- Advertisement -

ҚОҒАМ – СЫБАЙЛАСТЫҚҚА ҚАРСЫ

77

- Advertisement -

«Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңес пен «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалы бірлесе ұйымдастырған «дөңгелек үстелде» азаматтық қоғамның сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестегі орны мен рөлі талқыланды. Бұл шара «Сыбайлас жемқорлықсыз ел – өркендеуші ел» партиялық жобасы аясында өткізілгенін айта кету керек.
«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы Сембек Сейдазимов қоғамдық кеңестің атқарған жұмыстарына тоқталды. «Жаңару» Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» облыстық филиалының директоры Қасымхан Төлендиев жемқорлықты жоюдың бір жолы мемлекеттік қызметкерлерді біліктілігіне қарай іріктеп, таңдау екенін айтты. «Нұр Отан» партиясының кеңейтілген отырысында қабылданған «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі» бағдарламада бұл мәселеге ерекше басымдық берілгенін әңгімеледі.
Тараз мемлекеттік педагагикалық институтының ректоры Дария Қожамжарова өз сөзінде азаматтық қоғамға түсінік беріп өтіп, адамзаттың жемқорлыққа қарсы жүргізген күрестерінің тарихына шолу жасады.
– Қоғамда түбегейлi шешiмi табылмай тұрған мәселе – cыбайлас-жемқорлық. Арнайы заңдар қабылданып, жұмыстар атқарылып жатса да сыбайлас жемқорлықтың тамырына балта шабу мүмкін болмай тұр. Бұл – қауіпті әлеуметтік құбылыс. Адамзат сан ғасыр бойы онымен күресуде.
Біз жемқорлықты болдырмау және алдын алу үшін оқу үрдісінде Платонус автоматтандырылған басқару жүйесін іске қостық. Үш жылғы үздіксіз жетілдірілген платонус жүйесінің ерекшелігі – күнделікті, ағымдық, межелік бақылау нәтижелерінің өзгертілуіне жол берілмейтінінде. Студенттер, оқытушылар және әкімшілік ағымдағы үлгерім нәтижелеріне сырттай бақылау жасай алады. Электронды журнал ашықтығымен, айқындығымен ерекшеленеді. Биыл алғаш рет институтта жазғы сессия «Platonus» автоматтандырылған жүйесінде жүргізілді. Осылайша «бір терезе» принципін іске асыру арқылы парақорлықтың жолын кестік. Соның арқасында әр студент өзінің идентификациялық кодын алып, өз бағаларын тексере алатын болды, – деді Дария Қожамжарова.
Облыс бойынша үкіметтік емес ұйымдар ассоциациясының президенті Айнұр Зәуірбекова, Тараз қалалық мәслихатының хатшысы, «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жалпыұлттық қозғалысы республикалық қоғамдық бірлестігі филиалының Тараз қаласындағы өкілі, облыстық ардагерлер кеңесі қоғамдық бірлестігінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев құзырлы органдар мен азаматтық қоғам бірлесе жемқорлыққа қарсы күрес жүргізбейінше сыбайластыққа тосқауыл қоя алмайтынын, бұл қоғамдық ұйымдар жұмысының маңызды бір бөлігіне, ал азаматтардың борышына айналуы тиістігін айтты.
«Дөңгелек үстелде» құзырлы органдардың жемқорлықтың жолын кесу үшін қандай шаралар атқарғанын тыңдап, нәтижелері бойынша атқарылатын жұмыстарды нақтылауға шақырған қарар қабылданды.

Наурызбек Сарша
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support