- Advertisement -

Өңірді өркендететін жобалар қаржыдан қысылмайды

82

- Advertisement -

Облыс әкімдігінде алтыншы шақырылған облыстық мәслихат депутаттарының кезектен тыс 9-сессиясы өтті. Сессия жұмысы өңір басшысы Кәрім Көкірекбаевтың облыс әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалған Ғалымжан Әбдірайымовты көпшілікке таныстыруымен басталды. Облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық мәслихат депутаттары және аудандық, қалалық мәслихат хатшылары мен облыстық бірқатар басқарма басшылары қатысқан жиынды облыстық мәслихаттың депутаты Гүлбарам Тұрлыбек ашып, жүргізді.

Сессия отырысында «2017-2019 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» облыстық мәслихаттың 2016 жылғы 9 желтоқсандағы №7-3 шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселелері қаралып, облыс әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Жомарт Әмірхановтың баяндамасы тыңдалды.
Бюджеттік бағдарлама әкімшілеріне бөлінген қаражат жайын қозғаған Жомарт Амангелдіұлының айтуынша, биыл Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес «Нұрлы жер» бірыңғай бағдарламасы шеңберінде өңірімізде тұрғын үй құрылысын жүргізу шаралары қолға алынбақшы. Сол үшін, Тараз қаласының Сүлейменов көшесінің соңғы жағынан салынатын жаңа шағын аудандағы 80 пәтерлік көпқабатты 10 үйдің жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуге облыстық бюджеттен 146 миллион 356 мың теңге, Тараз қаласындағы «Бәйтерек» шағын ауданындағы 19 учаскенің ішінара, жаяу жүргінші жолы мен аялдама кешендерін салуға, көшелерін жарықтандыру мен абаттандыруға 900 миллион теңге қарастырылыпты.
Өңіріміз үшін моноқалалардың әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдарын дамыту да өзекті мәселенің бірі. Осы тұрғыда Қаратау, Жаңатас, Шу қалаларындағы 6 жобаны қайта жаңғырту үшін қосымша қаржыландыруға – 300 миллион теңге бөлінбекші. Бұл өз кезегінде тұрғындардың жұмыспен қамтылып, тиімді құрылым арқасында шағын қалалар әлеуетінің артуына, экономикасының әртараптандырылуына септігін тигізбек.

Жол – экономиканың күре тамыры. Жол қатынасы жақсаруының ел экономикасының дамуына тікелей әсері бар. Өңірімізде елді мекендер мен аудандардың арасын жалғайтын жолдардың жөнделіп, оның ұдайы күтіп ұсталуына баса мән берудегі негізгі мақсат осы. Сондықтан, облыстық бюджет есебінен аудандық мәндегі жолдарды орташа жөндеуден өткізуге – 261 миллион 625 мың теңге бөлінбек. Бұдан бөлек әкімшілік ғимаратты қайта жаңғыртуға – 325 миллион 832 мың теңге, жаңадан салынатын 16 емдеу мекемесі нысанының жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуге 32 миллион теңге қарастырылып отыр.
Облыс әкімдігінің энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы арқылы бөлінетін қаражат есебінен Тараз қаласындағы «Астана» шағын ауданының кезекті қосалқы стансасы мен «Барысхан» тұрғын алқабы және 14-шағын ауданын электрмен қамтамасыз ету үшін қосалқы станса құрылысы, Исатай көшесіндегі 4-қазандықтың ауқымын (РК-4) қосымша су ысытқыш қазан орнату арқылы кеңейту, Сабалақов көшесінің бойындағы «Бурыл» жаңа тұрғын алқабына 110/35/10 кВ қосалқы станса салу, Песчанная және Ы.Дүкенұлы көшелеріндегі су құбырларын қайта жаңғырту қолға алынбақшы. Т.Рысқұлов ауданының Ақбұлақ және Т.Рысқұлов атындағы орта мектептерінің қазандықтарын салу және газдандыру, Жамбыл ауданының Қоңыртөбе бастауыш мектебі мен «Ақбота» балабақшасына газ кіргізу, «ТаразТрансЭнерго» жарғылық капиталын ұлғайту мәселелері де осы жылы шешімін таппақ.
Ж.Әмірханов денсаулық сақтау басқармасына медициналық денсаулық сақтау ұйымдарының күрделі шығыстары үшін 342 миллион 460 мың теңге, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде скринингтік зерттеулер жүргізу үшін – 65 миллион теңге бөлініп отырғанын айтады.
– Тұрғындарды нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту, кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу үшін бюджет есебінен берілетін несиенің мәні зор. Осы мақсатта ауыл шаруашылық басқармасына – 1 миллиард 1 миллион 420 мың теңге қарастырылды. Астана қаласында өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне байланысты жәрмеңке өткізуге 159 миллион 750 мың теңге, мал шаруашылығы саласындағы терең әрі қайта өңдеу өнімдерін өңдейтін кәсіпорындардың өнімді сатып алуда жұмсайтын шығындарын субсидиялауға – 396 миллион 226 мың теңге жұмсалмақ. Жергілікті деңгейде ауыл шаруашылығы саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру жөніндегі қызметтерге – 35 миллион 592 мың теңге, ал мал шаруашылығы өнімдерінің өнімділігін және сапасын арттыруды, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды субсидиялауға – 300 миллион теңге қарастырылып отыр, – дейді ол.
Облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық дамыту басқармасының «Даму» акционерлік қоғамына қызылша өсіру бойынша ауыл шаруашылық техникасын сатып алуды несиелендіруге 300 миллион теңге, шағын бизнесті дамыту бағытындағы несиелерге 500 миллион теңге бөлінбекші. Бұл Мемлекет басшысының жаңа Жолдауында жүктелген міндеттерді орындау бойынша қолға алынған шаралардың бір парасы. Яғни, биылдан бастап кооператив, ауылдық жердегі жеке кәсіпкерлер, бизнесін жаңадан бастаған азаматтарға 16 миллион теңгеге дейінгі несие алуға зор мүмкіндік туып тұр.
Сессия отырысында «Жамбыл облысының агроөнеркәсіптік кешен саласында инновациялық жобаларды іріктеуді ұйымдастыру жөніндегі комиссия құрамын бекіту туралы» облыстық мәслихаттың 2016 жылғы 12 тамыздағы №4-5 шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы екінші мәселе бойынша облыс әкімдігінің ауыл шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Аманов хабарлама жасап, аталған екі мәселе бойынша да шешім жобасы бірауыздан қабылданды.
Үшінші қаралған мәселе бойынша облыстық мәслихаттың депутаты Бақыт Сауранбаев облыстық мәслихаттың оныншы сессиясының төрағасы болып сайланды.

Нұрым Сырғабаев,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support