- Advertisement -

Жұмысы жақсының жүзі жарқын

166

- Advertisement -

Елден үлкен ешкім жоқ. «Халық қаласа, хан түйесін сояды» демекші, барлық деңгейдегі әкімдерге халық алдында жылма-жыл есеп беру міндеті жүктелуі жер-жерде қордаланған әлеуметтік мәселелердің оң шешілуіне де ықпал етуде. Ең бастысы, есеп беру жиындарында қай әкім қалай жұмыс істеп жатқанының ара-жігін ажыратып алудың мүмкіндігі туды. Әрине, жұмысы жақсының жүзі жарқын. Халық алдында қасқайып тұрып атқарған ісін бүкпесіз жайып салады. Керісінше, жыл бойы жасырынбақ ойнаған баладай ауылдардан оқта-текте шаң беріп, «жауырды жаба тоқымдауға» тырысатындар есеп беру мәселесіне келгенде, кібіртіктеңкіреп қалады.
Бұл күндері ауылдық округ әкімдері халық алдындағы есеп беру жиындарын алдын ала бекітілген желілік кестеге сәйкес ретімен өткізіп те жатыр. Алғабастықтар алдында Құмарық ауылдық округінің әкімі Бейімбет Айдаралиев өз есебін берді. Онда ортаға түскен ой-пікір аз болмады. Мысалы, ауыл тұрғындары А.Аяпбергенов «мектепке «көгілдір отын» жеткізілсе» деген ұсынысын алға тартса, Б.Наметқұлова балабақша мәселесін көтерді. Ал мектеп директоры М.Серікбаева өз ұсынысын айта келе, әкімнің жыл бойғы жұмысына қанағаттанатынын жеткізді. Айтылған өтініш-тілектерді түртіп алған ауыл әкімі «Келешекте барлығын да қарастырып, реттейтін боламыз» деп жауабын да қысқа қайырды.
Округ орталығы Құмарықта өткен жиынға Қаракемер ауылының тұрғындары да қатысып, өздерін толғантқан мәселелерді ортаға салды. А.Әлімбаев Ә.Молдағұлова көшесіне жарық орнату керектігін, әйтпеген күнде электр желілерінің салбырап, шөп тиеген көліктерге кедергі келтіретінін, ал А.Омаров мектептегі ыстық тамақпен қамтылған бала санының көңіл толарлықтай емес, тым аз екенін жеткізді. Бұл мәселелерге тиісті мекемелер басшылары жауап берді. Айталық, алғашқы сұраққа аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі бөлімінің басшысы М.Дауытбеков жан-жақты жауап берсе, екінші сұраққа ауыл әкімі Б.Айдаралиев әзірге мемлекеттік қызмет көрсету стандартына сай келетін оқушылар саны сегізден аспай тұрғанын түсіндіріп, әлі де зерделеу жұмыстары жүретінін жеткізді. Сол секілді Р.Бекмурадованың Мәдениет үйінің жылу жүйесін газға көшіру туралы тілегіне орай тиісті мекемелерге аудан әкімінің тікелей тапсырма бергені, ендігі жылы жылу жүйесі «көгілдір отынға» ауыстырылатыны айтылды.
Жиын барысында округ әкімі тұрғындар тілек-өтініштерінің ешқайсысын да назардан тыс қалдырмауға уәде етсе, өз кезегінде халық та қалыс қалмай оның жыл бойғы атқарған жұмысын лайықты бағалады.

Нұрболат ӘЛДИБЕКОВ,

«Ақ жол».

Т.Рысқұлов ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support