- Advertisement -

Мемлекет тік қызмет мінсіз болсын

106

- Advertisement -

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаментінің басшысы Мақсұт Нәлібаев «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын жүзеге асыру бағытында атқарылған жұмыстарды баяндады. Оның айтуынша, өткен жылы облыстағы мемлекеттік органдар – бос лауазымдар орнына 1847 конкурс жариялаған. Оған 1618 үміткер қатысыпты, Яғни, бір бос орынға 1 адамнан келген. Нәтижесінде 865 жеңімпаз анықталып, мемлекеттік қызметке кіріскен. Жалпы, есепті кезеңде барлығы 1459 азамат жеке қасиеттерін бағалау тестілеуіне қатысса, 55 қызметші басқа мемлекеттік органдарда тағылымдамадан өткен. 3218 қызметшінің қызметіне бағалау жүргізіліпті.
– Жыл ішінде департамент 57 тексеру жүргізді. Оның – 10-ы іріктеп тексеру тізіміне сәйкес, 45-і Агенттік пен Бас прокуратураның тапсырмалары және 2-еуі жеке тұлғалар өтініштері бойынша. Тексеру нәтижесінде мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласындағы заңнама талаптары сақталмаған 10 663 факті анықталды. Тексеру қорытындысымен барлығы 214 ұсыным енгізіліп, оның 165-і орындалды. Біз берген ұсынымдар негізінде 52 қызмет беруші тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасы бойынша былтыр департаментке 68 арыз-өтініш түсті. Соған сәйкес, 15 тексеру жүргізілді. Оның 7-еуі – ішінара тексеру. Байзақ, Талас және Сарысу аудандары әкімдерінің аппараттарында, облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама, жер қатынастары, құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, денсаулық сақтау басқармаларында жүргізілген ішінара тексерулер нәтижесінде 57 заң бұзушылық анықталды. Бұған жауапты 25 мемлекеттік қызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Нақтырақ айтсақ, 18-іне – ескерту, 3-еуіне – сөгіс, біреуіне – қатаң сөгіс берілсе, үшеуін – мемлекеттік қызметтен босату туралы ұсыным жасалды. Сондай-ақ, заңсыз шығарылған 3 өкім, 4 бұйрықтың күші жойылды, – деді Мақсұт Нәлібаев.
Мақсұт Нәлібаев департамент қызметкерлерінің былтыр 6 сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жұмыстарын жүргізгенін айтты. Атап айтсақ, санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау және тұрғын үй қатынастары және шағын және орта бизнесті субсидиялау, білім, денсаулық сақтау, құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары салаларының жұмысы сараланып, анықталған кемшіліктерді жою үшін тиісті мекемелерге 32 ұсыныс жасалыпты. Мемлекеттік сатып алуларға жасалған мониторинг бойынша 31 мемлекеттік орган мен квазимемлекеттік сектор субъектілеріне ұсыныс хаттар жолданыпты. Соның нәтижесінде 11 311 700 теңге қаражат үнемделген екен.

Наурызбек САРША,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support