- Advertisement -

Түтініңіз түзу шыға ма?

152

- Advertisement -

Егер мұржаңызда ақау болса, оны тексертіп алуды ұмытпаңыз!

Шет елдерде қарапайым мамандықтың өзімен күреп табыс тауып жүргендер аз емес. Мұржа тазалаушылар да солардың қатарында. Олардың кейбірінің мұржа қуысына бағзы бір кездері жасырылған алтын мен қыруар ақшаға тап болып, байып кеткендері де бар деседі. Осы күні мың теңгеге пештің оттығын шәй қайнатым уақытта-ақ тазалап беріп жүрген Меңдібай деген азамат жайлы сайттарда жиі жазылады. Ауылдарда Меңдібайлардың қатары көбейгені керек-ақ бүгінде.

Қыстың өз әбігері бар. Солардың бірі – көмір қышқыл газы. Одан уланып қалмас үшін құбырлардың ақаусыз болуы ұдайы бақылануы тиіс. Дегенмен, күнделікті күйбең тіршіліктің қамымен жүріп, кейде өмірімізге қауіп төндіретін жәйттерге де мойын бұруға мұршамыз келмей жатады. Салдарынан өзге емес, өзіміз жапа шегеміз. Ең жақын адамдарымыздан көз жазып, көңілімізге қаяу түседі.
– Улы газдың зұлымдық қасиеті бағзыдан белгілі. Оның көміртек оксиді, көміртек монооксиді, көміртек тотығы, тұншықтырғыш газ секілді бірнеше атауы бар. Жалпы, улы газ мүлдем иіссіз болып келетіндіктен, онымен улану үрдісін адам мүлдем сезбей де қалуы ықтимал, – дейді облыстық төтенше жағдайлар департаменті халықты хабардар ету және оқыту тобының бас маманы Айсұлу Тілеуқұлова.
Оның айтуынша, былтырғы бір жылдың өзінде пештердің ақаулығынан және түтіндіктердің бітеліп қалуы себептерінен облыс аумағында 29 улы газбен улану оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан 70 адам зардап шегіп, оның ішінде 11-і көз жұмған. Өткен жылы оның алдындағы жылмен салыстырғанда, газбен улану оқиғаларының саны төрт есеге, зардап шеккендердің қатары 6,2 есеге, ал қаза болғандардың саны 3,6 есеге көбейгені тіркеліпті.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт бақылау бөлімінің қызметкерлері де тұрғындарға тұрмыстық өрт пен улану оқиғаларының алдын алу жөнінде ескерту жұмыстарын жүргізіп келеді екен. Олар облыс аумағындағы 40 мың тұрғын үйді аралап, 113 мыңнан аса адамға нұсқаулықтар беріп, газбен улану оқиғалары көп орын алған аумақтарда тиісті мекемелердің өкілдері қатысуымен жүзге жуық тұрғын үйдегі газ тұтыну ережелерінің сақталуына тексерулер ұйымдастырған.
Биыл қыс оңтүстік аймақтағыларды біраз «қыспаққа» да алады деген болжам бар. Демек, жылыту кезеңіне тұрғындар қаншалықты дайын екендігі де сынға түспек. Газ жүйелері ақаусыз жұмыс істеуін қамтамасыз ету, ас үйді желдетіп алу секілді қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтау да қажет. Бәлкім, мұржаларымызды Меңдібайларға үш айда бір рет тексертіп, күйеден тазарттырып алып отырғанымыз жөн болар. Абай болыңыз, ағайын!

Баймаханбет АХМЕТ,

«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support