- Advertisement -

Мемлекеттік қызметшіге «білмей қалдым» деген жараспайды

72

- Advertisement -

Әдетте Әдеп жөніндегі кеңестің отырысы облыстағы мемлекеттік қызметшілердің білімі мен білігін, ары мен адалдығын, патриоттығы мен парақорлығын саралайтын сынақ алаңын елестететін. Өйткені, бірі біліп, енді бірі білмей жасаған қателігінің салдарын тап осы жерде жіті сезініп жатады.
Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстағы Әдеп жөніндегі кеңесінің кезекті отырысында осындай мәселелердің тағы бірнешеуі қаралды. Атап айтқанда, облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы С.Қойбақовқа, Сарысу ауданы әкімінің орынбасары О.Көкей бастаған арнайы комиссия мүшелеріне және Мойынқұм ауданындағы Қызылотау ауылдық округінің әкімі А.Сарышөкенге қатысты істер қаралды.
С.Қойбақов мырзаның ауруханаға түсіп қалуына байланысты оған қатысты іс кеңестің келесі отырысына қалдырылды.
Ал қалған екі іс бойынша мәселелер толық қаралып, тиісті шешім қабылданды.
Сарысу ауданы әкімінің орынбасары О.Көкей басшылық ететін аудандық жер комиссиясы Жаңатас қаласында осыдан үш жыл бұрын жалға алу негізінде жерге ие болған А.Жалғасбаеваға сол жерді өз атына аударуға рұқсат берген. Заңдылығында ол жерде аталған азаматша жалға алу мерзімі ішінде үй тұрғызып, толықтай қоныстануы керек болатын. Алайда, кейіннен жүргізілген тексеру нәтижесінде ол жерде жүргізілген құрылыс аяқсыз, яғни жерді жалға алушыға басыбайлы аударып беруге еш сай келмейтін болып шыққан. Осындай олқылыққа жол берген сарысулық бір топ мемлекеттік қызметшінің ісін жан-жақты қараған кеңес мүшелері олардың қызметіне толық сәйкес еместігі туралы аудан әкіміне ұсыныс жолдайтын болып келісті. Яғни, ендігі олардың өз қызметін жалғастыру-жалғастырмауы аудан әкімі Б.Нарбаевтың құзыретіне жүктелмек.
Ал кеңес отырысында мәселесі қаралған Мойынқұм ауданы Қызылотау ауылдық округінің әкімі А.Сарышөкеннің ісі не білместік, не бейғамдық екені белгісіз. Ол әкімдік ғимаратына пандус салу үшін бөлінген 318 000 теңгені пандус құрылысын жүргізген «Достық» жеке кәсіпкерлігіне жұмыс толық аяқталмай жатып аудара салған.
Қызметтік тексеру барысында түсінік берген әкім мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылығын мойындайтынын айтып, келтірілген залалды өзі төлеп берген. А.Сарышөкеннің осыған дейін ескерту түріндегі тәртіптік жазасының бар екендігін ескерген Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері оның қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ұсынысты аудан әкіміне жолдайтын болды.

Маржан РАҚАЙ,
«Ақ жол».

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support