- Advertisement -

Алақан сызықтары – тағдыр тақтасы ма?

758

- Advertisement -

19Алақан терісі қанша рет сыпырылса да, терісі қайта қалпына келгенде, бұрынғы сызықтары қайтып қаз-қалпында пайда болады. Сондықтан да, алақан мен саусақ таңбалары жеке адамның өзіндік кодтық таңбасы деуге болады. Дүниежүзінде қылмыскерлерді тек қана осы таңбалы белгі арқылы анықтайды. Бұл құпияны ағылшын ғалымдары 1884 жылы ашқан. Қасиетті Құранда Алла адамды қайта тірілтуін, оның саусақ сызықтарына дейін құрастыра алатындығын былай дәлелдейді: “Кәпір бізді олардың (адамдардың) қаусаған сүйектерін кайта жинай алмайды деп ойлай ма? Олай емес, сүйектерін қара тырнақтарына дейін (саусақтарының ұшына дейін) қалпына келтіреміз” (Қиямет сүресі, 3-4 аяттар).

Алақан мен саусақтың осындай құдіреті­нің барын білген әлем ғалымдары ғылыми орталықтар құрып, арнайы зерттеулер жасаумен көптен бері шұғылданып келеді. Осы саладағы ғылым болып табылатын дерматоглифология ғылымы саласының ғалымдары алақан сызықтарында тұқым қуалайтын белгілер болатынын анықтады. Осы бағыттағы зерттеулер ұрпақтан-ұрпаққа ауысып отыратын ауруларды, сондай-ақ жаңа туған нәрестенің кім екендігін айқындауға мүмкіндік беретінін де дәлелдеді. Шешілмейтін, оқылмайтын нәрсенің жоқтығын осыған қарап айқын білуге болады. Жаңа ғылым дерматоглифология бойынша да ғасырлар бойы өмір сүріп келе жатқан хиромантия (алақан сызықтарын оқу) насихаттағандай, адамның мінез-құлқы мен қабілеті, денсаулық сипаты атадан балаға жалғасып жататыны шындыққа ұласары алыс емес.

Хироманттар әр уақытта адамның алақанындағы негізгі үш сызыққа қарап, болжамын айтады. Олар: 1. Өмір сызығы. 2. Жүрек сызығы. 3. Ақыл-ой сызығы. Хиромантияда жүрек сызығы мен ақыл-ой сызығы бір-біріне қосылып кетсе, Шығыста бұндай адамды бақытты, ал жаңа туған нәрестені келешекте қоғамда беделі зор болады деген. Антрополог М. Вилиямовская бұрынғы Одақтың Ғылым Академиясының этнография институтында тұрған Будданың 70 мүсінінің 30-ының оң қолында дәл осындай қосылысты сызықтар болғанын хабарлайды.

Өмір сызығына келсек, хироманттар бұған қарап адамның жалпы денсаулығына баға береді және өмірінің мөлшерін де біле алады. Егер бұл сызық кең әрі өңсіз, түссіз болса, онда ол денсаулықтың нашарлығын, адамның мінез-құлқындағы ерекше белгілерін көрсетсе, қосымша сызықтар адамның ұзақ жасайтындығын көрсетумен қатар денсаулықтың ақаулығы барын да ескертеді. Егер өмір сызығы екі кесіктен тұрса, онда бұл адамның өлімші болып ауыратынын немесе аяқ астынан өлетінін көрсетеді. Сызық басталатын жерінде екі ашаға ұқсас айырылса, бұл денсаулықтың жақсы болғаны. Өмір сызығының қосарлана жүруі кейде байлықты, бақытты болуды білдіреді. Өте жіңішке, ұзын өмір сызығы адамның ашушаңдығын, ал өмір сызығының кенеттен жоқ болуы – адамның жақында сал ауруына шалдығатынын білдіреді. Мүмкін өлімге итермелеген «жасырын» ауру да болуы ықтимал. Дегенмен мұның бәріне сене беру де дұрыс емес.

Жүрек сызығы – айқын әрі дұрыс, анық тартылса, онда бұл сызық иесінің асқан мейірбан, жайдары, ақкөңіл, өзін құрбан етуге дейін бара алатындығын көрсетеді. Жүрек сызығы ортаңғы саусақ пен сұқ саусақтың ортасынан басталса, адам махаббатта да және басқа істерде де табысқа жетеді. Сызық алақанның бір шетінен екінші шетіне түгел жетіп, қамтып жатса бұл адамның ерекше сезімталдығы мен нәзіктігін көрсетеді. Жүрек сызығы – сынық-сынық, ирелең болып келсе, иесінің аурушаңдығын (кейде сәтсіз некелескенін), өңсіз әрі кең болса, бұзылған, жүргіш адамдардың әлсіздіктерін және ерік күштерінің нашарлығын көрсетеді. Жүрек сызығындағы аралдар (сызықтың бұтақталып барып, қайта қосылуы) жүрек ауруларына бейімділікті (немесе әйелдердің жеңілтек мінездігін) білдіреді.

Ақыл-ой сызығы тура тартылса, ұзын болса, иесінің жарқын ойлы, жігерлі, саналы адам болғаны. Сызық қысқа болса, онда бұл адам уақытынан бұрын өлуі мүмкін. Сызықтың Ай төмпешігіне қарай қатты ауытқуы – жүйкелері бұзылудан зардап шегетіндерде, есуастық пен фанатизм шекарасында тұрғандарда кездеседі.
Ақыл сызығының үстіндегі дөңгелекше (аты жоқ саусақ астында) адамның соқыр болып қалатынын көрсетеді. Ал, сызықтың бойындағы “арал” (бұтақталып барып қайта қосылса) мидың қатты шаршағандығын дәлелдейді. Алақанның дәл ортасына келіп аяқталған ақыл-ой сызығы иесінің психикалық ауруға шалдыққандығын білдіреді. Сызықтың бойындағы “аралдар” (сызықтың бұтақталып барып қайта қосылуы) жүйке ауруларын, сызықтағы нүктелер – бастағы жарақатты білдіреді.
Алақанда тағдыр сызығының болмауы адамның алдында ауыр да сұрықсыз өмір, сәтсіздіктер күтіп тұрғанын білдіреді. Сіз қолға қарап болжау арқылы хиромантия ғылымын үйренгіңіз келсе, ең алдымен алақаныңыздағы неше түрлі тарамдалған сызықтардың сырын оқып үйреніңіз.

Шынар Әлібекқызы,
журналист.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support