- Advertisement -

Бірлік пен берекенің ұйытқысы

120

- Advertisement -

Қазыналы қарттарға қандай құрмет көрсетсе де жарасады. Мұны Елбасы да өзінің Жолдауларында жиі айтып жүр. Жастарға үлгі болып, ақыл айтар, тарихтан сыр шертетін көпті көрген көнекөз қариялар қашанда елдің дамуына, тұтастығы мен бірлігіне өз үлестерін қосып келген. Осыны жете түсінгендіктен шығар, елімізде «Ардагерлер ұйымы» құрылды. Бүгінде ол ұйымның филиалдары республиканың түкпір-түкпірінде халық үшін аянбай қызмет етіп келеді. Биыл республикалық ардагерлер ұйымына 30 жыл толып отыр. Осыған орай, облыстық ардагерлер кеңесінің мерейтойлық пленумы өтті.
Жиынды облыстық ардагерлер ұйымы кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев ашып, пленумға келген қонақтарды мерейтоймен құттықтап, осы мерзімде атқарылған жұмысқа тоқталды.
IMG_4035«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ел халқына арналған «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында және жақында бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігіне келелі міндеттер жүктеп отыр. Елбасы қазіргі аға буын өкілдерін ең әуелі жастарға егемендіктің қадір-қасиетін түсіндіріп, ел мен жер тұтастығы, тіліміз бен дінімізді сақтауға және ұлттық құндылықтарымызды насихаттап отыруға үндейді», – деді Еркінбек Солтыбаев.

Сондай-ақ, жиын барысында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов қазыналы қарияларды мерейтойымен құттықтап, оларға көрсетілетін көмектің толастамайтынын айтты.

«Қоғамдағы қариялардың беделін арттыруымыз керек. Осыған орай, жергілікті кәсіпкерлермен кеңесе келе мынандай шешімге келдік. Қарттарымыз жаңа технологияны меңгергенін көрсетіп үлгерді. Сондықтан, олардың арасындағы байланысты нығайту мақсатында ардагерлер ұйымына 30 смартфон сыйлауды жоспарлап отырмыз. Осы арқылы облыстың белсенді ардагерлері өзара байланыс орнатып, бір-бірімен пікір алмаса алады», – деді Ерқанат Манжуов.
Ардагерлердің осы уақытқа дейін атқарған жұмыстары назардан тыс қалған жоқ. Облыс әкімінің Құрмет грамотасымен Тынысбек Сейдуанов, Қазақбай Байжұманұлы, Ереңсіз Абашев, Байтуған Рыспанов, Райымбек Мұсатаев марапатталды. Ал Амангелді Әлімбаев, Кемелбек Дәуренов, Жақсылық Сәлемов, Амангелді Садыханов, Құрал Нұрпейісов, Күләш Әбдікешова сынды қариялар Жамбыл облысының Құрмет грамотасын иеленді. Бұған қоса, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің «Құрмет белгісі» төсбелгісі, «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалының Құрмет грамотасы еңбегі елеулі бірқатар ардагерлерге табысталып, мерекелік медальдармен марапатталды.
Бірлестік ел дамуымен үндесе, белсенді қызмет жасап келеді. Мәселен, Тұрар Рысқұлов ауданындағы «Парыз» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Әли Бекқұлы таяуда Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан 6500 жауынгердің дерегін анықтап, «Қазақстан Ұлы Отан соғысында» жинағына ұсынды. Сондай-ақ, Мәскеуде өткен халықаралық форумда Шығыс Еуропаны азат етуге қатысқан жамбылдық жауынгерлер туралы жария етті. Бұған қоса, даңқты Брест қамалын қорғауға қатысқан 33-ші инженерлік полк құрамында соғысқан 84 жамбылдық жауынгердің, Ленинград облысында қаза болған 500-ден астам жерлестеріміздің есімі тасқа түсірілген. Ардагерлер кеңесі тынымсыз еңбек етуден жалыққан емес. Ал «Ғұмыр-Дария» газеті арқылы олардың еңбек жолдарын насихаттауды дәстүрге айналдырған.
Сондай-ақ, облыс көлемінде қарияларға арнап жасалған жұмыстар жетерлік. Мәселен, 2014 жылы «Ардагерлер үйі» салынды. Өткен жылдың наурызында облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев сол шаңыраққа арнайы соғып, ғимарат маңайында жасалып жатқан «Ардагерлер аллеясына» өз қолымен шырша отырғызды.
Сондай-ақ «Тараз-Арена» спорт сарайында ардагерлер аптасына екі рет спорттың әртүрімен айналысып тұруы үшін арнайы кесте жасалған. Былтыр облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы ұйымдастырған үкіметтік емес ұйымдар арасындағы спартакиадаға 17 команда қатысқан болатын. Солардың ішінде «Ардагерлер» командасы суырылып алға шығып, жеңіс тұғырына көтерілді. Биыл сол үрдіс жалғасын тауып, спорттың алты түрінен «Тараз-Арена» спорт кешенінде өткізілген облыстық спартакиадаға аумақтағы ардагерлер ұйымдары атынан 200-ден астам ардагер-спортшы қатысты. Айта кетейік, бүгінгі таңда облыстық ардагерлер кеңесінде 90 мыңға жуық қария тіркелген.

Абай отар,
«Ақ жол».

Суреттерді түсірген
Ақәділ Рысмахан.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support