға барын салады. Асты-үстіне түсіп, мектептен келе жемшөбін беріп, жалынан сипамаса көңілі тыншымайды. Шегір тай да оған бауыр басып, кішкентай иесінің әбден исін алады.
Бірде таңертең кештеу тұрып, мал жайғауға барған Өмірбек әке шегір тайдың орнында жоқ екенін көріп, қорқып кетеді. Дүйсенкүл шешей екеуі әрі-бері іздеп таба алмайды. «Не де болса, Жәнібек мініп кеткен болу керек» деген ойға тоқтаған олар мектепке баруды жөн көреді. Дүйсенкүл шешей мектепке келсе, расында да шегір тай мектеп алдындағы теректе байлаулы тұрады. Басын бір шайқаған ол жануарды шешіп әкетпек болғанда, тартыншақтап жүрмейді. Терезеден бақылап отырған бала Жәнібек сыртқа шығып, өзін көріп осқырынып тұрған тайға жақындап, жалын сипайды. Сонда ғана тай түсінгендей жетекке көніп, қайтуға беттейді. «Оқуға кетіп бара жатқанымда, кісінеп қоймады, тыпыршып орнында тұра алмады. Шылбырын үзетін болған соң қимай мініп кеттім» – дейді ол анасына. Жеті жасар Жәнібектің атпен тіл табысуы осыдан бастап қалыптасып, жүйрік баптауға деген құмарлығы анық байқала бастайды.

Жақсының жолында жайсаңдар жолығады

Он бес жастан бастап Жәнібек жолдастарымен ілесіп барып, көкпарды тамашалауды әдетке айналдырады. Кейіннен ептілігі мен күштілігінің арқасында «Әулиеата» көкпаршылар командасының құрамына қабылданып, талабымен одан ары таныла түседі.
Жәнібектің аталмыш командаға шақыртылып, ірі-ірі республикалық, халықаралық жарыстарда жұлдызының жоғары болуына себеп болған, қолұшын берген жаны жомарт жандар да, ақ пейіл ағалар да аз болған жоқ. «Жақсының жолында жайсаңдар жолығады» деген бар ғой. Сірә, азаматтың талантын тап басып, Жәнібектей көкпаршыға тұлпардың тұлпарын тақымдауына талай мәрте жағдай жасаған да сол игі жақсылар. Қырғыз-қазақ жиналған үлкен астарда, республикалық чемпионаттарда, тіпті халықаралық жарыстарда да Өмірбек әкейдің ұлы бірде «Ауди» атты хас арғымақпен алысқанды аттан аударып, тартысқанды қапы қалдырса, енді бірде «Түйеқұс» аталатын әйбат қарагер дөненімен талайларды тәнті етіп еді. Ол аударыспақ пен көкпарды қатар алып жүре алған, екеуінен де ірі нәтижелерге жете білген санаулы спортшылардың алды болды.
Жәнібек 1997 жылы Тараз қаласында өткен Ұлы Жеңістің кезекті жылдығын атап өтуге арналған облыстық ат спорты ойындарында аударыспақтан жеңімпаз атанды. Келесі жылдың жазында Астана қаласында жалауын көтерген Қазақстан Республикасы Президентінің жүлдесі үшін бірінші рет өткізілген Ат спортынан ашық халықтық ойындарында аударыспақтан тағы да топ жарды. Ақтық сында салмағы 130 килограмм тартатын алып жігіттен айласын асырды. 2000 жылы Түркістан қаласының 1500 жылдық торқалы тойында жеңіске жетті. Қырғызстан Республикасында Ат спортынан өткен халықаралық ойындарда аударыспақтан бірінші орын алды. Содан 2001 жылы оған Қазақстан Республикасының спорт шебері атағы берілді.
Ол ажалының да сол көкпардан келетінін сезбеген. Көкпар үстіндегі тартыста қапы қалған қарсыластарының бірі көлденең қатты шауып келіп, атымен Жәнібекті кеуде тұсынан соққанын ешкім ұмыта қойған жоқ. Қатты соққыдан соң ол ерік-жігерінің мықтылығынан көкпаршылармен бірге өз аяғымен қалалық ауруханаға жетеді. Оған сол жерде ота жасалып, есін жия алмаған бойы көз жұмды. Арда азаматтан осылайша айырылып қалған Жамбыл жұртшылығы, бүтін ауыл қатты қайғырды. Амал не?.. Қырандай ұлдарын қимаса да көптеген адам оны ақтық сапарға шығарып салды…

Әженің тәрбиесі, ананың ақ сүтімен сіңген мейірімділік

Оның жұдырықтай жүрегіндегі Мәйкөш апасынан дарыған, Дүйсенкүл анасының ақ сүтімен, тәлім-тәрбиесімен сіңген мейірімділік те талайларға үлгі боларлықтай еді. Бірде базарға барғанда қол жайып отырған мүсәпір ақ жаулықты әжені көрген ол хал-жағдайын сұрап, үйіне жеткізіп, азын-аулақ ас-ауқатын алып бергені бар. Сол базардан екі қалалық бұзақының ауыл баласын тықсыртып, қалтасын тонап жатқанын да байқап, әлгілерге араша түскен еді. Содан кейін ол осындай қоғамның қатыгез картиналарын көруге беттемей, базарға кірмеуге тырысатын. Себебі ол қаншалық сом білекті, ер жүректі палуан болғанымен де, соншалық мейірімділіктің кәусарына қанығып өскен азамат еді…
Р.S: Иә, Жәнібектей көкпаршының, балуанның артынан әлі күнге тек жақсы естеліктер, қимас тілектер, сағынышқа толы әңгімелер айтылып келеді. Журналист Д.Ормановтың ол туралы кітабын оқып отырып та, оның достары, сыйлас ағалары мен ауыл ақсақалдарының Жәнібек жайлы тек жақсы естеліктеріне тап болғанымыз да соның айғағы. Жігіттің сұлтаны болған Жәнібекті елі, жері ұмыта қойған жоқ. Оның атымен балабақша, көкпар алаңы аталғаны содан. Өңіріміздің көкпаршылары, достары, ағайын-туыстары оны жиі-жиі еске алып, құран бағыштап тұрады. Жасындай жарқырап өткен ұлттық ат спортының жұлдызының жарық сәулесі әлі де сөне қойған жоқ. Сөз соңын мақала басындағы Төлеген ақынның отты өлеңінің жалғасымен аяқтағанды жөн көрдік. Осы жыр жолдарын оқығанда жүйрігіне мініп жүйткіп бара жатқан Жәнібектің жалынды жігерлі бейнесі көз алдымызға келгендей болады да тұрады.
Мөлдіреттің көздің ыстық, бір селін,
Бәлкім мөлдір махаббатың бұл сенің.
Ой мен қырдан орғып өту арқылы,
Қалды бәлкім көзіңде оттар жарқылы.
Мұны айтқанда мың тұлпар боп жүрегің,
Дүбір салып жатқанын да білемін.

Жамбыл ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support