- Advertisement -

Инвестициялық жобалардың игілігін көрудеміз

119

- Advertisement -

DSC_0046-(2)Мұқаш ЕСКЕНДІРОВ,
Қазақстанның
Еңбек Ері, «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры.

«Қазфосфат» – еліміздің химия өнеркәсібінде өз орны бар өндірістік құрылым. Кәсіпорын 1999 жылы құрылған. Ол Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы бірқатар химиялық кәсіпорындарды біріктіреді. «Қаратау» кен өңдеу кешені, Жаңа Жамбыл фосфор зауыты, Минералдық тыңайтқыштар зауыты, Темір жол көлік кешені, Шымкент қаласындағы синтетикалық жуу заттарын шығаратын зауыт оның негізгі өндірістік нысандары болып саналады.

«Қазфосфаттың» қызмет түрлеріне шикізат өндіру, байыту және өңдеу, олардың негізінде өнеркәсіптік өнім мен халық тұтынатын тауарлар шығару, геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу, минералдық тыңайтқыштар, сары фосфор шығару жатады. Сондай-ақ, «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі фосфор саласындағы кәсіпорындардың құрылымын дамытуға, өндірістік үдерістерді жетілдіруге, қуаттылығын арттыруға бағытталған ауқымды істер атқаруда. Бұл қадамдар Қаратау фосфорит алабының табиғи қорларын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта мұнда фосфор саласының тек шикізат өндіруге бағытталған біржақтылығын өзгерту, сыртқы және ішкі нарыққа сапалы, бәсекеге түсе алатын өнім шығару бойынша іргелі жұмыстар жүргізілуде.

Мемлекет басшысы биылғы 31 қаңтарда Қазақстан халқына жолдаған «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында: «Әлемдік сұраныс бәсеңдеп кеткен кезде жаңа нарықтарға шығып, өнім жеткізу аумағын кеңейту керек. Минералдық шикізаттық базаны кеңейтуге баса назар аударылуға тиіс. Геологиялық барлау жұмыстарын белсенді жүргізу керек. Бұл салаларды одан әрі дамыту ісі шикізатты кешенді түрде қайта өңдеуді тереңдете түсумен берік ұштастырылуы тиіс», деп атап көрсетті. Біз Елбасы алға қойған міндеттер үдесінен шығатын боламыз.
Кәсіпорнымызда кейінгі жылдары ашылған экстракциялық фосфор қышқылы цехының да мүмкіндігі мол. Қазіргі таңда аталған цехта жылына 360 мың тонна экстракциялық фосфор қышқылы өндірілсе, болашақта бұл көрсеткішті 480 мың тоннаға жеткізу көзделуде.
«Қазфосфат» ЖШС – еліміздің жоғары технологиялық өнімдерінің имиджін нығайтуға бағытталған сенімді және сапалы өнім беруші бірегей кәсіпорын қатарында. Ағымдағы жылдың 1 мамырындағы нақтылауға сәйкес қызметкерлері-міздің жалпы саны 5972 адамды құрап отыр. Биылғы жылдың 4 айындағы көрсеткіш бойынша өнім өндіру көлемі 22 миллиард 11 миллион теңге, ал нақты көлем индексі 93,4 пайыз болды. Мұның да өзіндік себептері бар. Энергия жеткізушілер мен шикізаттар бағасының өсуі елеулі қиындықтар туындатуда. Тек биылғы жылдың өзінде 1 қаңтардан бастап электр қуатының бағасы 11 пайызға өсті. Жалпы, «Қазфосфат» ауқымды қуат көзін пайдаланушы компания, дегенмен кәсіпорын қоймалардағы дайын өнімдер қалдығын азайту мақсатында 1-тоқсанда бір пештік жұмыс режіміне көшуге мәжбүр болып отыр. Сары фосфор өндіру көлемі төмендеуіне байланысты сәйкесінше түйіршікті фосфор шикізатын тұтыну деңгейі де төмендеді. Соған қарамастан, біздің компания әрқашан өндірісті жаңарту мен жаңғыртуды басты назарда ұстаумен келеді. Біздің болашағымыз осыған байланысты.Тек өткен жылдың өзінде біз өндірісті эспорттық-бағдарлық дамыту бойынша 12 миллиард теңге сомасындағы үш бірдей болашағы зор жобаны пайдалануға бердік.
Оның ішінде 396,21 миллион теңге өндірісті автоматтандыруға жұмсалды.

Біз ағымдағы жылы өндірісті автоматтандыру және жаңа жобалар есебінен еңбек өнімділігін 1,7 пайызға ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Өткен жылы жүзеге асырылған инвестициялық жобалардан да қайтарым бар.
Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында «Қазфосфат» ЖШС Чехияның «Fosfa» компаниясымен бірлесе жүзеге асырған «гексаментафосфат өндіру» инвестициялық жобасы термикалық фосфор қышқылын өндіру көлемін едәуір ұлғайтуға мүмкіндік беріп отыр.
Аталған бағдарлама аясында зауыт былтырғы жылы «ЭФК-1 технологиялық жүйесін жаңғырту» инвестициялық жобасын іске қосу арқылы үстіміздегі жылдың төрт айында минералдық тыңайтқыш шығаруды өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда екі есеге ұлғайтуға қол жеткізді. Біз жыл аяғында өнім өндіру көлемін көбейтуді көздеудеміз. Нарық сұранысы технологияларды жетілдіруді, жабдықтарды жаңартуды, жаңа ресурс үнемдегіш өндіріс енгізуді талап етеді.
Жоғарыда аталған жобалардан басқа № 12 цехына А-8 ауа бөлу блогы сатып алынып, жаңарту жүргізілді. ЖЖФЗ-да өндіріс кешені пайдалануға берілді. Бұдан басқа өндірістік үдерістерді жаңарту шараларына, құрал-жабдықтар мен көлік құралдарын сатып алуға қаражат салынды.
Былтыр барлық инвестиция сомасы 15 миллиард теңгеден астам қаржыны құрады!
Мамыр айының соңғы жексенбісінде химияшылар күнін атап өту дәстүрге де енді. Химияшылар төл мерекелерін биыл да лайықты еңбек тартуларымен қарсы алынып отыр. Химияшыларды төл мерекесімен құттықтап, ересен еңбектері үшін оларға шынайы алғысымды жеткізгім келеді. «Қазфосфаттықтар» алдағы уақытта да елімізді, өңірімізді өркендетуге еңбегімен, ізденісімен өзіндік қомақты үлестерін қоса беретін болады.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support