- Advertisement -

Ежелгі жібек жолының бойымен 9000 шақырым сапар

108

- Advertisement -

«Жібек жолы – 2016» ралли додасын ұйымдастырушылар Гиннестің рекордтар кітабына енуді көздеп отыр

3 13717184_1750741851++831978_1694455753_n.mp4 13717184_1750741851831978_1694455753_n.mp4Бүгінгі таңда әлем назарын өзіне қаратқан «Жібек жолы – 2016» халықаралық раллиі – әлемдік автоспорттағы ең маңызды іс-шара­лардың бірі. Екі жылдық үзілістен кейін қайта жанданған ралли-марафон шілденің 8-і күні Мәскеудің Қызыл алаңында басталып, аталған айдың 24-і күні Қытайдың Бейжің қала­сында мәресіне жетпек.

Бұрылбайтал ауылынан шығысқа қарай 24 шақырымдай жердегі тарихи аумақ саналатын Аңырақай даласында Мәскеу – Астана – Пекин бағытымен «Жібек жолы – 2016» Халықаралық раллиінің 6 кезеңі басталды. Оған әлемнің 30 елінен шыққан 116 спорттық экипаж қатысты. «Жібек жолы» раллиіне қатысушылар Қостанай, Астана, Балқаш және Алматы қалаларын басып өтеді. Шараға еліміздің Автомобиль спорты федерациясы мен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры қолдау білдіріпті.
Автораллиге қатысушыларды Бұрылбайтал ауылының тұсында облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков бастаған топ қарсы алды. Бекболат Серікбекұлы өз сөзінде: «Мәскеу қаласынан бастау алған «Жібек жолы – 2016» раллиі Ресейдің даласы мен тауын, табиғаты әртүрлі аймақтарын басып өтіп қасиетті Қазақстан жеріне жетті. Өздеріңізге белгілі, Ұлы Жібек жолы – жиырма ғасырдан астам уақыт бұрын Шығыс Азияны Жерорта теңізімен байланыстырған дәліз. Ал бүгінгі халықаралық ралли жобасы – бұл Ұлы Жібек жолы бойындағы мемлекеттердің саяси келісімін, сауда байланысын, қаржылық ағындары мен гуманитарлық ынтымақтастығының дәлелі екені анық. Осындай деңгейі биік жарыстар мемлекеттер арасындағы достықты нығайта түседі», – деп қатысушыларға сәттілік тіледі.
«Жібек жолы–2016» раллиі додасында бақ сынаған автошабандоздар орташа алғанда сағатына 200-250 шақырым жылдамдықпен жүреді. Қонақтардың тынығып алуына барлық жағдай жасалды. Оларға қазақы салтпен Мойынқұм, Қордай, Шу аудандарының өкілдері киіз үйлер тігіп, ұлттық тағамдар ұсынып, әсем әндер шырқады. Ал Тараз қаласынан «Би Дәулет» ЖШС ұлттық оюмен өрнектелген дорба, камзол, шапан, сырмақ, қамажай көйлектерін саудаласа, «Рысбаева и К» ЖШС үш тілде шығарылған Жамбыл облысының тарихы туралы кітапты, шежіре, күнтізбе, «Қазақ хандығына – 550 жыл» тұмаршаларын, «Мен Қазақстанды сүйемін» ұран сөздері жазылған кеудешелерді сатылымға шығарды. Қордай ауданы атынан тігілген киіз ішінде тұрған қамшы, түлкі, қасқыр терілері, абдыра, төр көрпелер, ханға арналған бөстек, қоржын, ерлер және әйелдер бұрышы, түскиіз, сырмақ, ыдыс-аяқ қоржыны, ұлттық тағамдар және Кенен Әзірбаевтың портреті мен өзі пайдаланған сыр сандығы келген қонақтарды тәнті етті.
Басшылар «Жібек жолы» раллиі жобасының менеджері Владимир Чагинге және «Жібек жолы–2016» халықаралық ралли бағыты қауіпсіздігі жөніндегі директорының орынбасары Сергей Мишинге шапан жауып «Тараз – Жібек жолының інжу-маржаны» атты кітаптарды сыйға тартты.
Аты аңызға айналған «Дакар» раллиінің ұзындығы 9300 шақырым болса, «Жібек жолы» раллиі 10735 шақырымды құрап отыр. Сондықтан раллиді ұйымдастырушылардың айтуынша, олар жарысты Гиннестің рекордтар кітабына енгізуді жоспарлап отыр. Старт басталар уақытта бірінші қазақстандық команданың пилоты Айдын Рақымбаевпен сұхбаттасудың сәті түсті. Оның айтуынша, «Жібек жолы» жарысы бірнеше мәрте өткізіліп келеді, алайда оның ауқымы биылғыдай ешқашан болған емес. «Мен осымен Мойынқұм ауданына үшінші рет келіп тұрмын. Алайда алда не қиындық күтіп тұрғаны белгісіз. Бұл жарысқа атағы алысқа кеткен әлем командалары, ең танымал шабандоз Себастьян Лёб, әлемнің 13 дүркін чемпионы Стефан Петрансель, атағынан ат үркетін Сириль Депре секілді мықтылар қатыспақ. Бірақ мен бұл жарыста алдыңғы орындардан көрінуге бар күш-жігерімді саламын», – деді ол. Біз де Айдынға рух беріп, қолдан келгенше қошемет көрсеттік. Шын мәнісінде, жүрген ізінен шаңы ғана қалатын автошабандоздардың жұмысы жеңіл емес.
Айта кетейік, раллиге қатысушылар 16 шілдеде Қазақстан шекарасынан өтіп, Тянь-Шань жоталары арқылы Қытайға жетеді.

Уалихан Жайлау, 
«Ақ жол».

Мойынқұм ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support