- Advertisement -

Үйдегі көңіл-күйді базардағы баға бұзады. Астанадағы азық-түлік бағалары

120

- Advertisement -

Осыдан бірнеше күн бұрын ҚР Ұлттық экономика министрлігі өткен алты айдағы халық ең көп тұтынатын азық-түлік өнімдерінің жалпы өсімін жариялаған еді. Министрліктің статестикалық мәлметтеріне сүйене отырып Астанадағы базар бағаларына сараптама жасап көрген едік. Елордадағы ең арзан бағалар сақталған шаруашылық базарындағы ет, ұн, сұйық май, қант, т.б. қатарлы азық-түлік бағаларын өз көзімізбен көріп, базар әкімшілігімен тілдесіп қайттық – дейді BAQ.kz тілшісі.

 Өткен аптада еліміз көлемінде қант тапшылығы біршама білінген болатын. Дегенмен базардағы жағдайдан куә болғанымыздай қант жеткілікті екен. Дегенмен бағасы қымбаттағаны байқалып тұр. Себебі осыдан бір айдың алдында ғана 220-270 аралығында сатылған қанттың бір келісі қазіргі кезде 300 теңгеден беріліп жатыр. Дегенмен әлі де ең сұраныстағы тағам осы қант дейді базар әкімшілігінің қызметкері.

Шапағат базары, азық-түлік бағасы

«Бізде әзірге ешқандай тауар түгелдей дерлік таусылып қалған кезі болған жоқ. Себебі біздің базарға зат жеткізуші делдалдар алдағы уақытта қандай заттың тапшы болатынын алдын-ала айтып отырады. Сол арқылы біз базардағы баға мен заттың толық болуын бақылап отырамыз. Қант тапшылығы сезілген кезде де біз солай жасады. Ал қазіргі кезде қант пен ұнға сұраныс артып тұр. Дегенмен ұнның тапшылығы сезілмесі анық, алда егін жинау маусымы таяп қалды, соған дейін жететін қорымыз бар. Соғым уақытына дейін ет бағасы шамалы көтерілді. Алайда қала бойынша біздің базарда ғана ең арзан ет алуға болады. Себебі біз ет жеткізіп беретін шаруашылықтармен нақты келісім шартқа отырғанбыз» — дейді базар әкімшілігінің қызметкері.

Қашан, қай кезде барсаңыз да адам аяғы үзілмейтін базарда күнделікті ішіп-жейтін азық-түліктің барлығы бар. Сауда жасаушылар да көп. Бұл жерден тұрақты сауда жасаймын деген қала тұрғыны соңғы кезде қанттан басқа заттарға да аздап болсын баға қосылғанын айтады.

«Қазіргі кезде ұн өнімдері қымбаттады. Нанның өзі бірден 80 теңге болды. Бұрын жылқы етінің бір келісін 1100-1300 теңге көлемінде алатын едік. Бүгін 1500 теңгеге алдым. Қоспа қоспай, таза ет қана алғандықтан сонша болды, ал қоспа қосқызып алсам 1300 теңге екен» — дейді базардан ет сатып алған қала тұрғындарының бірі.

Шапағат базары, азық-түлік бағасы

Иә, бұл кісінің «қоспа» деп отырғаны таза ет алған кезде кезде қосып беретін сүйекті ет. Егер сүйекті ет алсаңыз баға шамалы арзандайды.

Қалай десек те «үйдегі көңіл-күйді базардағы баға бұзады» дегендей базар бағасы тұрақты болса елдің алаңдаушылығы азаятыны анық.

Биылғы шілде айының статестикалық мәлметтеріне сүйенсек өткен жылғы осы уақытпен салыстырғанда еліміз бойынша барлық азық-түлік бағасы 16 пайызға дейін қымбаттаған.

ҚР Ұлттық экономика министрлігінің мәлметі бойынша 2016 жылғы шілде айындағы азық-түлік бағасының қымбаттауы пайызбен берілген.

«2016 жылғы шілдеде азық-түлік тауарларының бағасы 2015 жылғы шілдемен салыстырғанда 15,9%-ға өсті. Баға қантқа 65,4%, жармаларға – 40,4%, кофе, шай және какаоға – 31,3%, май және тоң майға – 28,6%, нанға – 27,1%, кондитерлік өнімдерге – 22,4%, балық және теңіз өнімдеріне – 21,5%, жемістер мен көкөністерге – 20,7%, тоқаш және ұн өнімдеріне – 17,3%, макарон өнімдеріне – 16,7%, ұнға – 12,4%, алкогольді ішімдіктерге – 11,8%, сүт өнімдеріне – 8,3%-ға жоғарылады.

Аталған кезеңде ет және ет өнімдері бағасының өсімі 6,3%-ды құрады. Құс етіне баға деңгейі 16,1%, шұжық өнімдеріне – 8,9%, сиыр етіне – 4,4%, шошқа етіне – 2,8%, қой етіне – 2,3%, жылқы етіне – 1,5%-ға жоғары болды»- делінген хабарламада.

Ал төменде азық-түлік бағалары 02.08.2016 күнгі көрсетілім бойынша

Астана қаласындағы коммуналдық базардағы баға

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support