- Advertisement -

Сені сүйіп қалғаным…

138

- Advertisement -

Өкініштер өткелінде өткеннің

Арыла алмай алжастырған мың ойдан.
Сенің жаның шұғыласы көктемнің,
Менің жаным күз секілді мұңайған.

Жанарымнан бір мөлдір мұң тайғанап,
Жүрегімде сүттей сезім тұрды ұйып.
Ақ жүзіңді айдың ерні аймалап,
Келбетіңе күн кеткендей нұр құйып.

Әр таңымды үмітпенен атырдым,
Өміріме өлең болып сен ендің.
Сенен өзге жанды көрмес соқырмын,
Сенен өзге жанды естімес кереңмін.

Солай болып сендегі бар ұйғарым,
Тұрақ таптың жүрегінен өзгенің.
Бақыт деген – сенің ғана дидарың,
Бақыт деген – сенің ғана көздерің.

Пейіштегі періштемен теңесер
Болмысыңа бас ұрады жер әлем.
Сен естіген ең ұлы сөз не десе,
Мына сенің атыңды айтып берер ем.

Көңілімді шырмағанда қаяу-мұң,
Өксігімді өлеңіме жасырдым.
Мен сен десе, тозаққа да даярмын,
Бар күнәсін арқалап ап ғасырдың.

Құштарлықтың әуелетіп мұңлы әнін,
Түндерге арттым терең ойдың салмағын.
Сенің кінәң – мені ғашық қылғаның,
Менің кінәм – сені сүйіп қалғаным.

Сені мәңгі сүюден айырмасын

Мені тартып барады уақыт құзға,
Қайда кетті кешегі бақытты кез?
Жалғыздардың барлығы бақытсыз да,
Ғашықтардың барлығы бақытты емес.

Жүрегіме жүк артып, мұң ілгенмін,
Мендік ақыл сан ойдан алжасады.
«Сүйгенді сүй» деген сөз – біреулердің
Ойдан ойлап шығарған далбасасы.

Бұлай деуге көңілде себеп қанша?
Батып барам ойлардың тереңіне.
Тек сүйгенді сүюім керек болса,
Онда мүлде сүюдің керегі не?!

Өмір деген – бақ пен сор тұрағы бұл,
Күндеріме қараймын кешегі өткен.
Жылатуды білетін мына ғұмыр
Жұбатуды білмейді не себептен?!

Өлеңменен өрілген тағдырыма
Жырым ғана сеп болар өзің жайлы.
Сүю жайлы өлеңнің барлығы да
Тек қана қуаныштан жазылмайды.

Сезімімнің қанатын қайырса да,
Сен менің өшпейтіндей ойымдасың.
Сені менен мәңгіге айырса да,
Сені мәңгі сүюден айырмасын.
Тілерім сол!!!

Музаға

(Н.А)

Күнімдей болып көгімде күлген,
Шуағын төккен көрікті адам.
Шаршаған сәтте өмірден мүлдем,
Шаттығым болып жолықтың маған.

Алданыш болған арманның бәрі
Керуен күндерде қалып барады.
Неге мен жүрген жолдардың бәрі
Тек қана саған алып барады?!

Пенденің бірі ем сертіме берік,
Өкінішім жоқ өткенге мынау.
Қарашы сенің көркіңе елтіп,
Табынып саған көктем де тұр-ау.

Себепші болып бағыма менің
Жүректің қалай ұмытам жырын
Көктемдей саған табынар едім
Кешіре гөрсін ұлы Тәңірім

Көркіңнен сенің көшіріп өлең,
Күлкімді тұрды жасырып налам.
Барлығынан мен кешігіп келем,
Жалғыз-ақ саған асығып барам.

Сергелдең еткен сезімнің әні,
Көп әлі саған жазбаған жырым.
Жырлауым үшін өзіңді тағы
Қиса екен Құдай аз ғана ғұмыр.

14101952_1042178412498275_7

Құрбанкелді АМАНКЕЛДІҰЛЫ.

Мойынқұм ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support