- Advertisement -

Сапалы тұқым – мол өнім кепілі

140

- Advertisement -

Аудандық Мәдениет үйінде Қазақстан егіншілік және өсімдік шаруашылығы зерттеу институты ғалымдарының қатысуымен «Институттың жетістіктерін Шу ауданының өндірісіне енгізу» тақырыбында семинар-кеңес өтті.
Басқосуда аудан әкімі Қайрат Досаев аудандағы ауыл шаруашылығына әлі де болса мықтап көңіл бөлу қажет екендігін атап өтті.
– Ауданда егіншілікпен айналысуға мүмкіндік өте мол. Су да, жер де жеткілікті. Соған қарамастан, шаруа қожалығының жетекшілері батыл қадамдарға бара алмай отыр. Сондықтан да, сала мамандары ғылыми негізге сүйеніп жұмыс істесін деген мақсатпен институт ғалымдарын шақыртып отырмыз. Бұл сіздер үшін үлкен мүмкіндік, – деді аудан әкімі.
Одан кейін сөз алған Қазақстан егіншілік және өсімдік шаруашылығы зерттеу институтының директоры Серік Кененбаев Шу ауданындағы ауыл шаруашылығы саласына институтта жүргізіліп жатқан ғылыми-зерттеу жұмыстарының жетістігін енгізудің жай-жапсарын түсіндіріп берді.
– Шу ауданының егістік алқабындағы дақылдар 2012 жылы 79 мың гектар болса, биыл 98 мыңнан асыпты. Бұл – жақсы көрсеткіш. Алайда бос жатқан жерлерді тиімді пайдаланумен бірге, оған сапалы тұқымды егу де маңызды екенін естен шығармаған жөн. Қазіргі таңда біздің институт еліміздегі барлық дақылдардың тұқымдарын шығарады. Оның тиімділігін көрсету мақсатында барлық аймақтарда өзіміздің отандық тұқымдарды егіп, артықшылықтарын көрсетудеміз. Себебі, сырттан келетін тұқымдардың бағасы жылдан-жылға шарықтап барады, – деді ол.
Институт басшысы көктемгі егіс жұмыстары кезінде мейлінше сапалы тұқымды кәдеге жарату, егістікті тамшылатып суару, дәрілеу, тыңайтқыштар сіңіру, суармалы жерлердегі арамшөптермен күресу мәселелеріне қатысты өз ойымен бөлісіп, аудан шаруаларының пікірлерін тыңдады. Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы С.Кененбаев қазіргі таңда еліміздің еңбеккерлері егіннен мардымды өнім ала алмай отырғандарының бірден-бір себебі оны баптауда жіберіп жатқан олқылықтардан екенін түсіндірді. Негізі көктемгі егіс жұмыстарына дайындықты күзден бастау тиімді көрінеді. Жерді күзде жыртып, оны қопсытып қойса, ол көктемгі егіс жұмыстары кезінде тұқым себуге өте ыңғайлы.
Ауыл шаруашылығы министрлігі еліміздегі 2 миллион гектар алқапқа егіліп жүрген майлы дақылдар егістігі көлемін 3 миллионға дейін жеткізуді тапсырған болатын. Соның ішінде, Жамбыл облысы 2021 жылға қарай соя дақылы егістігін 42 мың гектарға жеткізуді жоспарлаған. Осы орайда, институт ғалымдары жергілікті шаруаларға мемлекеттік сынақтан үздік нәтиже көрсеткен «Жансая», «Перизат», «Ласточка» сынды соя тұқымдарын егіп өсіруді ұсынды. Соя тұқымдарының бұл түрі облыстың климатына жақсы бейімделеді.
Жиын барысында аудан әкімі Қайрат Әскербекұлы институт ғалымдарымен бірлесе отырып, ауданда сұрыпты тұқымдарды жаппай көбейтумен айналысатын тұқым өсіру шаруашылығын құруды ұсынып, бұл тұрғыда мамандарға нақты тапсырмалар жүктеді.
Жиын соңында шаруалармен өңірдегі ауыл шаруашылығының өткені мен бүгініне салыстырмалы түрде шолу жасалып, олардың тарапынан туындаған көкейкесті сауалдарға тұшымды жауаптар қайтарылды.

Ерғали ҚАРТАЙҒАН,
«Ақ жол».

Шу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support