- Advertisement -

Тілі зордың – елі зор

174

- Advertisement -

ана тіліміздің жайы республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда жан-жақты айтылды

Азаттықтың арайлы таңы атқалы 25 жылдың жүзі болды. Тәуелсіздігіміздің тұғыры бекіп, еліміздің еңсесі көтерілген осы жылдарда мемлекеттік тілдің мәртебесін биіктету үшін ауыз толтырып айтарлықтай ауқымды істердің атқарылғаны анық. Десек те, мемлекеттік тілдің мерейін арттыра түсу үшін жүргізілетін жұмыстар аз емес. Осы және өзге де мәселелер арқау болған «Жаһандану заманындағы тіл және ономастикалық үрдістер» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция барысында бұл бағыттағы барша жетістіктер, атқарылған қыруар тірліктер және алдағы қолға алынуы тиіс өзекті мәселелер талқыланды. Облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың Жастар сарайында өткен ауқымды шара ел Тәуелсіздігінің ширекғасырлық мерекесіне арналды.

img_2189 img_2163 img_2181Мемлекеттік тіліміздің өрісін, қолданылу аясын барынша кеңейтудің жолдарын және оның дамыту бағыттарын айқындау, ономастиканың толайым табысын көрсету мақсатына негізделген конференцияны «Қазақстан» РТРК» АҚ Жамбыл облыстық филиалының директоры Мейрамбек Төлепберген жүргізіп отырды. Алдымен сөз алған облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов жиналғандарды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, конференцияны ашып берді.
– Тіл саясаты – мемлекеттің саясаты, ол еліміздің берік арқауы. Мемлекеттік тұрғыдан алғанда, тіл – мемлекеттің толыққанды өмір сүруінің саяси-әлеуметтік, мәдени-рухани тірегі болса, ұлттық тұрғыдан келсек, тіл – сол ұлттың тарихы, дәстүрі, мәдениеті, білімі, ойы сақталатын ең басты қазынасы екендігі де аян. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бастап, егемен мемлекетіміздің нышандарының бірі ретінде қазақ тілі өзінің тарихи рөлін атқарып, бүгінде халықтар достығының рухани, мәдени бірлігінің ұйытқысына айналып отыр, – деді Ерқанат Нұрбапаұлы өз сөзінде.
Бұдан соң баяндамашыларға кезек келді. Қоғам қайраткері, Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы директорының кеңесшісі Оразкүл Асанғазы «Ана тіліміздің бүгінгі ахуалы және ономастикадағы өзекті мәселелер» тақырыбында баяндама жасап, көпшіліктің көкейіндегі бірқатар жайттарға тоқталып өтті.
– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәніндегі мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде, біз елімізді Қазақ мемлекеті деп атайтын боламыз», деп халықтың көптен күткен тілегін айтты.
Қазіргі таңда, халықаралық ұйымдардың және мамандардың пікірі бойынша әлемде жеті мыңға жуық тіл бар екен. Соның ішінде мыңнан аса адам сөйлейтін екі-ақ мың тіл, ұлт қалды. Шын мәнінде, тағдырдың талқысымен біздің тіліміз бірнеше мәрте сахнадан түсіп қалу қаупінде болды. Кеңес өкіметінің кезінде қазақ тілінің қоғамдағы орны саясатпен орыс тіліне берілді. Билікке құмар көптеген қазақтар орыс тілін жетік меңгерді. Сөйте тұра отбасында қазақ тілін сақтап қалуға болар еді. Бірақ кеңес өкіметінің кезінде мықты ақын-жазушыларымыз, ел басқарған азаматтар: «Мен көрген қорлықты балам көрмесін, балам билікте отырсын», деп балаларына орыс тілін үйретіп, ана тілін ұмыттырып жіберді. Соның зардабын қазір тартып жүрміз. Кеңес өкіметі кезінде балабақша, білім ошақтары орысша болды деп өзімізді-өзіміз ақтауға болмайды. Ол заман – тарихтың бір белесі. Өтті, кетті. Енді жаңа заман келді. Ата-баба армандаған заман бұл. Ата Заңымыздың 7-бабының 1-тармағында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі» деп, ал Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы Заңның 4, 5, 9 , 10, 11- баптарында бүкіл ел аумағындағы мемлекеттік тілдің негізгі тілі болатыны бекітілген.
Тілге деген көзқарас, шындап келгенде, елге деген көзқарас екені даусыз. Сондықтан оған бей-жай қарамайық, – деді О.Асанғазы. Сондай-ақ, ол Елбасының «Қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды. Үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді. Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі» дегенің алға тартып, үш тұғырлы тіл саясатын дұрыс жүргізу керектігіне назар аударды.
Келесі сөз кезегін алған М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың Гуманитарлық ғылымдар ғылыми-зерттеу институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметұлы «Жаңа дүниетаным және ономастика мәселелері» бойынша өзінің келелі пікірін ортаға салды. «Енді біздер ономастика саласының бәрін де жаңа дүниетаным негізінде қарастырып, көш басын жаңа дүниетанымға біржола бұрылуға бағыттадық. Өйткені ономастика саласы саясатпен тікелей байланыста болатын бірегей құбылыс болғандықтан, отаршылдық, тоталитарлық жүйенің әсері болған елді мекен атауларынан бас тартып, оның орнына біздер жер атауларының мәселесін «Ономастика және ұлттық дәстүр» негізінде шешуге бағыт алмақпыз. Өйткені дана халқымыз:
«Уықты ұстайтын басқұр,
Халықты ұстайтын дәстүр», деген мақалында осы жолдың негізін анықтап бергендіктен ономастикадағы ұлттық дәстүр – шешуші дәстүр деген жолға ат басын тірейтін боламыз», – дей келе ғалым халқымыздың жоғалған тарихи жады мен тарихи санасын қайтарып, табиғи бастапқы қалпына келтірудегі күрес пен насихатты толассыз жүргізу – халқымыздың рухын көтеріп, мерейін үстем ететінін жеткізді.
Ал ҚР ҰҒА-ның корреспондент мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор Шерубай Құрманбайұлы «Тіл саясаты: өткені мен бүгіні» тақырыбында ойын жан-жақты тарқатты. Ол көптен бері шешімін таппай келе жатқан мәселенің бірі ретінде мемлекеттік тілдің қолданылу жайын атап көрсетіп, ұлт тілі хақында сөз қозғады.
– Тіл саясатын жоспарлы түрде жүргізу, халықтың тілдік құқығын қорғау, қазақтың жазба әдеби тілін дамытып, БАҚ, ғылым тілін, көркем әдебиет пен іс қағаз тілін қалыптастыру, бізде негізінен, ХХ ғасыр басындағы алаш қайраткерлерінен бастау алады. Жалпы ұлттық дамуымыз бен мемлекеттің тіл саясатын жүргізудегі алаш қайраткерлерінің ұстанған жолы айрықша болды. Сондықтан бұл кезеңнің ерекшеліктерін айқындап, бүгінгі іс-әрекетімізді бағамдап, болашаққа бет алысымызды белгілеу үшін одан сабақ алудың мән-маңызы зор. Бұл тұрғыда алаш көсемі Әлихан Бөкейхан мен Ахмет Байтұрсынов бастаған ұлт зиялылары мақсат-мұраттарының, саяси ұстанымдарының қазіргі уақытпен қабысуын, ғылыми-ағартушылық жолдағы атқарған істері мен қалдырған мұраларының ғылыми құндылығын анықтап, оларды іс-тәжірибеде және ұрпақ тәрбиесінде пайдаланған абзал, – деп өз сөзін алуан мысалдар арқылы нықтай түсті.
Сөз алған өзге де баяндамашылар ел көлеміндегі ономастиканың жетістігін, Тәуелсіздік жылдарындағы тіл саясатының жемісті жұмыстарын ашып көрсетуге тырысты. Айталық, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Қазақ тіл білімі кафедрасының профессоры Бекжан Әбдуәлиұлы «Антропонимдік қордың ұлттық қалыбы және қалыптану мәселелері», Батыс Қазақстан облыстық тілдерді дамыту басқармасының ономастикалық жұмыстар және көрнекі ақпараттарды бақылау бөлімінің басшысы Гүлжан Әлжанова «Жарнамалық дискурс: мәтін аясы мен ақиқат тұтастығы» тақырыптарында баяндама жасаса, Ақтөбе облысы әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының басшысы Гүлайым Төлебаева осы бағытта өз облысында атқарылып жатқан істерді айтып, тәжірибелерімен бөлісті.

Жанғазы ахмет,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support