- Advertisement -

Мүмкіндігім шектеулі деп… мүмкіндігіңнен айырылма

76

- Advertisement -

Тараз қалалық Мәдениет үйінде облыстық қоғамдық кеңестің мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтарын жүзеге асырудың облыстағы жай-күйіне арналған қоғамдық тыңдауы өтті. Мұндай азаматтарды әлеуметтік жағынан қорғау арқылы қоғамға бейімдеуге және олардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған атқарушы билікке ұсынымдар әзірлеу мақсатында өткен шараға облыстық мәслихаттың хатшысы Бағлан Қарашолақов, бірқатар облыстық басқармалар мен департаменттің, кәсіпкерлер палатасының, үкіметтік емес ұйымдардың басшылары, депутаттар, қала және аудан әкімдерінің орынбасарлары қатысты.
Облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Жандар Кәрібаев 2005 жылдың 13 сәуірінде қабылданған Қазақстан Республикасының «Мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» Заңы мен Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының мүгедектердің құқықтары туралы халықаралық конвенцияның талаптарына сәйкес, облыстағы 43 мың мүмкіндігі шектеулі азаматтың хал-жайы зерделеніп, бүгінгі жиынның күн тәртібіне енгізіліп отырғанын атап өтті.
Облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жорабек Баубеков Қазақстан Республикасы халықаралық конвенцияға қосылғанын, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың мәселелерін шешуде халықаралық талаптарға қол жеткізу үшін облыста бірқатар жұмыстар атқарылғанынан хабардар етті.
Биыл мүмкіндігі шектеулі азаматтарды оңалту мақсатында облыстық және Тараз қаласы мен аудандық бюджеттерден бөлінген 1218,9 миллион теңгеге 12579 адамды әлеуметтік қолдаумен қамтамасыз ету жоспарланған. Бүгінге дейін 2156 мүгедек азамат арнаулы көмекші құралдармен және 7178-і әлеуметтік құралмен қамтылған. Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетудің нәтижесінде 22 бала мектепке, 1 бала балабақшаға, 41 бала арнайы мектепке және 11 бала колледжге барған. Мүгедектерді оңалту және бейімдеу аясында арнаулы әлеуметтік қызметтерді ұсынатын орталықтардың желісін кеңейту мақсатында Жамбыл ауданының Аса ауылында мүгедек балаларға арналған 30 орындық, Шу ауданының Төле би ауылында және Қордай ауданының орталығында 25 орындық оңалту орталықтары, биыл Т.Рысқұлов ауданының Құлан ауылынан 20 балаға арналған шағын орталық ашылыпты.
2013-2015 жылдары бейімделуге тиіс 524 нысанның 443-і бейімделуден өткен. 81 нысан мүлдем бейімделмеген. Бұл мәселеге «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы, халыққа қызмет көрсететін екінші дәрежелі банктер, «Қазпошта» филиалдары және жеке нысан иелерінің немқұрайлы қарайтындығы слайд арқылы да көрсетілді. Басқарма тарапынан бұл мекемелерге мүгедектердің қолжетімдігін қамтамасыз ету үшін бірнеше рет хат та жіберілген.
Облыстық қоғамдық кеңестің әлеуметтік- мәдени салалар және қоғамдық, үкіметтік емес ұйымдармен байланыс мәселелері жөніндегі комиссиясының төрайымы Гүлсін Орынбаева жақында мүмкіндігі шектеулі жандармен жеке қабылдау өтіп, онда көптеген мәселелер көтерілгенін атап көрсетті. Тараз қаласындағы қоғамдық көлікте әлжуаз топтар үшін жол жүру жеңілдіктерінің алынып тасталғандығы, емдеу-сауықтыру орындарына берілетін жолдамалардың аздығы, тегін берілетін дәрі-дәрмектің жылдың соңы мен басында тапшылық тудыратыны, мүгедек жандардың жұмысқа орналасуы, басқа да көптеген мәселелер туындаған.
Комиссия төрайымы облыстағы мүмкіндігі шектеулі жандардың бірқатары спорт түрлерінен республикалық, халықаралық додаларда олжа салып жүргенін, күні кеше Рио Олимпиадасында Зүлфия Ғабидуллина алтыннан алқа тағып, ел мерейін асқақтатқанын ерекше атап өтті. Сондай- ақ, облыстық іскер әйелдер қауымдастығының бастамасымен Шу ауданында «Қайырымдылық – адамгершілік белгісі» аукционында түскен 500 мың теңге мүмкіндігі шектеулі жандарға қайырымдылық ретінде үлестірілгенін жеткізді.
Облыс әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Марат Жұманқұлов, облыс әкімдігінің білім басқармасы басшысының орынбасары Зүбайра Сембина, еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті облыс бойынша департаментінің басшысы Әлімқұл Тұрысов хабарламалар жасап, облыстық қоғамдық кеңесте жеке мәселелері бойынша қабылдауда болған мүмкіндігі шектеулі азаматтардың сұрақтарына жауап қайтарды. Сөз алғандар арасында қоғамның әлжуаз топтарына жан-жақты қолдау, көмек көрсетіп отырған облыс басшылығына алғыс айтқандар да болды.
Қоғамдық тыңдау соңынан атқарушы билікке мүмкіндігі шектеулі жандардың жағдайына қатысты ұсыным қабылданды.

Амангелді ӘБІЛ,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support