- Advertisement -

Озық тәжірибелер үлгісі

108

- Advertisement -

Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы мен «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Білім және ғылым саласын реформалау жағдайында қызметкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі кәсіподақтың құқықтық қызметінің міндеттері туралы» республикалық семинар өтті. Екі күнге созылған семинарға еліміздің барлық аймағынан кәсіподақтың құқықтық қызметінің өкілдері – заңгерлер, құқықтық инспекторлар мен бірқатар өңірдің кәсіподақ төрағалары мен аппарат қызметкерлері қатысты.
Облысымыздың және өзге де бірқатар өңірлердің құқықтық қызметінің озық жұмыс тәжірибесін насихаттау мақсатында өткен жиында республикалық Кәсіподақ ұйымы төрағасының орынбасары Виктор Беженаров еңбек адамының құқықтарын қорғау жөніндегі заңгерлер алдында тұрған міндеттерге тоқталды.
– Кәсіподақ мүшелігіне ынталандырудың дәстүрлі формалары кәсіподақ қатарына өтуге ниеттенген еңбек адамының көңілінен шықпайды. Олар өзін жұмыс берушінің озбырлығынан сақтай алатын, қуатты әрі күшті ұйым тұрғанын сезінгенде ғана кәсіподақ мүшелігіне өтуді ойлайды. Ал ондай қуатты ұйымға айналу үшін бізге тиімді құқықтық қызмет керек, – деді ол.
Жиында облыстық сот судьясы Динара Нұрлыбаева «Еңбек міндеттерін орындау барысында азаматтың өмірі мен денсаулығына келген залалды өтеумен байланысты сот тәжірибесі», облыс әкімдігінің Еңбек инспекциясы басқармасының бас инспекторы Мұхаметқали Туғанбаев «ҚР жаңа Еңбек кодексі нормаларының Жамбыл облысының ұйымдарында қолданылу мәселелері» тақырыбында баяндама жасады.
Семинарда Павлодар облыстық кәсіподақ ұйымының бас маманы Гүлшат Жаркенова, Ақтөбе облыстық ұйымның бас маманы Александр Алимпиев, Қостанай облыстық ұйымның құқықтық инспекция басшысы Айдарбек Бектабанов өздеріндегі жұмыс тәжірибелерімен бөлісті.
Семинардың екінші күні облыстық кәсіподақ ұйымының құқықтық инспекциясының жұмыс тәжірибесі үлгі етілді. Облыстық ұйым төрайымы Гүлсін Орынбаеваның баяндамасынан кейін ұйымның қызметі туралы фильм назарға ұсынылды. Жиында құқықтық инспекцияның алдына қойылған басты міндеті – еңбек заңдылығының бұзылу жағдайларын дер кезінде анықтау, олардың алдын алып, қызметкерлердің құқықтарының бұзылуына алып келетін себеп-салдарды жою, кәсіподақ мүшелеріне еңбек даулары бойынша соттарда, сондай-ақ өзге де құзырлы органдарда тегін өкілеттік қызмет көрсету жолдары баяндалды.

«Ақ жол-Ақпарат».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support