- Advertisement -

Баға бақылауда

110

- Advertisement -

Ауданда әлеуметтік маңызға ие азық-түлік және азық-түлік емес тауарлардың, сондай-ақ ақылы қызметтерге бағаны тұрақтандыру жөнінде арнайы аудандық штаб құрылған. 33 азық-түлік тауарларының тізімі бойынша «Бірлік» және «Ақылбеков» көтерме дүкендері және бөлшек сауда дүкендерінде екі аптада бір мәрте бағаға мониторинг жүргізіледі. Әр тоқсанға әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауар түрлеріне арнайы шектік мәні белгіленген бағалармен салыстыра отырып сараптама жасалынады. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына берілген мониторинг нәтижесінде ауданда 9 түрлі тауар бағасы 2016 жылдың үш тоқсанын белгіленген шекті мәнінен жоғары болса, керісінше 22 тауар түрінің бағасы төмендеген. Дүкеншілер көтерме сауда орындарында біраз зат қымбаттағанын айтады. Себебі, тауар түрлері Шу, Тараз, Алматы қалаларынан әкелінеді. Сонымен қатар, аудан орталығындағы көтерме саудамен айналысатын дүкендерден Қылышбай, Қарабөгет, Жамбыл, Қызылту ауылдарының дүкеншілері зат тасымалдайды. Мұндай бөлшек саудамен айналысатын ауыл дүкеншілерінің қойған бағасы қымбат болары түсінікті.
Осы уақытқа дейін аудандағы әлеуметтік нан бағасын тұрақтандыру мақсатында облыстық тұрақтандыру қоры арқылы 43 тонна ұн жеткізіліп, оның 32,5 тоннасы наубайханаларға, 12,5 тоннасы ауыл халқына берілді. Алынған ұннан наубайханаларда 55 теңгеден нан пісіріп сатылуын ауыл әкімдері ұйымдастыруда. Сонымен қатар, аталған қордан 5 тонна құмшекер алынып, Кеңес, Қызылтал, Бірлік, Биназар ауылдарына – 0,3, ал Мойынқұм тұрғындарына 3,1 тоннасы сатылымға жіберілді. Айта кетейік, егер қордағы ұн таусылған жағдайда «Дәулетбакова Б» наубайханасынан I сұрыптағы ұнға пісірілген нанды «Бірлік» дүкеніне 65 теңгеден босатып отыр. Бірақ, «Бірлік» дүкенінің иелері халыққа демеу ретінде нан бағасын 5 теңгеге арзандатып, 60 теңгеден сатуда. Сондай-ақ, «Ақылбеков» супермаркеті мен «Магнит» дүкеніне 65 теңгеден босатылған нанды кәсіпкерлер үстеме баға қоспай сатуда. Бүгінгі таңда тұрақтандыру қорынан алатын ұнның 20 тонна қоры бар. Дегенмен, наубайхана иелері тарапынан тапсырыс толық болмағандықтан, округтердегі кейбір әкімдер наубайханалармен тығыз байланыста жұмыс істемейді. Яғни, түсінік жұмыстарын тиісті дәрежеде жүргізбеуде. Қазіргі кезде тұрақтандыру қоры ұнның 1 келісін 64 теңгеден босатуда. Демек, 50 келілік қаптағы ұнның бағасы – 3200 теңге, оған 150 теңге тасымалдау бағасы қосылып, 1 қап ұн 3350 теңгені құрап отыр.
Ауданда аз қамтылған отбасыларға көмек көрсету де назардан тыс қалып жатқан жоқ. Аудан әкімі аппараты мен мекеме басшылары әлеуметтік көмек көрсету шарасы бойынша 13 ауылдық округ әкімдерінің ұсыныстарының негізінде аз қамтылған отбасылардың тізімін жинақтаған. Тізімде 142 адам, яғни 28 отбасы қамтылды. Оның 78-і – балалар. Аудан әкімі мен мекеме басшылары бірлесіп өз есептерінен аталған отбасыларға күніне 50 бөлке нан сатып алып беруді ұйғарған. Егер кей округтерде наубайхана болмаса, ауыл әкімдері дүкен иелерімен келісіп тізімдегі отбасыларға тиісті көлемде нан босатып береді. Сонымен қатар, басқа да түрлі азық-түліктермен көмек көрсетіледі. Бұл іс-шара дәстүрлі түрде өз жұмысын жалғастыра бермек, тек кейбір мекеме басшылары мейлінше белсенділік танытса болғаны.
Ал азық-түлік емес тауарлардың кейбірінде баға өскендігі байқалды. Оны анықтау үшін киім-кешек, аяқ киім, отын, көмір, құрылыс материалдары бойынша 53 тауар түріне апта сайын мониторинг жүргізіледі. Нәтижесінде, 2016 жылдың қаңтар айымен салыстырғанда баға тұрақты. Тек ерлердің сыртқы киімі – 2000, әйелдер мен балалардың сыртқы киімі – 500, ерлердің қысқы аяқ киімі – 300, балалар мен әйелдердің қысқы аяқ киімдері – 200 және балалардың жазғы аяқ киімдері 100 теңгеге қымбаттағанын анықтадық. Кез-келген саудада бағаның көтеріліп төмендеуі – ол заңдылық. Сондықтан, біз аудан тұрғындарының отандық өнім түрлеріне еркін қол жеткізуіне барынша жағдай жасаудамыз. Әсіресе, бағаның қолжетімділігі жөнінен Мойынқұм ауданы бүгінгі таңда басқа аудандармен бәсекелесе алатын жағдайға жетті.

Қалима Исабаева,
аудан әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы.

Мойынқұм ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support