- Advertisement -

Қазақ-қырғыз шекарасында

86

- Advertisement -

Бақылау-өткізу үдерісі жеңілдетілмек

облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев «Қордай» шекаралық-өткізу пунктінде болды. Өңір басшысы ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директоры, генерал-майор Дархан ділманов және Шекара қызметінің «Оңтүстік» аймақтық басқармасының бастығы, полковник Арман Қалиевпен бірге қазақ-қырғыз шекарасындағы өткізу-рұқсат беру пункттері және заставалардың жұмысын тексерді.

Қырғызстанның ЕАЭО-ға кіруіне байланысты өткен жылы тамыз айында екі елдің шекарасындағы кедендік бақылаулар алынып тасталғаны мәлім. Сөйтіп, облыс аумағындағы көрші елмен 716 шақырым шекараны қамтитын барлық сегіз бақылау-өткізу пункттерінде (оның төртеуі Қордай ауданында) кеден бекеттерінің жұмысы тоқтатылып, бұған дейін олар жұмыс істеп келген ғимараттағы жұмыс орындары және ондағы кедендік техникалар – автокөлік құралдарын электрондық есепке алу жүйесі, жолаушылардың жүгін рентгендік тексеру жабдықтары, көлік құралдарын сканерлеудің инспекциялық тексеру кешені, жолаушылардың бойынан тыйым салынған заттарды анықтаудың сканерлеу жүйесі, радиациялық бақылаудың автоматтандырылған жүйесі тәрізді осы замандық бақылау жабдықтары ҰҚК Шекара қызметінің құзыретіне берілген болатын.
IMG_3593 IMG_3982«Қордай» бекетінің қазіргі инфрақұрылымы тәулігіне 9 мың адам және 500-600 көлік құралдарын өткізуге есептелген. Ал іс жүзінде мұнда орта есеппен күніне 25 мыңға дейін адам және 2 мыңға дейін көлік құралдары өтуде. Өткен маусым-шілде айларында 946660 адам, 93630 көлік өткен. Осыдан келіп жазғы демалыс маусымында шекарадан өтушілердің ұзақ уақыт сарылып кезекте тұруы орын алды. Бұған мәжбүрлік, әсіресе, қарттар мен балалы әйелдерге өте қиын. Тіпті, Қырғызстан тарапынан бері өтетіндерге арналған темірден жасалған қоршау дәлізде қамалып ашық күн мен желдің өтінде сағаттап кезекте тұру моральдік тұрғыда да адам құқын сыйламау болып табылады. Еліміздің оңтүстігіндегі ең ірі шекаралық бекетінде бұл мәселені біржолата шешудің маңыздылығы да осында.
– Мына жайға назар аударайық. Еліміздің 15 мың шақырымға созылған бүкіл шекарасы бойында барлығы 98 бақылау-өткізу пункті болса, өткен жылы олар арқылы 46 миллион адам әрлі-берлі өткені тіркелді. Ал оның 6 миллионы бір ғана осы «Қордайдың» үлесіне жатады, – деді ҚР Шекара қызметінің директоры Дархан Ділманов. – Сол себептен, халық өте жиі қатынайтын бұл жерде жыл соңына дейін адамдардың шекарадан өткенде уақытын жоғалтып, әрі жүйкесін тоздырып реніште болмауының барлық шаралары жасалатын болады. Азаматтардың құжаттарын тексеру қызметін қырық жұмыс орнына, көлік құралдарын өткізу қызметін сегіз жұмыс орнына дейін арттыруға мүмкіндік беретін күрделі қайта жабдықтаулар жүргізіледі. Сонымен қатар, «Қордай» шекаралық бақылау бөлімінің штаттық құрылымын кезең-кезеңімен қазіргі 184 адамнан 297 адамға дейін өсіру белгіленген. Сонда мемлекеттік шекарадан өтушілерге мейлінше қолайлы жағдай туғызылып, шекарашылардың да қалыпты жұмыс ырғағы қамтамасыз етілетін болады.
Облыс әкімі шекара қызметіндегілерге жазғы маусымда адамдар сыртта кезекте тұратын орынды жауыннан, желден қорғайтын етіп жабдықтау, ішкі терминалдағы бақылау-рұқсат беру кабиналарының санын жолаушылардың көбейгеніне қарай реттеп отыру жөнінде тапсырмалар берді. – Жазда Ыстықкөлге және көрші елдің басқа демалыс орындарына жолға шыққандарды бір ғана осы жерге үймелетпей, оларды көрші Қарасу, Ауқатты, Сортөбе өткізу бекеттеріне де бөліп, жұмысты жеңілдетуге неге болмасын, – деген Кәрім Нәсбекұлының ұсынысын шекарашылар құп алып, алдағы уақытта ескеретіндерін айтты. Сөйтіп, екі елдің де азаматтары шекаралық бақылаудан өтуде жайсыздық сезінбеуі үшін облыс басшылығының қолдауымен барлық қажетті шаралар жасалатынына сендірді.
Облыс әкімі бұдан соң аудан орталығының іргесінде құрылысы қызу жүргізіліп жатқан шекарашылардың әскери қалашығында болды. Жалпы сомасы 9 миллиард теңгеге жуық қаржыға бағаланған жаңа үлгідегі бұл заставалық кешен құрылысын алматылық «Ла-Ривьера» ЖШС жүргізіп келе жатқалы үшінші жылға айналды. Шекара қызметінің «Оңтүстік» аймақтық басқармасы бастығының орынбасары, подполковник Нұрбек Сатылғанов әкімге мұндағы жұмыс барысын баяндады. Бүгінге дейін бөлінген қаржының 6 миллиард 150 миллион теңгесі игерілген. Жұмыстың 70 пайызға жуығы атқарылған. Мұнда барлығы 33 ғимарат тұрғызылған. 250 орындық казарма, бір, екі және үш бөлмелі 204 пәтерлік тұрғын үйлер бой көтерді. Қонақ үй кешені, 250 орындық клуб, спорт залы, асхана, балалар бақшасы салынып жатыр. Өзінің вертолет алаңы, штаб ғимараты, автотұрақ, монша-киім жуатын кешен, сауда нысандары, жанар-жағармай қоймасына дейін болады. Кәрім Нәсбекұлы бұл нысанның өңірдегі бірегей әскери құрылыстар қатарынан саналатынын атап көрсетті. – Барлық қажетті инфрақұрылымы: су құбыры, табиғи газы, электр желісі тартылған. Бұл еліміздің шекара шебін қорғау қызметінде жүрген азаматтарымыздың алаңсыз, адал қызмет етуіне жасалып жатқан қамқорлықтың шынайы көрінісі. Барлық жұмысы кестеге сай, ретімен сапалы атқарылып жатқан әскери қалашықты келесі жылы тамыз айында пайдалануға беру ұйғарылған, – деді.
Облыс басшысы бастаған топ бұдан соң Қарасу шекаралық-өткізу пунктінің жұмысымен танысып, одан әрі тікұшақпен облыс шекарасындағы өзге де заставалар мен шекаралық-өткізу нысандарына қарай ұшып шықты.

Құрманбек ӘЛІМЖАН,
«Ақ жол».

Қордай ауданы.

Суреттерді түсірген
Ақәділ Рысмахан.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support