- Advertisement -

Шаруалар бейнетінің зейнетін көруде

81

- Advertisement -

өңірімізде мал азығының 1,5 жылдық қоры жасалды, масақты дәнді дақылдардан түскен жалпы өнім 591,7 мың тоннаны құрады

Биыл көктем мен жаздың жаңбырлы болуы өңір аграршыларын ырыс-құтқа кенелтті. Облысымыздың ой мен қырына астықтың да, шөптің де бітік шығуы шаруа баққан жұрттың көңілі жайлануына септесті. Бірін екі ете алмай жатқан ауылдық ағайындарға керегі де осы еді.
Облыста қалыптасқан қуаңшылыққа байланысты былтыр мал азығындық шөптің 1 283 мың тонна көлемінде жылдық қоры жасалғандығы белгілі. Ал биыл бір гектар ғана жерден алынған өнімнің 14 центнерден айналуы, әрине бұрын-соңды болмаған көңіл қуантарлық көрсеткіш. Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары өңірімізде ауылдық тауар өндірушілердің жаз бойы уақытпен санаспай еңбектенуінің арқасында бүгінгі күнге дейін 1 миллион 398 мың тонна сабақты мал азығы жиналып алынғанын айтады. Яғни өңірде қазірдің өзінде мал азығының 1,5 жылдық берік қоры жасалды. Өнім әрбір шартты мал басына шаққанда 15 центнерден айналады деп те күтілуде. Бұл – қалыпты көрсеткіштен 4-5 центнерге артық. Былтырғы жылы жергілікті жерде өндірілген арпа, бидай, кебек, құрама жем секілді құнарлы азық түрлері барлық малдың тек 80 пайызын ғана қамтуға жетіп, шаруалар жемді облысымыздан тыс өңірлерден тасымалдап жеткізуге мәжбүр болған-ды. Ал биыл бұл мәселе жергілікті жерде-ақ түбегейлі шешімін табады деген үміт бар. Демек, несібесін малдан айырған жұрттың есебі түгел, «мұртын балта шаппайтындай» жағдайда. Әрі олардың өзіндегісімен өзгеге қарасуына, жинап алған шөбінің едәуір бөлігін сатылымға шығарып, пұл етуіне, ең бастысы бағымындағы малының қыста да қоңын жоймауына, өлім-жітімсіз өз төлі есебінен көбейтуіне мүмкіндіктері бар.
Үстіміздегі жылы жоңышқаның екінші рет орылып алынған өнімі мал азығындық қордың едәуір толығуына септескен. Жоңышқасы, пішені, сүрлемі, пішендемесі бар, мал азықтық шөп әзірлеу жоспары да артығымен әрі мерзімінен бұрын орындалып отыр.
Былтырғы қыс айының аса аязы жоқ, жайлы болуы қолдағы малдың өз аяғымен өріске жайылуына мүмкіндік беріп, шөп қоры біршама үнемделіп қалғанын айтады шаруалар. Ал биыл қыс жылы қабақ таныта ма? Қылышын сүйретіп қыс келгенде қандай деңгейге көтерілерін кім білсін, ал дәл қазіргі сәтте жем мен шөптің нарықтағы бағасы тұрақтылығын сақтап отыр. Бір түк жоңышқаңыздың құны – 300, пішеніңіз – 200 теңге. Бір кило арпа – 35-38, бидай – 40-45, кебектің 22 килосы 800 теңгеден өткерілуде. Өткен қыс айында бұл баға бағамы 50-70 теңгеге көтеріңкілеу болған-ды.
Сондай-ақ, егіс көлемін былтырғы жылғыға қарағанда 5,5 мың гектарға ұлғайтқан өңір диқандары биыл бітік егін өсіріп, астық молшылығына кенелді. Облыс бойынша ақ егіс өнімі гектарына 23,6 центнерден айналып отыр. Әлбетте, көктем, жаз айларында молынан түскен жауын-шашын мен күн райының ыстық болуы алқапқа сіңірілген дәннің жайқала өсуіне зор септігін тигізді. Ол ғана емес, агротехникалық шаралар сақталып, химиялық өңдеу жұмыстары да тиісті деңгейде жүргізілген.
– «Биылғы жылы масақты дәнді дақылдардан түскен жалпы түсім 591,7 мың тоннаны құрады. Бұл өңіріміз өзін азықтық астықпен де, мал азығымен де, тұқыммен де қамтамасыз етуіне әбден жеткілікті. Қазіргі таңда облыстағы әрбір ірі агроқұрылымдар мен шаруашылықтарда астық сақтайтын қоймалар жеткілікті», – дейді бұл облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Ш. Момынқұлов.
Бүгінде облыс агроқұрылымдарында бау-бақша, жеміс-жидек, майлы, түйнекті дақылдардың жиын-теріні жүргізілуде. Қияр, қызанақ сыртқа шығып жатқан жоқ, ішкі нарықтық сұранысты өтеуде. Базбір шаруа қожалықтарының Ресейге қарбыз, Еуропа елдеріне қауын өнімдерін өткеріп жатқандары да бар. Осы тұрғыда өңірде көкөніс егістігі көлемінің жылдан-жылға ұлғайтылу үстінде екенін атап өту ләзім. Мысалы, пияз биыл 14 мың 560, яғни былтырғыдан 3 мың гектарға артық егіліп өсіріліп отыр. Қияр – 1830, қызанақ 3683 гектар алқапқа орналастырылған. Таяуда орылатын «дала аруынан» да мол өнім жиналады деп күтілуде.
Қысқасы, дихандар бейнетінің зейнетін көруде.

Б.Тоққошқарұлы,
журналист.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support