- Advertisement -

Намысын қолдан бермеген

126

- Advertisement -

Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаров

Тәуекел түбі – жел қайық

Ол Лондон Олимпиадасында қола жүлде иеленгенде, қуаныштан жүрек атқақтап, экспромт өлең де жазған едім.
«Көтерсең көтер, жер көкке нарды,
Лондонға бәрі жеңбекке барды.
Алдыңда сенің әлем үздігі,
Шахиннің өзі еңбектеп қалды!
Ұлының білсе ұяда парқын,
Жаманаттарға қия ма халқым?
Жеңеді Ақжүрек, себебі оны,
Күтіп тұр әлі Риода алтын!!!» –
8BztYZE++fciQ d_nxKz11B++lE HMojtZumo++Cwдеген шумақтар бар еді сол жылдам жазылған өлең жолдарында… Бәлкім, Ақжүрек шын мәнінде алтын жүлдені Риода алар ма еді?! Егер ФИЛА еркін күрестен қалыптасқан салмақ дәрежелеріне өзгеріс енгізбегенде…
Лондон Олимпиадасында еркін күрестен 66 келі салмақ дәрежесінде қола жүлдені қанжығаға байлаған Ақжүректің алтыны Бейжіңде ме еді, кім білсін?! Әйтеуір, Бейжің Олимпиадасына Ақжүрек Таңатаров қатысады дегенді естігенде кәдімгідей толқығанбыз. Бірақ, олай болмай шықты. Ол туралы батыр ұлдың өзі былай дейді.
– Олимпиадаға Спиридонов барды. Леонид Азияда өткен лицензиялық турнирге қатысып, жеңіліске ұшырағаны есте шығар. Арада аз уақыт өткен соң Швейцариядағы әлем чемпионатына сол Леонид Спиридонов қатысатын болып шешілді. Мен Польшадағы додаға қатысуым керек. Алайда Швейцариядағы аламанның басталуына аз күн қалғанда менің баратыным нақтыланды. Қатардағы көп жарыстың бірі емес, әлемдік дода болғандықтан соған тыңғылықты дайындалуың, бабыңда болуың керек қой. Бірақ оған уақыт тығыз. Оның бәрін былай қойғанда, жолдама сарапқа салынады. Сонымен «Тәуекел түбі – жел қайық» деп бардым. Бастапқы екі қарсыласымды жарыс жолынан тайдырып, аламанды сәтті бастадым, алайда үшінші кездесуге келгенде түлкібұлаң басталды. Боз кілемге мені шақыртып алып, салмағы ауыр балуандарды белдестіреді. Кілемге шығып тұрып, кейін қайтарады. Осылай бірнеше мәрте қайталанды. Бұл психологияға әсер етпей қоймайды екен. Айтып-айтпай не керек, шамам келетін армян балуанына жол беріп қойдым. «Жеңілгеннің сөзі құрсын» демейді ме?
Польшадағы жарыстан Леонид лицензиямен оралды. Әуел баста лицензияны кім алса да, өзара айқаста жеңгендерің Олимпиадаға барасың делінген. Шешуші айқас Ресейде өтеді деп шешілді. Онда салмақ өлшеу рәсімі өтетін күні Леонид келіп тұрып, «қазір келем» деп жоқ болды да, ақыры жарысқа қатыспады. Ол жарыста жеңіске жеттім. Бейжіңге мен баратын болдым. Өзіміздің облыстық әкімдіктен құттықтау алып, қуанышым қойныма сыймай, шаттанған да едім. Олимпиадаға тыңғылықты дайындық жасап жүргенде ұлттық құрама басшылары Пекинге Леонид Спиридонов баратын болды деп қойып қалды. Ал мен алдыма 66 келі салмақта ел қоржынына медаль саламын деген мақсат қойған едім. Шоқан Нәдірбековтей нар ағамның жүйкесіне осы кезде салмақ түсті. Осы жылы Шоқан аға бақилық болды, – дейді Ақжүрек өткен күндер хақында сыр шертіп.

«Спиридоновты
сабасына түсіргенмін»

1986 жылдың 3 қыркүйегінде Тұрар Рысқұлов ауданының Құмарық ауылында дүниеге келген Ақжүрек он жасқа толған шағында ата-анасы Тараз қаласына көшіп келеді. Баласының спортқа ебі бар екенін аңғарған әкесі Достық Таңатаров оны Шоқан Нәдірбековтің қол астына жаттығуға береді. Алғашқы бапкерімен талай биіктерді де бағындырған.
Лондон Олимпиадасының алдында Ақжүрек Ирандағы Тахти жүлдесі үшін өткен жарыста үшінші орын иеленсе, Польшадағы халықаралық жарыста да осы нәтижесін қайталайды. Ал Азия чемпионатында күмістен алқа тағынып, Лондон Олимпиадасына жолдама еншілейді. Лондоннан кейін Германияда өткен халықаралық жарыста кейіпкеріміз қарсы келгенді алып та, шалып та жығып, топ жарады. Кейіннен Д. Қонаев атындағы турнирде де Ақжүрекке тең келер қарсылас табылмаған.
Ақжүректің көзінде жасын атып тұрады. Мінезі де тік. Бір қарағанда, бала кезінде сотқар болған ба деп те ойлайтынбыз. Иә, кейіпкеріміз шын мәнінде де төбелеске жақын болған екен. Ағасы Ақниет екеуі спорт интернатының балаларына қысым көрсетіп, ақша талап ететін қалалық «мен» деген жігіттерді сабасына түсірген кездері де бар. Одан бөлек, ұлттық құрамадағы басты қарсыласы, легионер Леонид Спиридоновты да «нокаутқа» жібергенін білеміз. Ол туралы Ақжүрек: «Қайбір жылы Бішкекте халықаралық дода өтетін болып, балуандар қырғыз еліне жол тарттық. Сонда менің салмағымда Бейжіңге барған Леонид Спиридоновпен төбелесіп қалдым. Қасымызға ілескен інілерімізге өзінің «мықтылығын» көрсетіп, қол жұмсап үлгерді. Сол кезде бір үлкен кісілер «бір якуттың баласы қазаққа қол көтергенде неге үнсізсіңдер?» деді. Ұлтшылдығымнан емес, қазақы патриоттығымнан шығар, әйтеуір, көкейде намыс шіркін атой салып, Леонидті ұрып құлатқаным бар. «Сен неге өзіңнен кіші менің бауырларыма қол жұмсап шіренесің?» деп, оны орнына «қойып» қойдым. Кейіннен ұлттық құрама басшылары мені командадан аластады. Мен де шартпа-шұрт мінезіммен кеттім де қалдым. Алайда арада 5-6 сағат өткен соң қайта шақырып алды. Леонидпен де дос болып кеттім», – дейді Ақжүрек өткен шақ жайлы ой толғап.
Айтпақшы, Бейжің Олимпиадасының алдында журналистер Ақжүректен Леонид Спиридоновтың Олимпиададағы мүмкіндігіне қатысты сұрағаны есте. Сонда Таңатаров: «Леонид Спиридонов жартылай финалға да шыға алмайды. Оны жақсы білемін. Белдесудің соңғы сәттерінде тым босаңсып кетеді», – деп өз пікірін ашық айтқан болатын. Шынында да Ақжүректің айтқаны айдай келіп, Спиридонов сол додада ұзаққа шаба алмаған-ды.
Ақжүрек Лондон Олимпиадасында алдымен Андрей Квятковский деген украиналық балуанды 3:1 есебімен жарыс жолынан ығыстырып, 1/4 финалда армениялық Дэвид Сафарьяниді 3:2 есебімен ұтты. Ал жартылай финалдағы триллерге толы шайқас еркін күрес спорты жанкүйерлерінің жадынан өшсін бе?! Үндістандық Сушил Кумармен белдесіп жатқан Ақжүрек тізгінді қолға алғанда, қулығы басым Кумарыңыз батыр ұлдың құлағын қыршып алды. Осы сәтте не болғанын түсінбеген Таңатаровқа Кумар әдіс те жасап үлгерді. Құлағынан қан саулаған Ақжүрек қарсыласынан қаймыққан жоқ. Арыстанша алысты. Алайда 3:1 есебімен алдыға шыққан үндістандық балуан басымдықты уысынан шығарған жоқ. Қола жүлде үшін өткен белдесуде Ақжүрек Таңатаров шалт қимылдарының арқасында әлем үздіктерінің бірі, түркиялық Рамазан Шахинді 3:1 есебімен тізе бүктіріп, мерейімізді тасытты. Олимпиададан елге оралған батырға облыс басшылығы құрметін де, cый-сияпатын да аяған жоқ. Өзі туған ауданның атқамінерлері де батыр ұлына сый-сияпат жасады.
Лондон Олимпиадасынан кейін ФИЛА салмақтарды қайта жасақтады. Нәтижесінде Ақжүрек белдескен 66 келі салмақ дәрежесі алынып тасталды. Одан төмен салмаққа түсу өзіңді жау қолына тірідей ұстап берумен тең екенін түйсінген Ақжүрек 70 келіде белдессем бе, 74 келіде күрессем бе деген ойдың жетегінде жүрді. 70 келі салмақ дәрежесі Олимпиада ойындарының бағдарламасында жоқ. Содан нар тәуекел деп, 74 келіде боз кілемде бағын сынап та көреді. Алайда бірден екі салмақ дәрежесіне көтерілу жерлесімізге ауыр соқты…

«Әлем чемпионатынан
кейін күреспен қош
айтысуым мүмкін»

Ақжүрек қазір немен айналысып жүр? Алдыға қойған мақсаттары қандай деген оймен балуанға хабарласқанымызда, әлі де спорттан қол үзбегенін білдік.
– Ақжүрек, ФИЛА салмақ дәрежелеріне өзгеріс енгізген соң, сенің жоспарың кілт бұзылған шығар. Әйтпесе Риода алтын алуды көздегенің бізге мәлім… Жалпы, қазір спорттасың ба? Әлде кәсіби мансабыңды сәтсіздіктерден кейін аяқтадың ба?
– Қазір жаттығуымды жасап жүрмін. Негізінен Алматыдамын. Олимпиада туралы айтар болсам, басқаларға салмақ қосу оңай шығар, мен үшін 74 келіде белдесу қиынға соқты. Қажетті салмақты жинақтай алмадым.
– 74 келіде белдесу қиынға соқты, 70 келі Олимпиада бағдарламасына енбейді. Ендігі мақсат не?
– Ендігі мақсат алдағы әлем чемпионатына қатысып, күшімді байқап көргім келеді. Осы әлем чемпионатынан кейін спортпен қош айтыссам ба деген де ойым бар. Кім біледі, мүмкін солай болатын шығар…
– Ақжүрек Таңатаров әлем чемпионатында алтын жүлде алса да спорттық мансабын аяқтайды ма, әлде салмақ қосу мүмкін болып жатса, Токио Олимпиадасына 74 келіде қатысудан үмітің бар ма?
– Нақты айту қиын, шыны керек. Бұл әлем чемпионаты Олимпиада ойындарына кірмейтін екі салмақ бойынша өтеді. Бәрі де мүмкін ғой. Бірақ, 74 келіде белдесу оңай емес. Салмағым жетпейді. Егер спорттық бабым керемет болып жатса, салмақ қосу мәселеге айналмаса, спорттық мансабымды жалғастыратын да шығармын. Бәрін бір Алла біледі ғой…
Лондон Олимпиадасында қарсыластарының мысын басып, қола жүлдеге қол жеткізген Ақжүрек Таңатаров – бүгінде төрт баланың әкесі. Анығырақ айтсақ, үш қыз, бір ұлы бар. Үлкені Есугей және үш қызы Айзере, Медина, Мәриям әкесінің мықты спортшы екенін мақтан тұтары анық.
Бейжің Олимпиадасына қатысу мүмкіндігінен әлдекімдердің ықпалы салдарынан айырылған Ақжүрек Таңатаров ең бастысы кеш те болса Олимпиада ойындарының жүлдесін мойнына ілді. Ол жүлде – талайлардың арманы. Ал алдағы Токио Олимпиадасына Ақжүрек қатыса ма, қатыспайды ма, ол уақыттың еншісінде. Бізді қуантқаны – Ақжүректің әлі күнге жаттығу залында жүргені. Демек, Таңатаровтың арайлы таңдары әлі де алда деп үміттенуге негіз бар.

Табиғат Абаилдаев,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support